• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Оқиға 04 Мамыр, 2022

Қызылордада 8 жыл іздеуде болған күдікті ұсталды

504 рет
көрсетілді

Қызылордада полицейлер 10 жыл бұрын фирмадан 74,5 миллион теңгеден аса қаражат ұрлады деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Портал мәліметінше, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 2014 жылдан бері іздеуде жүрген қылмыскерді қолға түсірді.

Қостанай облысының 56 жастағы тұрғыны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылып, іздеу жарияланған. Бұл оқиға бойынша арнайы іздестіру шаралары жүргізілген.

Портал мәліметіне қарағанда, 2012 жылдың ақпанында күдікті сыбайласымен бірге жалған келісімшарт негізінде Қызылорда қаласындағы фирмалардың бірінен 74 580 940 теңге көлемінде ақшаны банк арқылы есепшотына аударып, жымқырып кеткен. Іздестіру шараларының нәтижесінде, Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері іздеуде жүрген қылмыскер Ақмола облысында ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласында қамауға алынды.