ОҚУЛЫҚ ЖӨНДЕЛМЕЙ, ОҚУ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
Мемлекеттіктің бір тірегі – тіл десек, соны заман талабына сай сауатты оқыту, соған қажетті құралдар мәселесін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі соңғы кездері жиі көтере бастады. Тек сөз жүзінде емес, нақты зерттеу, зерделеуге жүгініп, әсіресе оқулықтың сапасы, тіл үйретудің жайы, оқу әдістемеліктермен білім мекемелерін қамтамасыз ету келелі кеңесте кең көлемде қозғалғанына куә болып жүрміз. Өткен жолғы отырыста ұлттың рухани құндылығы, білім мен ғылымның қайнар көзі оқулықта екені айтылып, нақты ұсыныстар жасалған болатын. Тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен ділінің өзегін назарда ұстайтын «Мирас» қоғамдық кеңесі мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік материалдар мен оқулықтардың сапасы қандай, оны жетілдірудің жолы қайсы деген тақырыпта басқосу жиынын өткізуді мақсат еткен екен. Соған орай, тақырыпқа қатысты материалдар топтамасын оқырмандарға ұсынып отырмыз.САРАПТАМА – САПАҒА СЕП
– дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева
Әрбір елдің ұлттық білім беру жүйесінің басты тетігі мен білімді дамыту саясатының өзекті мәселелерінің бірі – төл оқулықтары мен оқу-әдістемелік әдебиеттері. Жақсы оқулық – ұлттың игілігі, оның рухани құндылығы, білім мен ғылымның қайнар бұлағы. Қазақстанның үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатылары үшін орта мектеп оқулықтарын сапалы шығару мәселесі қазіргі кезеңде жалпы ұлттық сипатқа ие бола бастады. Осыған байланысты, қоғам дамуына бейжай қарай алмайтын еліміздің ең ірі саяси ұйымы «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесі тарапынан оқулықтарды сараптау жөніндегі жұмыс тобы жасақталып, оған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева жетекшілік еткен еді. Біздің төмендегі әңгімемізге осы жайлар арқау болды. – Динар Жүсіпәліқызы, жалпы, оқулықтарды сұрыптан өткізу кезінде қандай қағидаттарды негізге алдыңыздар? – Стандарт бойынша оқулық сапасын сараптаудың екі түрі бар. Біріншісі – тәжірибелік сараптау, екіншісі – теориялық сараптау. Оқулықтарды практикалық сараптамадан өткізу, негізінен, Білім және ғылым министрінің арнаулы бұйрығымен бекітілген білім мекемелерінде жүзеге асырылады. Осы жерде оқулықтар эксперименттік тексеруден, қоғамдық бағалаудан және әдістемелік талдаудан өткізіледі. Ал теориялық сараптауға мемлекеттік білім стандарттары мен бағдарламаларының авторлары, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары сараптаушы-эксперт ретінде қатыстырылады. Олар теориялық тұрғыдан оқулықтың құрылымын, мазмұнын, қызметін, дидактикалық педагогикалық технологиясын талдап баға береді. Оқу әдебиеттеріне сараптама жұмысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі №344 бұйрығымен бекітілген оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Қазір қоғамда орта мектеп оқулықтары туралы мәселе төңірегіндегі әңгіме басылмай тұр. Естеріңізде болса, Елбасы Н.Ә.Назарбаев оқулықтардағы олқылықтарды қатаң сынға алып, тиісті орындарға оны реттеу жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, енді оған «Нұр Отан» партиясы бас болып, партия жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік материалдар мен оқулықтардың сапасы мәселелері» деген тақырыпта арнайы отырыс өткізбек. Бұл жиналыста мектепке қажет оқулық дайындау мәселелері бүге-шігесіне дейін қарастырылады. – Талдау жүргізуге қандай баспалардың өнімдерін алдыңыздар? – Сараптама жасау кезінде өте үлкен ауқымды жұмыс жүргізілді деп айта аламын. Зерттеуге 2012-2013 оқу жылында білім беру ұйымдарында 1-11 сыныптарда қолдануға рұқсат етілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар тізіміндегі оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар алынды. Оның ішінде, сараптама «Алматыкітап» баспасының – 65, «Атамұра» баспасының – 85, «Мектеп» баспасының – 85, «Арман ПВ» баспасының – 13, жеке баспалардан 17 оқу әдебиеттеріне жасалды. – Мектеп оқулықтарына қатысты тәуелсіздік жылдарынан бері қыруар жұмыс жасалғанын жақсы білеміз. Бірақ, бізді қазір кемшіліктер ойлантады. Осы туралы не дейсіз? – Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан, жыл сайын өткізілетін сараптама нәтижелеріне жүргізілген