• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Мамыр, 2022

Қазақстан-Грузия: Өзара сауданың әлеуеті жоғары

372 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Грузия Тбилиси қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысын өткізді. Біздің делегацияны Индустрия және инфра­­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бастап барды. Грузия делегациясына вице-премьер, Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили жетекшілік етті.

Қазақстан мен Грузия ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, соңғы 16 жылда Грузиядан Қазақстанға жалпы тікелей инвестиция ағыны 285 млн доллардан асқан. Ал Қазақстан Грузия экономикасына 495,3 млн доллар инвестиция құйған. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 88 млн доллардан асты. Жыл басынан бері оң динамика сақталып отыр.

Министр екі ел арасындағы өзара сауда-саттықты арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстандық ком­паниялар металлургия, мұнай-химия, тамақ және машина жасау, сондай-ақ фармацевтика сынды бірқатар салада өңделген тауарлар экспортын арттыруға дайын. Жалпы, экспорттық әлеует 170 млн долларға бағаланып отыр.

– Өнеркәсіп саласында гру­зиндік әріптестерімізді ынты­мақтастыққа және Қазақ­станда бірлескен кәсіпорындар құруға шақырамыз. Біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі таңда елімізде Грузияның қатысуымен 248 бір­лескен кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Қ.Өскенбаев.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі қазір Қазақстанда белсенді индус­трия­лық-инновациялық саясат жүргізіліп жатқанын, ал дамудың ба­сым бағыттарының бірі бір­лес­кен жоғары технологиялық өн­дірістерді енгізу екенін атап өтті.

– Әлемдегі күрделі геоэко­но­ми­калық жағдайға қарамастан, Қазақ­станның инвестициялық ахуалы мен макроэкономикалық жағдайы тұрақты және инвес­торлар тарапынан сенімге ие, – деді ол.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар Қазақстан мен Грузия арасындағы көлік, коммуникация, IT және инновациялар, ауыл шаруашылығы, мәде­ниет, спорт және туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, әдеттегідей Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ХТР) дамыту перс­пек­­тивалары қарастырылды. Қ.Өскен­баев бұл бағытта қазақ­стандық экспорттың ұлғаятынын, оның ішінде Қытайдан транзиттің көлемі арта беретінін, осы орайда Грузия аумағы арқылы транзиттің ыңғайлылығын сақтай отырып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту керектігін атап өтті.

Сонымен қатар қос тарап ден­саулық сақтау саласында ынты­мақ­тастық, атап айтқанда, білім және тәжірибе алмасу бойын­ша ұзақ мерзімді ынты­мақ­тас­тықты нығайту және кеңей­ту бойынша ұсыныстарды қарастырды.

Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысының қорытын­ды­сы бойынша Қ.Өскенбаев пен Л.Дави­ташвили тиісті хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар іс-шара аясында «Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Грузияның Мәде­ниет, спорт және жастар министр­лігі арасындағы спорт сала­сындағы өзара түсіністік туралы» меморандумға, сондай-ақ стан­дарттау және метрология сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.