Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде мамыр мерекесінің қарсаңында заңғар жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдық мерейтойын атап өту бағдарламасы аясында «Ғ.Мүсірепов және заманауи әдебиет, ғылым мен мәдениет» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда облыс әкімінің, университет басшылығының құттықтау хаттары оқылды. Баяндамашылар арасынан алғашқы сөзді Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков алды. «Сөз зергерінің музейдегі мұрасы» деген тақырыпта баяндама жасаған ол Ғ.Мүсірепов еңбектерінің жинақталуы мен алдағы уақытта атқарылар істер туралы айтты. Соның ішінде «Ғабит Мүсірепов энциклопедиясының» дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Жәмбек Сәбит «Ғ.Мүсірепов прозасының суреткерлік бітімі» деген тақырыпқа баяндама жасап, сөз зергерінің сөз ойнату тәсілдерін, бір сөзінің екінші сөзге көлеңкесін түсіру шеберліктерін біршама мысалдарды келтіре отырып, ашты. «Алыптардың ақырғысы» деген тақырыпта баяндама жасаған осы жолдардың авторы Ғабеңнің өмірдегі қол жеткізген табыстары мен қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан үлестері туралы айтты. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қарлығаш Байтанасова, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Гүлнәз Кәріпжанова, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессры Жанар Құлыбекова және т.б. жазушының көркем ойлары мен шебер тілінің қырларын ашуға тырысты. Ал Солтүстік Қазақстан облысы архивінің директоры Сәуле Мәлікова «Данадан қалған рухани мұра» деген тақырыпта баяндама жасап, жазушы мұрасының бүгінгі зерттелуі жайын әңгімеледі.
Конференцияға жазушының інісінің келіні Бикен Сералина қатысып, естеліктер айтты. Жиын жұмысын СҚУ Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанар Таласпаева қорытындылап, айтылған пікірлер мен ұсыныстар бойынша шаралар жасалып, ал баяндамалар жинаққа енгізілетінін айтты. Конференция жұмысына М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы Ақмарал Ыбыраева қатысты.