Климат мәселесінің географиялық ұғымнан гөрі саяси сипат алып бара жатқаны белгілі. Бір жағынан, көмірқышқыл газының шығарындылары және жаһандық жылыну туралы көп айтылады да, бірақ екінші жағынан, топырақтың тіршілік ету ортасы екенін біле тұра, ол туралы көп сөз қылмаймыз.
Бұл ортада миллиондаған тіршілік түрлері мекен етеді. Топырақта биологиялық әртүрлілік болмаса адамзат Жерден түбінде айырылып тынады. Мұның дәлелі ретінде беделді ғалымдар мен халықаралық ұйымдарының төмендегі мәліметтерін келтіре кетейік. Мәселен, әлем тұрғындарына бүкіл жер бетіндегі ауылшаруашылық топырағының құнарлылығының жойылып біткеніне дейінгі 40-45 жылда бар болғаны 80-100 рет қана егін жинауға мүмкіндік бар көрінеді. 2045 жылы әлем халқының саны 9,3 млрд адамға жетіп, ал азық-түлік өндіру қазірге қарағанда 40% кемиді екен. Демек ол азық-түліктің жетіспеуі жаһандық сипатқа ие болады деген сөз. Оның арты бүкіл әлемді жайлаған азаматтық соғысқа ұласып кетуі әбден ықтимал. Өйткені бүгінде әлем топырақтың жойылуы сияқты проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Оның басты себебі топырақтағы органикалық заттар азайып, ол құмға айналып бара жатқанында. Топырақтағы органикалық заттардың қалыпты минералдық құрамы 3-6% немесе оның тіптен жойылып кетпесі үшін ең құрығанда 3% органиканы құрауы қажет екен. Қазірдің өзінде Жер шарындағы ауылшаруашылық жерлері қатты құнарсызданып кеткен. Әлемнің көптеген елінде соңғы 100 жыл ішінде топырақтың жоғарғы қабатының 50%-дан астамы жойылыпты. Демек барған сайын қоректік заттардың деңгейі айтарлықтай төмендеуде. Бүгіндері, әлем тұрғындары ХХ ғасырдың басындағыға қарағанда бірдей тағамнан микроэлементтерді 90%-ға кем алатын көрінеді. Жердің 30-40 см қабатындағы микробты тіршілік біздің тіршілік етуіміздің негізі болып табылатынын түсінбегенімізден, өмірді жасайтын, оны нұрландыратын сиқырлы күштің өз аяғымыздың астында жатқандығына мойынсұнбаудамыз. Сөз болып отырған топырақтың жоғарғы қабаты планетадағы тірі организмдердің 87%-ның өмір сүруіне негіз болып отырғанын да ұмытпаған жөн. Олай болса, Жер-Ана – тірі организм. Мұнымен ешкім таласа алмайтын шығар.
Ендеше Жерді қалай болса солай аяусыз жыртып, «сөлін» қалдырмай пайдаланудың орнына ауыл шаруашылығын дамытуға шынайы басымдық берген абзал. Сонда ғана шартты түрде алғанда, жерге «көлеңке» болуға және микробты өмірді сақтап қалуға жағдай туады. Яғни бұл жерде әңгіме шөптің, өсімдіктердің, бұталар мен ағаштардың және басқалардың көлеңкесі туралы болып отырғандығы түсінікті шығар. Ол үшін топырақтың жоғарғы қабатын құтқаруға бағытталған саясатты және қалыптасқан жағдайды өзгертудің маңызы зор. Сонда ғана бізге дейінгі ұрпақтан қалған осы мұраны сақтап, оны өскелең ұрпаққа тірі топырақ ретінде тапсыруымыз қажет. Егер тағы да 30 жыл әрекетсіз отыра берсек, онда биоәртүрлілікті қалпына келтіру үшін тағы екі ғасыр керек болары анық.
Қазақстанда 270,1 млн гектарды құрайтын жер ресурстарының орасан қоры бар деп мақтанамыз. Алайда еліміздің егістік жерлеріндегі топырақтың құнарлылығының күрт төмендеп, гумус құрамы жоғары егістік жерлер көлемі 2014 жылғы деректер бойынша 1,6 млн гектардан 255,5 мың гектарға дейін азайып кеткендігіне онша көп көңіл бөлмейміз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізгі жеті қағидатының бірі ретінде экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды атап көрсетті. Себебі мемлекет алдында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету мақсаты тұр. Ол үшін орта мерзімді перспективада экономикалық өсім барған сайын жасыл болып, оның терең декарбонизацияның негізі қазірден бастап қалануға тиіс. Қазақстан мұндай ғаламдық үрдістен шет қалмай, мемлекетте биологиялық әртүрлілікті сақтау мен оны ұтымды пайдаланудың ұзақ мерзімдік жоспарларын жүзеге асыруы қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие беруге тиісті көңіл бөлініп, қоғамдағы экологиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілгені дұрыс. Бұл шаралардың адамдардың қызмет әрекеті әрдайым топырақтың құнарлылығын арттыра бермейтіндігін түсіну негізінде іске асырылғаны жөн болар еді. Жер-Ананың қойнауына тапсырылғанынша оны аялап, қорғай білгені абзал. Жерді басып, оның қуатын алып аман-есен жүргенімізге шүкір. Жермен байланысу арқылы санамызды, өзімізді өзгертіп, өмірімізді осы тұрғыда саралап, тыныс-тіршілігіміздің экологиялық тазалығын қамтамасыз етуге ұмтылғанымыз жақсы.