• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Мамыр, 2022

«Қасіретті қаңтар»: 288 қылмыстық іс сотқа жолданды

222 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істерді тергеу барысы туралы арнайы брифинг өткізді.

Бас прокуратура өкілінің мәлім­деуінше, «Қасіретті қаңтар» бойынша қазіргі уақытта сотқа 288 қылмыстық іс жолданған. Оның 208-і Алматы қала­сында, Алматы облысында – 49, Жам­был өңірінде – 10, Шымкент қала­сында – 9, Қызылорда облысында – 5, Түр­кістан облысында – 4, Ақмолада – 2 және Аты­рау облысында 1 қылмыстық іс бар.

Осы істер бойынша 275 адам сот­талса, оның ішінде 22 адам бас бостан­дығынан айырылған. Ал қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар және айыппұл түріндегі жаза қолданылған.

«Жақында ғана қаңтар оқиғасы ке­зінде Қызылорда қаласында сыбайластарымен бірге Ұлттық ұланның «КамАЗ» жүргізушісін қатыгездікпен ұрып-соққан күдіктіге қатысты тергеуді аяқ­тадық. Ол жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери техниканы айдап кетіп, кейіннен көлікті әскерилердің қоршауына бағыттап, өзі кабинадан секіріп кеткен. Жоғары жыл­дамдықпен келе жатқан «КамАЗ» бірнеше әскери қызметшіні басып өтеді. Жүк көлігінің астында қалған қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров сол жерде қаза тапты. Ал күдіктінің бұл әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды», дейді Е.Қилымжанов. Естеріңізге сала кетейік, небәрі 19 жасында опат болған қатардағы жауынгер Мадияр отбасындағы жалғыз перзент болатын.

Бас прокуратураның мәліметіне қар­ағанда, жалпы ел бойынша қаң­тар оқиғалары кезеңінде жаппай тәртіп­сіздіктерді ұйымдастыру және оған қа­тысу бойынша 721 адам күдікті деп танылып, оның 281-і қамауға алынған. Қамауға алынғандардың 82-сі Алматы қаласында болса, Шығыс Қазақстанда – 35, Жамбыл облысында – 44, Шымкент қаласында – 43, Қызылорда өңірінде – 36, Атырау облысында – 14, Алматы облысында – 5 және Ақтөбе облысында 4 адам темір торға жабылған.

Брифинг барысында Е.Қилымжанов Семей қаласы әкімдігін басып алып, «ГАЗель» маркілі полиция көлігін ауда­рып тастаған күдіктілер туралы да айтып өтті. Осы тәртіпсіздікке белсенді қатысқан адамның бірі бұрын сотты болған экстремистік ұйымның мүшесі болып шыққан. «Ол өзгелерді азғырып, әкімдікті басып алуға шақырған. Дауыс күшейткіштің көмегімен семейліктерді өз қатарларына қосылуға шақырған күдік­ті қала әкімдігін басып алуды ұйым­дас­тырушылардың бірі болған. Оның бұл іс-әрекеттері видеоға жазылып қалған», дейді спикер.

Ақтөбе қаласында да облыс әкімдігіне шабуылдаушылардың бірі ұсталған. «Қасіретті қаңтар» күндері ол WhatsApp арқылы 300-ден астам адамды жинап, әкімдік ғимаратын басып алуға белсенді қатысқан. «Осы топтың шабуылына той­та­рыс беру кезінде құқық қорғау ор­ган­дарының 31 қызметкері ауыр дене жарақатын алды. Қазір күдікті мен оның сыбайластары сот санкциясымен қамауда отыр», деп хабарлады Е.Қилымжанов.

Қылмыстық істі тергеу барысында Шымкент қаласының прокуратурасы 6 қаңтарда қала ішінде «ГАЗель» көлігімен жүріп, полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын қиратып, істен шығарып отырған 2 қылмыскерді анықтаған. Ал Алматы қаласында дәл сол күні «Көктөбе» телемұнарасын басып алмақ бол­ғандардың бірінің жеке тұл­ғасы анықталған. Стратегиялық нысанды басып алып, теледидар мен радио­арна­лар­дың жұмысын бақылауда ұстамақ болған қылмыскер жалған ақпарат тарату арқылы халықты жаппай көшеге шығуға үгіттеуді көздеген. «Алайда тәртіп сақ­шылары стратегиялық нысанды басып алуға жол бермеді. Қазір күдікті сот санк­циясымен қамауда отыр», дейді Е.Қилым­жанов.

Сондай-ақ 5 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында қару таратқан 3 күдікті де қолға түскен. Олар «Анна» қару дүкенін тонап, кейіннен ұрланған қару-жарақты алаңға шыққандарға үлестіріп берген. Қаңтар қырғынына қатысты жалған ақпарат таратқандар да жазасыз қалмауда. Бас прокуратура фейк ақпарат таратқандарға қылмыстық жауаптылық бар екені жөнінде бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда бұл ескеруді ерен санамаған Ақмола облысының тұр­ғынына 3 жыл 6 ай бас бостандығын шек­теу түріндегі жаза тағайындалды.

