• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Сәуір, 2022

Сенаторлар: Референдум – тарихи-саяси шешім екені даусыз

494 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысына Сенат депутаттары қолдау білдіріп, пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық. Мемлекет басшысы Қазақстанды демократиялық құндылықтар негізінде нығайтуға мән беріп отыр. Президентіміздің тікелей бастамасымен қолға алынған реформалардың дені саяси трансформацияны көздейді. Конституциялық өзгерістерді тұтас ұлттың талқысына салу бастамасын да демократияға негізделген саяси жаңарудың белгісі деп қабылдаймын», деді сенатор Бейбіт Исабаев.

Ал, сенатор Мұрат Бақтиярұлы өз кезегінде осындай референдумның 27 жыл бұрын өткенін айта келіп, ол кезде қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданғанына тоқталды.

«Шынында да екінші Конституцияны 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Содан бері 27 жыл уақыт өтіпті. Оған қаншама өзгертулер енгізілді. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Президенттің басты ұстанымы халықтың үніне құлақ асатын бір - біріне  тәуелсіз Атқарушы, Заң шығарушы және Сот билігін орнату. Бүкіл өркениетті елдердің ұстанымы осындай. Демократияның бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан да президентіміздің жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға өзгерістер енгізу ұсынысы - келешек тарихи-саяси шешім болып қалатыны сөзсіз», деді ол.

Сенатор Ақмарал Әлназарова өз кезегінде Конституцияға енгізілу жоспарланған бұл түзетулер іргелі сипатқа ие екенін және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.

«Өз басым бұл ұсынысты құптарлық деп көрем, себебі бұл референдум Президентіміздің «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының жалғасы ретінде сияқты. Ондағы басты идея азаматтың мүдделері басты орынға шығатын, онда мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара әрекеттесе отырып, азаматтардың шешім қабылдау және олардың бақылау процесіне тартылуына мүмкіндік беретін кедергісіз мемлекет құру деп білемін», деді сенатор.