«Балалар жылы» аясында Шымкент қаласында қазақ күресінен 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер мен 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Біріншілікке 14 облыс пен 3 қаладан 1000-ға жуық балуан қатысты.
Жарыстың шымылдығын ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов спортшыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Ол «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтті. Биылғы біріншілікке қатысып жатқан балғындар Президенттің сенімінен шығып, шыдамдылық пен ептіліктің арқасында биік шыңдарды бағындыра алады деп ойлаймын, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Ал Qazaq kuresi Ассоциациясының бас директоры Ербол Мырзабосынов бүгінгі таңда ұлттық күрестің дамуы туралы тоқталып, жарыстың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі таңда қазақ күресі елімізде, оның ішінде оңтүстік аймақтарда белсенді дамуда. Өзінің ежелгі және берік күрес дәстүрімен танылған Шымкент қаласында бұл жарыстың өтуінің негізгі себебі де осы. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту қажеттігін аз айтқан жоқ. Еліміздің барлық жерлерінде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді, спортпен белсенді айналысатын адамдар көбейді. Ең бастысы салауатты өмір салтының мәдениеті қалыптасып жатыр, – деді Ербол Қуантайұлы.
Жабық жеңіл атлетикалық манеж спорт кешенінде өткен чемпионатта жоғары ұлттық санаттағы төреші Азамат Ерәділов бастаған 50-ге жуық маман төрешілік жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша, 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында Ғалымжан Бекберген (38 кг, Жамбыл обл), Саят Балғабай (42 кг, Түркістан обл), Ернұр Батырғали (46 кг, Түркістан обл), Шерхан Асқарбек (50 кг, Атырау обл), Мағжан Сұлтания (55 кг, Қарағанды обл), Ердәулет Абдумуталипов (60 кг, Қызылорда обл), Темірлан Мәуленқұл (65 кг, Қарағанды обл), Дастан Әшімов (70 кг, Қызылорда обл), Әлішер Слямжанов (75 кг, Маңғыстау обл), Шыңғыс Ержанұлы (75+ кг, Алматы) чемпион атанды.
2005-2006 жылғы жастар арасында барлық белдесулерде қарсыласынан басым түскендер бар. Ұлдар арасында Азамат Әмірхан (65 кг, Шымкент), Олжас Жоспар (70 кг, Жамбыл обл), Дәуірсейітхан Темірхан (76 кг, Түркістан обл), Шахнияз Ағыбаев (82 кг, Қостанай обл) және Сардар Әбдісамитұлы (82+ кг, Түркістан обл) жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Ал 2005-2006 жылғы қыздардың нәтижесі төмендегідей: Сабина Уәлихан (36 кг, Шымкент), Құндыз Алмағанбетова (40 кг, Қызылорда обл), Гүлхан Шыңғысхан (44 кг, Атырау обл), Нұрай Бақыт (48 кг, Қызылорда обл), Ботагөз Әділханова (52 кг, ШҚО), Маулития Әлембекқызы (56 кг, ШҚО), Зарина Мұрадасыл (60 кг, Қызылорда обл), Аниса Ибатолла (60+ кг, Атырау обл) өз салмақтарында жеңіске жетті.
Жарыс ұйымдастырушылары – Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Qazaq kuresi Ассоциациясы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы.