Алматыда “Ахмет Жұбанов атындағы қор” қоғамдық қоры алғаш рет ұйымдастырған “Қазақстан композиторлары – балаларға” атты музыкалық фестиваль тұсауын кесті.
Қазақ композиторларының шығармаларын, классикалық музыка жауһарларын құлақ құрышыңды қандырып, нәшіне келтіріп, мінсіз орындайтын бүлдіршін буынның өсіп келе жатқанын паш еткен бұл фестивальді Ахмет Жұбановтың немересі Шолпан Жұбанова толқып тұрып, бастап берді. Таланттың тұяғы бұл шара мәдени мұраларымызды сандық жағынан да, сапалық жағынан да ұлықтап өтетіндігіне сенім білдірген.
Айтса айтқандай, екі бөлімнен тұратын концерт музыканың мөлдір әлеміне тартып әкетті. Композиторлардың фортепианоға арналған шығармаларына арналған алғашқы бөлімді №5 музыкалық балалар мектебінің 2-сынып оқушысы Юрий Трофимов бастап берді. Кіп-кішкентай Юраның орындауында фортепианодан композитор М.Ержановтың тамаша туындысы төгіліп жатыр. Титімдей нәзік саусақтар көз ілеспес қимылмен қандай сұлу ноталарды сыңғыр-сыңғыр төге алады десеңші.
Дәл осындай леппен ескен Абайдың “Көзімнің қарасын” Жәния Әубәкірованың авторлық мектебінің оқушысы Венера Аташева орындады. Сан түрлі музыкалық байқаулардың жүлделі орындарын талассыз жеңіп алып жүрген №83 өнер гимназиясының 8-сынып оқушысы Александр Устиновтың орындаушылық шеберлігімен қауышу да бір ғанибет. Оның орындауындағы К.Дүйсекеевтің “Нар жайлауын” кәсіпқой музыка мамандарының өзі ұйып тыңдап, мінсіз шалықтаған шығармаға риясыз қошемет білдірді.
Қазақ композиторларының ең таңдаулы, ең күрделі шығармаларын фортепианодан төгілдірген А.Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының оқушысы Құралай Сәтбаева, П.Чайковский атындағы музыкалық колледжінің оқушылары – Олжас Бәйділдаев, Мария Исмаилова, Әнел Тойшыбекова, №5 музыкалық балалар мектебінің оқушылары Дмитрий Забровский мен Нәзігүл Арыстанбекова, №83 өнер гимназиясының оқушысы Диана Өмірзақ, К.Байсейітова атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Далер Мырзағалиевтар туралы жеке-дара айтып, келешектеріне қанат бітіруге болады.
Аз-кем үзілісте, көрермендер арасында отырған талантты дирижер Алан Бөрібаевты көзіміз шалып, әлемнің әйгілі сахналарында ұлтымыздың атын шығарып жүрген жерлесімізден сыр тартып, балалардың орындаушылық қабілетіне бүкпесіз, боямасыз баға беруін сұраған едік.
– Тамаша идея. Мен, расында, демалып отырмын. Алғаш рет қазақстандық композиторларды жаңа буынның орындауында тыңдадым. Тіпті орындаушылардың кейбірі мектептің бастауыш сыныптарында ғана оқиды, бірақ, талаптары таудай. Ұлттық мәдени мұраларымызды балалардың бойына туғанынан дарыту бастамасы – табылған ақыл. Мен мұны елжандылық акция деп білемін. Балалар қандай қабілетті, шеттерінен сүйкімді, еңбекқор. Туған елінің музыкасын сүйген, қадірлеген, қастерлеген адамнан ертең сөзсіз жақсы адам шығады, – деді ол.
– Концерт көпшілікке ұнап отыр. Балалардың ата-аналары да аса толқулы. Дегенмен, сіз кәсіпқой музыкантсыз ғой. Балалардың орындаушылық деңгейі қалай? – дейміз тағы да.
– Өте жақсы. Өзіме ұнады. Мұндай фестивальдерді жиі өткізу керек. Сонда бүлдіршіндердің басқа замандастары да классикалық өнерге келе бастайды. Еліктейді. Меніңше, балалар орындау барысында мұнан да еркіндеу болса. Бірақ, ол уақытпен келетін дүние. Ең бастысы, дарындардың және мықты музыкалық мектептің бар екендігіне өз басым куә болып отырмын, – дейді Алан Бөрібаев.
Фестивальдің екінші бөлігін А.Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаттың тромбошылар квартеті ашты. Іле-шала Жамбыл атындағы филармонияның камералық залын №1 музыка мектебінің балалар хоры Е.Брусиловскийдің “Шолпан” шығармасымен әлдиледі.
Жақсының жалғасты болғанын, ұлылардан тұяқ қалғанын тілеген халықпыз ғой. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” балетінен соло орындап тұрған өндірдей жеткіншек Ахмет Жұбановтың шөбересі еді. Алыстан талып жеткен скрипка сазы адамды арбай-арбай, сананы сиқырлап жақындап келеді. Сәт сайын сұлуланып, өзіне тарта бастады. Дәл құлағыңның түбіне жетіп, дегбіріңді қашырып, деміңді тартқызған әуен сап тыйылғанда, тыңдарман дүр ете түсті. Әрине, бұл қанында бар қабілетпен көпшілікті тәнті еткен Жігер Жұбанов болатын.
Тегінде бар талантпен тыңдарманды тәнті еткен дарынның бірі Элмар Бөрібаев болды. Элмар да Ахмет Жұбановтың жиен немересі. 15 жастағы Элмар К.Байсейітова атындағы музыкалық мектеп-интернатта оқиды.
Сол сияқты А.Жұбановтың “Ариясын” фортепиано мен скрипкада орындаған Айдана мен Гүлдана Данияловалар, С.Кибированың “Скерциносын” орындаған Әсем Нүсіпова, Л.Хамидидің “Қазақ вальсін” блок-флейтада сырнайлатқан Дастан Шәпиев, А.Затаевичтің “Қазақ биін” скрипкада орындаған Шыңғыс Белгібаев сынды дарынды балалар тіл-көзден аман болса әлі де аттары естіліп, жұлдыздары жарқырай бермек.
Фестиваль да аяқталып келеді. №1 музыкалық балалар мектебінің скрипкашылар ансамблі қазақ композиторларының шығармаларынан поппури орындап, тұңғыш фестивальді мәреге жеткізді.
Осы фестивальге шенеунік ретінде емес, өнердің бел баласы ретінде келген Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев сөз алып, ортаға шыққан.
– Мен тіпті сөйлеймін деп ойламап едім. Бірақ, қуанышым арнасынан асып тұр. Композиторлардың шығармаларын балалар қандай ғажап орындап шықты. Классикалық өнердің келешегі кемел екендігін көрдік. Бұл жерде ешқандай фонограмма да, микрофон да жоқ. Музыкант пен музыка құралы ғана бар. Балалардың әбден дайындалғанын, қажырлы жұмыс істегенін көрдік. Классикалық музыка өте үлкен төзімді қажет етеді. Күн сайын дайындалу керек, күн сайын онымен айналысу қажет. Сонда ғана бүгінгі нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді вице-министр.
“Ахмет Жұбанов атындағы қор” қоғамдық қоры ұйымдастырған алғашқы фестивальдің әрбір қатысушысы арнайы дипломмен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңген де, жеңілген де жеткіншек болған жоқ. Өнер өз биігінде қалды.
Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ, АЛМАТЫ.