Елімізде әскерге кеткен соқталдай сарбаздардың, өндірдей өрімдердің айдың-күннің аманында өмірмен қош айтысып, үйіне мүрдесі оралатыны неліктен? Бұл – ұзақ жылдар бойы жауабы таптырмай келе жатқан сұрақ және әлі нақты тосқауыл қойылмаған қасірет.
Әлібек Қалбайдың әскерде оқыстан ажал құшуы бүкіл Қазақстанды, әсіресе туған жері – күллі Маңғыстау даласын, Маңғыстау халқын күңірентіп жіберді.
«Қажет сараптамалар алынды. Оқиға орнын қарағанда, құқық қорғау орындарының ресми қорытындылары бойынша сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін жарақаттары мен көгеру анықталмаған» деп мәлімдеді оқиға туралы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары С.Боранбаев. Тіпті сарбаз өліміне қатысты «тамақтан уланған болуы мүмкін» деген пікір де айтылды. Ал әскери бөлімдегілердің айтуынша, жауынгер сапта тұрған жерінен басы айналып, құлап қалған.
22 сәуірде рота таңғы астан келгенде казарма алдында болған. Сол кезде Әлібек ең соңғы қатарда тұрған. Басы айналып артқа қарай құлап түсті. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Басының неден айналғанын білмеймін, күніне 2-3 сарбаз басы айналып құлайды, деп 30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаевтың «Хабар 24-ке» берген сұхбаты желіде жүр. Неге күніне бірнеше сарбаздың басы айналады, бұл – бейжай қарайтын нәрсе емес, үлкен мәселе. Отанды қорғайтын сарбаздар сапта тұра алмайтын сырқат немесе әлжуаз болса... Бұл жақсы емес!
Елді дүрліктірген оқиғаға назар аударған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті», деп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.
Әскерде неге сарбаздар ажал құшады? Әлібек Қалбайдың ажалы мұндай қасіреттің басы емес, соңы бола ала ма? Белгісіз! Басы емес дейтініміз – әскердегі сарбаздар өлімі үздіксіз жалғасып келеді, өкініштісі – тоқтау болатын емес. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан әскерінде зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы көрсету қалыпты жағдайға айналып кетті ме деген күмәнді қорқыныш бар. 1993-2000 жылдары мерзімді әскери борышын өтеу кезінде алған соққыдан мүгедек болып оралған, соңы қайғылы жағдайда аяқталған, әскерден темір табытпен мүрдесі келген жігіттерге қатысты мысалдар көз алдымызда және мұндай мысалдар еліміздің әр түкпірінен табылатыны анық. Мысалы, 2015 жылы Жаңаөзенде әскери бөлімнің жуынатын бөлмесінде келгеніне бес ай болған сарбаздың белдігіне асылып қалған денесі табылса, 2016 жылы әскерге шақырылғанына екі ай болған маңғыстаулық сарбаз Сарыөзекте қайтыс болды. 2021 жылы Қарағандыда түркістандық 17 жастағы сарбаз өмірмен қош айтысса, одан екі жыл бұрын осы әскери бөлімде Талғардан келген сарбаз өзіне оқ атты делінеді. Жуырда Меркідегі шекара заставасында борышын өтеп жүріп хабарсыз кеткен сарбаздың бір айдан астам уақыттан соң денесі Қырғызстан шекарасы маңынан табылды. Тәуелсіздік алғаннан бері әскери бөлімдерде белгісіз жағдайда қанша сарбаз қайтыс болды екен?!
Бірақ сарбаздар қайтыс болған әскери бөлімдердің жауабы үнемі «өзіне-өзі қол жұмсаған, есінен танған, соққы іздері байқалмады» болып келеді. Әбден жауыр болған бұл жауапқа халық сенуден қалған. Әскерде әлімжеттік бар ма? Бар! Оны бүркемелеу әскери бөлімдер басшылары үшін қажет болар, бірақ тәуелсіз Қазақстанның әскерін дамыту үшін, сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау үшін, ата-аналарды аңыратпау үшін қажет емес, «жабулы қазанның жабулы күйінде қалуы» жағдайдың өзгеріссіз жалғаса беруіне жол ашып тұр.
Қазіргі Қазақстан әскеріне үлкен өзгеріс, тың серпін, темірдей тәртіп қажет. Кәсіби әбжілдігін айтпай-ақ қояйық, сарбаздардың қауіпсіздігі қатаң сақталуға тиіс! Қазақ әскерінде Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең істің бәрі бос», ақын С.Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» ниеті ұстаным болып, офицерлер мен сарбаздардың санасына сіңірілуі керек. Әскерге және әскери қызметшілерге шені мен қызметіне қарамай баяғы ұсталып, айдауда кетіп бара жатқан он қазақ жігітіне «бұл он жігіттің белінде он-оннан жүз қазақ кетіп бара жатыр» деп өкіне аяушылық білдіретін Мақаш правительдің ұлтжандылығы керек! Отан деген – ел-жер, оның байлығы, сарбаз сол байлықтың бірі емес пе?! Бірін-бірі өлтірсе, қазақ әскері кімді қорғайды? Қазақ әскері неге қатыгез, неге тәртіпсіз, қазақ әскерінде елге, жерге жанашырлық бар ма?! Қазақ әскерінде трайбализм жоқ деп сеніммен айта аламыз ба? Бұлар – ауыр да болса жанды сұрақтар!
