• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Президент 03 Мамыр, 2022

Татулық – Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістігіміз

1146 рет
көрсетілді

Мемлекет бас­шысы Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы­ның «Ел бірлігі – жа­ңар­ған Қа­зақ­станның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмы­сына қатысты.

 

 «Бірлігіміз – әралуандықта»

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зінде Ассамблея сессиясын Қазақ­стан халқының бірлігі күні қар­саңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор сим­волдық мәні бар екенін атап өтті.

– Бірлік, татулық және бей­бітшілік – біздің мызғымас құн­дылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердің туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.

– «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқа­шан өзгермейді. Біз жас ұрпақ­ты нағыз отаншыл азамат етіп тәр­биелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Ас­сам­блея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді.

– Қазақстан халқы Ассам­блея­сы жаңа жағдайда біздің бей­бітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын бел­гілеу. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағи­даты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұста­намыз, – деді Мемлекет басшысы.

Негізгі басымдықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізгі құ­раушы басымдығын айқын­дап берді. Біріншісі – саяси рефор­маларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту.

– Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәр­тібінен алынуына сеп­тігін тигізеді. Осы ретте Ассам­блея­дан ұсынылған сенаторлар жал­пыұлттық интеграция мен этно­мәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этностық топ­тардың барлық мүддесін тиімді қарастыратын болады. Мұн­дай модель Қазақстанның парла­менттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігіне сай келеді, – деді Президент

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат де­путаттығына ұсынылатын үміт­керлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет еке­нін атап өтті. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрі­ніс табуға тиіс.

– Партиялық және сайлау жү­­йе­лерінің реформасы барлық аза­маттың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этностық әралуандығын шынайы түрде көрсетеді. Сонымен қа­тар этносаралық факторды саяси­лан­дыруға және бұл тақырып бо­йынша арандатушылық сипаттағы тал­қылауларға да мүлде жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жо­март Тоқаев.

Президент бұл бағытта Ассам­б­лея тарапынан түсіндіру жұ­мыс­тары кең көлемде жүргізілуі қажет деп санайды.

– Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен бай­ла­ныс­тыруы аса маңызды. Бұл – Тәуел­сіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақ­­ты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бір­лігін аса маңызды санайтын аза­мат­тар­дың партия ішіндегі дауы­сы­на басымдық беріледі, – деді Мемлекет басшысы.

Ақпараттық жұмыстарды кү­шейту және Қазақстан халқы Ас­самблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі екінші басымдық ретінде аталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек. Бұл – аса маңызды.

– Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пай­да­ланылмауы керек. Оған жол бе­руге болмайды. Мұндай арандату­шылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ аран­дату­шылар қайда тұрса да, қандай құжат­тармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігі­мізге нұқсан келтіріп, мемлеке­тіміздің дербес саясат жүргізу құ­қығын бұза алмайды. Бейбіт­­шілік пен тұтастық – басты құнды­лы­ғымыз, онсыз болашақ жоқ еке­­­нін бәрі есте ұстауы керек. Біз­д­ің Қазақстаннан басқа Ота­нымыз жоқ, болмайды да, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алуан түр­­­лі мәдениетімізді таны­та­тын бірегей ақпаратты кеңінен тара­ту­ға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі. 

Жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделі

Қасым-Жомарт Тоқаев ке­лесі айда жаңа диалог алаңы – Ұлт­тық құрылтайдың алғашқы оты­рысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзек­ті мәселелерін талқылау үшін қо­ғамды жұмылдыруға бағытталған.

– Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрыл­тайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс сала­сының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі түп­теп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жас­тардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға не­гіз­делген кәсіби келіссөз жүр­гізу­ші­лердің бірегей институ­тын қалыптастыруға кірісті.

– Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курс­тарын ұйымдастырып, аудан­­дық деңгейдегі мемлекет­тік қыз­мет­шілердің басым бөлігі даяр­лықтан өтуге тиіс. Ақпа­рат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министр­лік­теріне Мем­лекеттік басқару ака­де­миясымен, ҚХА Хатшылығымен және басқа да уәкілетті орган­дар­мен бірлесіп, осы мәселе жөнінде жүйелі ұсы­ныстар енгізуді тапсы­рамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Республикалық референдум өткізу ұсынылды

Президент Қазақстан қоғам­ның барлық саласы батыл өзге­ріс­тер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конс­ти­ту­цияға елдің саяси жүйесін түбе­гей­лі өзгертетін толық­ты­ру­лар енгізу туралы бастама көтерілді.

– Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа фор­ма­тына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзе­ту­лер әзірледі. Бұл – тұтас Консти­ту­ция­ның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жо­басы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл мемлекеттілігімізді дамы­тудың жаңа кезеңін білдіреді.

– Осы реформалар қолға алын­ған кезде Конституцияға енгі­зілетін өзгерістер мен толық­ты­ру­лардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орнық­қан рәсімнің бірі.   Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демо­кра­­тиялық институт. Алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конс­титуция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Респуб­ли­калық референдум туралы» Конс­ти­ту­циялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қара­мастан, ол іс жүзінде қолда­нылған жоқ. Конституцияны жалпы­ха­лықтық дауыс беру арқылы өзгер­ту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағ­ды­рын шешуге тікелей қаты­суға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жаңа Қазақстан де­геніміз, шын мәнінде, Әділетті Қа­зақ­стан екеніне тағы да тоқтал­ды.

– Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлт­тық бірегейлігімізді нығай­ту­дың жолы. Жаңа Қазақ­стан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайды. Азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, қандай да бір саяси шешімдер мен эконо­ми­калық тетіктер де елімізді жаңар­ту­ға қауқарсыз. Жаңа Қазақ­станды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет. Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбе­гейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің террито­риясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар дог­ма емес, ол азаматтардың өзек­ті мәселелерін шешу үшін же­­тіл­­діріліп отыруға тиіс. Заң, әділ­дік және тәртіп біздің бақуат­ты өмірі­мізді айқындайтын нақты фак­тор­ларға айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен се­німді нығайту қажет екеніне ар­найы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет.

– Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі  айыр­ма­шы­лықтарға қарамас­тан, бір-бірі­мізді түсінуге және құр­мет­теуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қа­жет. Біздің «Әртүрлі көзқарас бір­­тұтас ұлт» деген қағидамыз мыз­ғымайды. Патриотизмнің жо­ғары құндылықтарын ұлт­ара­лық артықшылық сезімімен алмас­­тыруға, достық пен бірлік­тің орнына бір-біріне деген өшпен­ділікке жол берілмейді, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы төзбеу­шілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрі­ні­сінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бір­лескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді.

– Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бір­ге өркендетеміз! Әр азаматқа бір­­­дей мүмкіндік беретін  әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жат­қан Қазақстан халқының бір­лі­гі күнімен және Ораза айт ме­реке­сімен құттықтаймын!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессия барысында Л.Н.Гу­ми­­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің кафед­ра мең­ге­рушісі Наталья Калаш­ни­кова, «Қазақстан корей­лері қауым­дастығының» президенті Сергей Огай, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин, саяси шолушы Никита Шаталов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Азаттық Рухы» агенттігінің тілшісі Надеж­да Палинка, «Ахыска» түрік этно­­мәдени орталығы» рес­пуб­ли­калық қоғамдық бірлес­т­ігі­­нің Нұр-Сұлтан қалалық бөлі­мі­нің төрағасы Әскер Пириев және музыкант, блогер Алексей Лодочников сөз сөйледі. 

Өзгерістердің басты тетігі – білім мен ғылымда

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің про­рек­торы Дихан Қамзабекұлы елі­міз­дегі өзгерістердің басты тетігі бі­лім мен ғылымда екенін атап өтті.

– Жаңа Қазақстан үшін ел бір­лігі мен мемлекетшілдік – ма­ңыз­­ды іргетас. Наурыз айын­да­ғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жол­дауыңызда мемлекеттік мүдде жолында эт­нос­тар ұйысуын – «ау­қымды өзге­рістердің жүруін тезде­тетін» фактор ретінде байыпта­дыңыз. Ең бастысы, Жаңа Қазақ­станның мәні айқындалды. Ол, бірін­шіден, елдік қауіпсіздікті қанағат­тандыратын; екіншіден, аза­мат­тардың әлеуметтік баста­маларын қолдайтын кешенді ре­кон­струк­ция. Қазақша айтсақ, қайта құ­ры­лымдау. Жалпы өзгеріс тетігі – білім мен ғылымда. Бұл ретте зиялы қауым, әсіресе білім-ғылым саласы мамандары Президент бастаған реформалардың маңызын жете түсініп, оны кәсіби құзыреті деңгейінде жүзеге асыруға даяр екенін жеткізгім келеді, –  деді Д.Қамзабекұлы.

Сондай-ақ Дихан Қамзабекұлы ұлттық ұйысудағы маңызды қағидаттарға тоқталып өтті.