ІІМ өкілі Санжар Әділовтің хабарлауынша, қаңтар оқиғалары бойынша ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде бүгінде 1150 қылмыстық іс бар. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 157 іс – ұрлық. Қарудың заңсыз айналымы бойынша 146 қылмыстық іс тергеліп жатса, қасақана бөтеннің мүлкін бүлдіруге қатысты 23 дерек тергеп-тек­серіліп жатыр. Осы істер бойынша 150 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікпен күзетпен ұсталған.

«Жақын арада қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде және про­курорлармен келісу бойынша қылмыс­тық істер бойынша түбегейлі про­цес­тік шешімдерді қабылдауды жоспар­лап отырмыз. Жедел және сапалы тер­геудің нәтижесінде тергеушілер 473 айыпталушыға қатысты 288 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдады», деген С.Әділов әрбір күдіктінің кінәсі қылмыс жасалған орындардан алынған бейнежазба, көзбен көргендер мен куәлардың сөздерімен, сондай-ақ заттай дәлелдемелермен дәлелденгенін айтып өтті.

ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, сотқа жолданған істер бойынша жәбірлену­шілерге шамамен 100 миллион теңге зардаптың орны толтырылған. Сонымен қатар өткен аптада 12 күдікті босатылып, оларға қатысты қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шаралары таңдалған. «Осылайша, бүгінгі таңда барлығы 333 күдікті күзетпен ұстаудан боса­тылды. Олардың көпшілігіне, нақ­тырақ айтсақ, 96-сына бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды. Тағы 78-іне кепіл қолданылса, 67 адам ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхатпен шығарылды. Сондай-ақ 11 адамға жеке кепілгерлік қолданылды», деп мәлімдеді С.Әділов. Бұдан бөлек сот үкімімен 81 сотталушының күзетпен ұстаудан босатылғанын хабарлаған спикер жағымды мінездемелермен қатар, зардаптың орнын толтырудың да тергеу мен сот барысында ескерілетін негіз­дердің бірі екенін атап өтті.

Бостандыққа шыққандардың арасында қаңтар қырғыны кезінде «Магнум» супермаркетінен азық-түлік ұрлаған алматылық та бар. Күдікті анықталып, сот санкциясымен күзетпен ұсталды. Алайда тергеу барысында күдікті мате­риалдық залалды толығымен қай­тар­ғандықтан оған екі жылға бас бостан­дығын шектеу түрінде жаза қолданылған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде «Технодом» сауда үйінен құны 950 мың теңгеден асатын тұрмыстық техниканы жымқырып кеткен Талдықорған қаласының үш тұр­ғынының да бұлтартпау шарасы өзгертілген. Себебі күдіктілердің біреуі­нің екі кішкентай баласы бар болса, екін­шісінің аурушаң қарт анасы үйінде жалғыз қалған. Сондай-ақ олар келті­рілген залалды толық қайтарып берген соң сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылған. «Сот бұл күдіктілердің мінездемелерін, қылмыс жасағандарына өкінетінін және залалды өтегенін ескеріп, үш жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», дейді С.Әділов.

Ол сондай-ақ брифингте ішкі істер ор­гандары тергейтін қылмыстық істер бо­йынша күзетпен ұсталатын бар­­лық кү­діктінің сот санкциясымен және жеткілікті дәлелдемелердің негізін­де қамауға алынғанын атап өтті. «Қамауға алынған барлық күдікті адвокатпен қамтамасыз етіледі және оларды залалдың орнын толтыруға мәж­бүр­лемейміз. Қылмыстық істер бойынша айыпталған адамдардың дені бас бостандығын айыруды көздемейтін жазаларға сотталды. Ал бұл 275 адамның ішінен 244-і. Тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды», деген ІІМ өкілі кейбір қылмыстық істерге жан-жақты тоқталып өтті.

«Мысалы, Алматы облысының тұрғын­дары жаппай тәртіпсіздік кезінде Тал­дықорған қалалық полиция басқар­масының қоймасынан арнайы киімдерді жымқырып кеткен. Кейіннен айыпталушылар шығынды толық өтеген. Қалалық соттың үкімімен олардың 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Ал қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласының Төле би көшесіндегі «Сити молл» сауда үйінен жалпы сомасы 470 мың тұратын киім-кешек пен спорттық велосипедті ұрлап кеткен үш тұрғын да келтірген шығынды толығымен қайтарған. Осыны ескерген Алмалы ауданының соты оларды екі жылға бас бостандығын шектеуге соттады», деп хабарлады спикер.

Ішкі істер органдары «Қасіретті қаңтар» кезінде ұрланған қару-жарақтар­ды анықтау, табу және алып қою жұмыс­тарын да тоқтатқан емес. Қазірдің өзінде полиция қызметкерлері қолды болған 1 499 қару мен 35,6 мыңнан астам оқ-дәріні анықтаған. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған дүние-мүліктер әлі де іздестіріліп жатыр. Қабылданған шаралардың арқасында полиция қызметкерлері құны 340 миллион теңгеден асатын дүние-мүлікті тапқан.

Брифинг соңында спикерлер – Бас прокуратураның 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов тергеу әрекеттерін жүргізу барысында азаматтардың құқық­тары сақталып, заңдылықтың қамта­масыз етілетінін алға тартты. Олар сондай-ақ қаңтар оқиғаларының жаңа мәлі­мет­тері мен мән-жайлары анықталса бірден халыққа жеткізілетінін мәлімдеді.