Егер әскерге барғанына он күн болмай жатып «құлап түсетін» сарбаз денсаулығында кінәрат болса дәрігерлік комиссия жұмысы неге тексерілмейді, олар неге әрбір өлімге дәлелмен жауап бермейді?! Бір қызығы, әскерде қайтыс болған сарбаздардың өліміне әскери бөлім тарапынан «денсаулығы нашар» деген желеу айтылса да, «жоқ, олай емес, ол мықты, дені сау жігіт еді» деп жауап қатқан бірде-бір дәрігерлік комиссия мүшелерін байқамадық.
Жалпы, мәселенің бір жағы жергілікті әскери бөлімдерде, дәрігерлік комиссияда екендігін жоққа шығара алмаймыз. Әскерге шақырушылар орнын-санын толтыру үшін көшеден тарпа бас салып алып кету, айыппұлмен немесе түрмемен қорқыту, денсаулығы жоқ жігіттерді бас-көзге қарамай әскерге аттандырып жіберу фактілері туралы желілерде ашық айтылып жатыр. «Мен Маңғыстау әскери комиссариатында екі рет денсаулығы жарамсыз балаларды әскерге жарамды етіп жіберген медкомиссия дәрігерлерімен шайқасқанмын. Медкомиссия мүшелері – жастары 70-тен асқан ағайлар мен апайлар. Олардың әрекетіне қарап әскерге алынатындар қатарын толтыру үшін бай-бағландардың балаларының орнына денсаулығы жарамсыз болса да қорғаны жоқ жастарды салып жіберіп отыр деген күдікті ой еріксіз келеді. Қорғаныс министрлігіне хабарласып, барлық дәрігерлік құжаттармен әзер дәлелдегенмін. Маңғыстаудың медкомиссиясы және әскери комиссариат қызметкерлеріне де өзгеріс, темірдей тәртіп пен талап керек. Қара халықтың, қарапайым отбасының ұлдарын еріксіз 3 миллион теңге айыппұлмен қорқытып әскерге зорлықпен жіберу дұрыс емес, енді мұндай озбырлыққа жол беруге болмайды! Әскерге арнайы дайындалған, денсаулығы жарамды жастар өз еріктерімен бару керек» дейді желі қолданушысы, қоғам белсендісі С.Меңдібай.
Мақала дайындау барысында С.Меңдібаймен жолығып, «екі рет денсаулығы жарамсыз балаларды әскерге жарамды етіп жіберген медкомиссия дәрігерлерімен шайқасы» туралы сұрап, біраз жайға қанықтық. Расында, бұл салаға үлкен өзгеріс керек, бұл – уақыт және халық талабы!
Сондай-ақ мектептер мен ер балалардың көбі 9-сыныптан соң баратын болғандықтан, колледждерде «Бастапқы әскери дайындық» пәнін өткізуді міндеттеу керек. Бозбала аталған пәнді оқу арқылы әскери өмірге сауаты ашылады, қызығушылығы пайда болады және арнайы алаңда жаттығып-шынығады. Олар әскер қатарына бесаспап шебер болмағанмен, әскери өмір әліппесінің бетін ашқан, жауынгерлік дәстүрден хабары бар сарбаз болып барады.
Бүгінгі сарбаз – ертеңгі ел ағасы, бір шаңырақтың иесі, Мақаш правитель сөзімен айтқанда, білдей әулеттің атасы болатын байлығымыз. Біз сол байлықты өз қолымызбен баудай түсіріп, сарбаздар сапын селдіретіп келеміз. Ел басына күн тумасын, туса әр сарбаздың орны ойсырап тұратыны анық. Ал қазақ әскеріндегі темірдей тәртіп, қауіпсіздік, әр сарбаздың амандығы – Үкіметке, Қорғаныс министрлігіне міндет! Сарбаздар Отанын қорғайды, Отаны сарбазын қашан қорғайды?! Жағдай бұлай жалғаса беретін болса, ата-аналар қандай жазаға тартса да сүйікті ұлдарын әскер қатарына жіберуден үзілді-кесілді бас тартатынын ашық айта бастады. Үкіметке ұлын әскерге емес, соғысқа шығарып салғандай қайғыдан қан ішіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын ата-ана, туыс-туғанның жан дүниесін түсінетін кез келді!