Соңғы жылдары Павлодар облысында жолды жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Тіпті Кеңес заманынан бері асфальт төселмеген жолдар жаңа кейіпке енуде. Десе де, жыл сайын шамамен 500-600 шақырым жолдың тозғаны анықталады екен. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын сапасыз атқарады деп күмән келтірсек, құзырлы органдар көлік қарқыны артып, сәйкесінше жол жабындысына түсетін жүктің көбеюімен байланыстырып отыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, биыл өңірде 265 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Байқағанымыздай, жолдың тозуы жоспардан екі есе артық болып тұр. Бұлай жалғаса берсе, сапасыз жолдардың саны артатыны анық. Көлік қозғалысы да жыл сайын артып келе жатқанын естен шығармаған жөн.
– Облыс аумағында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісінің ұзындығы – 3 842 шақырым. Мұның ішінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 1 010 шақырым болса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 2 832 шақырымға тең. Былтыр облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша 9 млрд 518 млн теңге қаражатқа 41 жоба жүзеге асырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау шеңберінде қалалар мен аудандар әкімдіктері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Жол активтері сапасы орталығымен жалпы сомасы 117 млн теңгеге шарт жасады. Сапаны бақылау кезінде 5 кемшілік анықталып, 497 материалдың сынамасы алынды. Қазіргі таңда барлық ақаулар жойылды. Биыл 9 млрд 240 млн теңге сомасына жалпы ұзындығы 264 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша 27 жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы.
Оның ішінде тұрғындар ұзақ күткен жобалар да бар. Мәселен, ГРЭС-1 учаскесі – Басқамыс арасындағы жол жөнделсе, Ақтоғай ауданының тұрғындары үшін Екібастұз қаласына дейінгі жолдың ұзақтығы екі есеге жуық қысқармақ. Сәйкесінше, жолаушылардың Екібастұзға және одан әрі Нұр-Сұлтанға өту трафигін қысқартуға мүмкіндік бар. Бүгінде 70 км шақырым жолдың 40 шақырымында жұмыс жүріп жатқан көрінеді. Жол жұмыстарының сапасын бейінді басқарма ғана емес, оған қоса қоғамдық ұйымдар мен техникалық қадағалау арқылы бақылау жүргізілмек.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жыл сайын жолды жөндеуге қомақты қаражат бөлінсе де, жақсы көрсеткішке жету қиындай түскенін айтады. «Бұл – облыс орталығындағы жылу жүйесі сияқты. 25 шақырым жөндеу керек, біз бес шақырым жөндейміз. Ал жыл сайын тозған бөлігінің үлесі арта береді. Бұл – қаржы құмға кетті деген сөз. Оның алдын алу үшін әр ауданмен жеке жұмыс істеу керек», деп аймақ басшысы жолға жауапты басшыларға тапсырма берді.
Белгілі болғандай, биылғы жоспарға кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстарының басым бөлігі енбей қалған. Қанат Қашкировтің айтуынша, ол жолдарға аз қаржы жұмсалады. Ауылдарға кіретін жолдың көбі 1,5-2 шақырым ғана болғандықтан, оның жөндеу жұмысы 100 млн теңгеден аз тұрады. Ал тиісті министрлік көп қаржы жұмсалатын жобаларға ғана басымдық береді екен.
Әбілқайыр Сқақов басымдық бұлай реттелмеу керек екенін айтты. Министрлікке хат дайындап, өз ұсыныстарын білдірмек. Әйтпесе, бүгінде ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге арналған жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 22 жоба дайын тұр. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінбесе, жобаларды облыстық бюджет арқылы қаржыландырып, 2 жылға бөліп тындыруға тырысып көрмек.