– Бірінші қағидат – елдік, мемлекетшілдік. Біз, әрбіріміз, белгілі бір отбасыда өмірге келдік, белгілі бір ортада өстік. Бірақ келе-келе қоғам қайнауында елдік құндылықтарды сіңірдік. Жоғары білім алып, жетілдік. Біздің бір кездегі отбасы мен ортада алған тәліміміз – Отан мен мемлекет мүддесіне дейін көтерілді. Әлем­дік парасат өресінде ұлт пен мемлекет – бір ұғым. Біз үшін, жаңа Қазақстан үшін «түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» деңгейі – басты бағыт. Ел мен жер тұтастығы да осының ішінде. Әрине, бұған бірінші кезектегі жауапты – қазақ жұрты. Елді тұтастыратын қазыққа айналу үшін өзіміз ашықтықтың, беріктіктің, мемлекетшілдіктің өнегесі болуға тиіспіз.          Екінші қағидат – қоғамның жоғары мәде­ние­ті. Қазақстан халқы Ассам­блеясы мұраты тұрғысынан айт­қан­да, әр этностың костюмі, дәм мәзірі – этностанудың бергі жағы ғана. Оның арғы жағы не­ме­се тереңі – әр этнос ғұла­ма­ла­ры­­ның даналығын, филосо­фия­­лық ой-толғамдарын білу, түй­сіну және насихаттау. «Тау­ларды аласартпай, Даланы асқақ­татудың» мәні осында. Осының бәрі – жаңа Қазақстан қоғамын үйлестіруші күш. Жоғары мәде­ниет өзегі. Үшінші қағидат – еңбек құндылығы және барды ұқсату. Қазақстан қоғамы істің көзін табатын кәсібилікке зәру. Ел еңсесін көтеретін жұмысқа, білікті мамандарға зәру. Қызылордада жаңа ғасыр ауылын жасаған Абзал Ерәлиев пен Ақмолада «Роди­на» агрофирмасы аясында зама­науи село қалыптастырған Иван Сауэр тәжірибесі – көпке үлгі. Әрбір салада, әрбір істе осын­дай бастамашылдықты ынталан­ды­руымыз керек. Әсіресе, сол­түстік өңірлер мен шекаралық аймақ­тарда, тағдыры ауыр моноқа­лаларда, – деді Д.Қамзабекұлы.

Жоғары оқу орнында 30 жыл­дай қызмет еткен ғалым бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Біріншіден, біз, білім саласы мамандары, жастардың бойында «қоғамға деген жауапкершілік иммунитетін» қалыптастыруды кәсіби борыш санауымыз қажет. Екіншіден қазір елдегі этнос­тар­дың санын айту, жарнамалау көкейкесті емес, «Қазақстан біртұтас!» деген ұғымды, түсі­нік­ті орнықтыру көкейкесті. «Қа­зақ­станда ешкім тегі­не, жынысына, ұлтына, нәсі­ліне, тіліне, дініне қарап бөлін­бейді!» деген шынайы тезис мәнді. Үшіншіден «Флексикьюрити» (flexicurity) прин­ципіне сүйенген еңбек на­ры­ғы реформасын жүр­гізу. Мұның мәні – еңбек күшін әлеу­меттік тұрғыдан қолдау арқылы икемді ел экономикасының дамуы­на қа­жетті жұмыстарға тарту. Төр­тін­шіден, жастарды жаңа істерге жігерлендіру үшін қо­ғамда елшіл ата-ана қалыптас­тыруға айрықша мән беру қажет деп есептейміз.  Бұл – білім, мәде­ниет, билік орындары бірлесіп атқа­ратын кешенді шара. Мысалы, елор­дадағы музейлерге, қазақ, орыс теа­трына бірде-бір рет барма­ған ата-аналар аз емес. Ата-ананың жүрек көзі ашылмаса, баланың жүрек көзі қалай ашылады? – деп түйіндеді Дихан Қамзабекұлы. 

Қазақ тілі қоғамның негізгі тіліне айналып келеді

Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының» вице-президенті Максим Рожин шетелдік саясат­кер­лердің Қазақстанда орыс ті­лі­не және өзге де тілдерге қа­тысты үрей бар деген уәждерін наразылықпен қабылдайтынын мәлімдеді.

– Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан кез келген этносқа өзінің тілін, өзінің мәдениетін білуге барлық жағдай жасалған. Оның бір дәлелі, елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттік бюджет қаржысынан балаларды туған тілінде оқытуға ақша бөлетін елдер саусақпен санар­лық шығар. Менің ойымша, Қазақстан – сондай мемлекеттердің бірі. Оған біздегі орыс тілінде, ағылшын тілінде, неміс, өзбек тілдерінде білім беретін мектептер мысал бола алады. Сондықтан мен шетелдік саясаткерлердің Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты үрей бар деген уәждерін наразылықпен қабылдаймын. Мен тегі орыс қазақстандық ретінде ондай репликаларға жол жоқ деп есептеймін. Бұл еліміздегі шынайы көріністі бұрмалап көрсету екеніне сенімдімін. Біз қазір Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы арқы­лы тілге арналған жобаны бастап жатырмыз. Бұл жоба көр­некі ақпарат туралы заң­ның талаптарын шағын және орта бизнеске түсін­діріп, орындауға ерікті түр­де көмек­теседі. Қоғам қазақ тіліне көшіп жатқанда бұл талап мем­ле­кеттік қызметкерлер үшін де күшеюі керек деп санаймын. Се­бе­бі қазақ тілі қазір қоғамның негізгі тіліне айналып келеді. Бұл – халықтың талабы. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер үшін қазақ тілінен тапсыратын емтихан нәтижесі есептелуі керек, – деді Максим Рожин.

«Ахыска» түрік этномәдени орталығының Нұр-Сұлтан қа­ласындағы филиалының төрағасы Аскер Пириев саяси жүйеден бас­тап, елдің құрылымын өзгертуге дейінгі мәселелерде белсенділік танытып, реформаларды толық жүзеге асыру керектігін айтты.

– Қазіргі таңда Конс­титу­циялық Кеңес үлкен өзге­рістер топтамасын қарас­тырып жатыр. Елдің Ата Заңына 30-дан астам бапқа түзету енгізіліп, 20-дан астам заңның әзірленуі күтілуде. Бұл өзгерістер саяси жүйе­ден бастап, елдің құ­ры­лы­мын өзгертуге дейінгі мә­се­лелерді қамтиды. Аталмыш ре­формалар азаматтарымыздың өмірін жақсартып, әр адам­ның бақытты болашағын қалып­тас­тыруға бағытталған. Біз өзіміз үшін ғана емес, ұрпағымыз үшін шаңырағы биік, керегесі кең, табалдырығы берік Жаңа Қазақ­станды құруға дайынбыз. Ол үшін әлеуетіміз де, күшіміз де, жігеріміз де жеткілікті. Біз та­рихи сәттерде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара алған халықпыз. Ендігі кезекте бас­тау алған саяси реформаларды аяғына дейін жүргізуіміз керек. Бұл реформалардың мәні мен мақсатын халыққа дұрыс түсіндіру – біздің ортақ тарихи борышымыз. Себебі кез келген табыстың, кез келген тарихи сәттің орнауы ха­лықтың шынайы қолдауы арқылы ғана жүзеге асады. Осы ойымды барлық әріптестерім, этномәдени бірлестіктердің жетек­шілері қол­дайтынына еш күмәнім жоқ. Сон­дықтан бұл бағытта еліне жана­шыр, мемлекетшіл азамат­тардың күш-жігерін біріктіру қажет деп есептеймін. Ал Ассамблеяның құ­рылымдары мен мүшелері ал­дыңғы сапта болуымыз керек. Біз бұл мәселеге Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің әлеуетін де жұмылдыра аламыз, – деді А.Пириев.

Отырыс барысында сөз алған домбырашы, жас блогер Алек­сей Лодочников жастарға арнал­ған мүмкіндіктер мен жастар мәселесіне тоқталды.

– Жастар Ассамблеясында жас­тар тақырыбы белсенді және кеңінен талқыланды. Атап айтқан­да, жастар қауымындағы өзекті мәсе­лелер, жастар белсенділігін да­мыту және олармен жұмыс істеу­дің жаңа жолдары туралы пікір алмасу болды. Осыған орай өз ойларымды ортаға салсам. Ашы­­ғын айтқанда, өз тәжіри­бем көр­сеткендей, елімізде әр азамат­тың қолынан келетін іспен айна­лысуына, өзі қызыққан өнер­ді игеруіне мүмкіндік бар. Дарын­ды жастар мемлекет тарапынан да қолдау тауып жатыр. Мәселен, Жастар кадрлық резервін алайық: 350 жанып тұрған жас маман қазір мемлекет ісіне араласуға жақсы мүмкіндік алды. Жастарға арналған квотаны алып қарайық. Ол жастарға депутат ретінде маңызды қоғамдық мәселелерге араласуға мүмкіндік берді. Бір ғана мысал: өткен жылы ұзын саны 600-ден астам ауыл әкімі сайланды. Үрдіс биыл да жалғасуда. Алда аудан әкімдерін сайлау күтіп тұр. Бұл білімді де білікті жастар үшін таптырмайтын мүмкіндік. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек – бұл өте жауапты іс, – деді Алексей Лодочников.