сапалық талдау әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сапасының біршама жақсарғанын көрсетті. Дегенмен, оқулықтарда кемшіліктердің әлі де аз емес екендігін байқадық. Оларды біз тармақ-тармаққа бөліп, нормативтік құжаттарға сәйкестігі мен құрылымына оқулықтың мазмұндық және әдістемелік жағына байланысты, тілдік-стильдік қателіктері мен полиграфиялық көркемделуі секілді негізгі критерийлер бойынша қарастырдық. Зерттеу нәтижелерінде біраз орыс тіліндегі оқулықтардан аударылған мәтіндердің тілдік нормаға сәйкессіздігі, ғылыми түсініктер, терминдер, ережелер, заңдардың қазақ тілінде дұрыс және дәлелді тұжырымдалмауы, тіл мен стильдің оқушылардың дайындық деңгейі мен жас ерекшелігіне сәйкессіздігі нақтыланды. Оқулықтардың әдістемелік қамтамасыз етілуі мен оқу бағдарламасын толық қамтымауы, оқу материалдарының бірізді әрі жүйелі баяндалмауы секілді бірқатар олқылықтар анықталды. Сондай-ақ, қазақ сыныптары оқу әдебиеттерінің көпшілігі аударма екендігіне көзіміз жетіп отыр. Ондағы мысалдар орыс халқының, Еуропа елдерінің өмір тұрмысынан алынған. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері ескерілмегендігі қынжылтады. Тәуелсіздік алғаннан кейін төл оқулықтардың жазылуы қуантады. Бірақ оқулықтар ең бірінші, мемлекеттік тілде жазылуы шарт, одан соң басқа тілдерге аударылуы қажет. Аудармалардағы қателіктің өте көптігінен көз сүрінеді. Оны білікті мамандар аударуы тиіс деп есептеймін. – Оқулықтарды сараптауда шетелдік тәжірибелер ескерілді ме? – Әрине. Сараптау жұмыстарында шетелдік тәжірибелер де есепке алынды. Мәселен, 1992 жылы Германияның Георг Эккерт университетінде ЮНЕСКО аясында мектеп оқулықтарын зерттеудің халықаралық желісі құрылып, онда «Оқу әдебиеттерін сараптауға және зерттеуге арналған жолсілтеуші» дайындалған. Оңтүстік Кореяда оқулықтарға сараптама жүргізу жұмыстарына аталған мемлекеттің білім министрлігі қатыспайтындығын, оқу әдебиеттерін арнайы ұйымдар сараптайтындығын айта кетуге болады. Шетелде оқулықтарды сараптауға тәуелсіз сарапшылар көптеп тартылады. Дайындалған оқу әдебиеттері әр салаға қатысты қоғамдастықтарда сараптамадан өтіп, қолданысқа ұсынылады. Біз осыған қатысты біраз ой-тұжырымдарымызды жинақтап қойдық. – Орта мектеп оқу әдебиеттерін сараптауға 70 жылдық тарихы бар, педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшы қатарында тұрған Қыздар университетінің таңдалынып алынуы да жайдан-жай емес шығар? – Оныңыз рас. Біздің қасиетті қара шаңырақ орта білім ошақтарына ұстаздар мен ұлт тәрбиешілерін қалыптастырып шығаратын болмыс-бітімі ерек орталық болғаннан кейін де әдейі таңдалынып алынды. Сонымен қатар, біздің педагогикалық құрам білікті ұжым ғана емес, көптеген орта білім оқу әдебиеттерін жасаушы тәжірибелі мамандар екенін де айта кетуіміз керек. «Нұр Отан» партиясының оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарды сараптау жөніндегі тапсырмасына байланысты университеттің ғылыми-педагогикалық құрамынан тұратын арнайы жұмыс тобы құрылып, оған барлығы 51 сарапшы тартылды. Оның ішінде ғылым докторлары – 7, профессорлар – 7, ғылым кандидаттары мен доценттер – 36, аға оқытушылар – 1. Сарапшылар өте ыждаһаттылықпен жұмыс істеді. Олар кемшілікті көрсету «бедел жинау құралы» ретінде авторға деген жеке көзқарасы тұрғысынан емес, «еліміздің болашағы – балаларымыздың сапалы білім алуы үшін жасаған менің көмегім» деген көзқарас тұрғысынан тынбай еңбек етті. Өйткені, оқулық – білім алушыларды тәрбиелеу мен тұлғалық дамуына жауап беретін маңызды құрал. Сондықтан мемлекет белгілеген білім беру стратегиясы талаптарына сай оқулық жазудың, алдымен, кезеңдерге белгіленген шарты болуы тиіс. Біз осыған байланысты 7 кезеңнен тұратын ұсыныстарымызды беріп отырмыз. Оқулық жазуды басынан өткерген академик А.Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивті ұшақ жасап шығарумен теңегенін бәріміз білеміз. Ендеше, оқулық жазу – үнемі үздіксіз жетілдіруді, дамытуды қажет ететін үрдіс. Бұл біз үшін өте маңызды құндылық. Себебі, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қуатты ел идеясына біз тек озық білім, инновациялық ойлау негізінде ғана жете аламыз. Ал оған терең білім беретін сапалы оқулықтар негізінде жетпекпіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».