Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов өткен аптада қаңтар оқиғасы бойынша 12 күдікті қамаудан босатылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сотқа жолданған істер бойынша жәбірленушілерге сомасы шамамен 100 млн теңге болатын зардаптың орны толтырылғанын атап өткім келеді. Бұл полиция қызметкерлерінің ұрланған мүлікті анықтауы және алып қоюы, сондай-ақ айыпталушылардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру, оның ішінде сот тергеуі кезеңінде зардаптың орнын толтырғаны нәтижесінде қамтамасыз етілді», дейді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Айтуынша, өткен аптада 12 күдікті күзетпен ұстаудан босатылған. Яғни, бұлтартпау шарасы өзгертілген.
«Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 333 күдікті осы негіздер бойынша күзетпен ұстаудан босатылды. Олардың ішінде 96 адамды бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. 78 адам кепіл арқылы, 67 адам ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхат арқылы және 11 адам жеке кепілгерлік арқылы бұлтартпау шарасын өзгертуге мүмкіндік алды. Одан басқа соттардың үкімдері бойынша 81 сотталушы күзетпен ұстаудан босатылды», деген ІІМ өкілі Алматыда «Магнум» супермаркетінен азық-түлікті ұрлаған бір күдіктінің де босатылғанын атап өтті.
«Тергеу барысында күдікті толығымен материалдық залалдың орнын толтырды. Соттың үкімімен ол кінәлі деп танылды. Бірақ жәбірленуші тараптан талаптардың болмауы ескеріліп, ол босатылды, дегенмен оған екі жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылды», деді Тергеу департаментінің бастығы.