• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Мамыр, 2022

Әскеріміздің келбеті қандай?

797 рет
көрсетілді

Қарулы Күштерде көптің көзіне түсіп, былайғы жұрттың назарына іліге бермейтін қызмет түрі бар. Алайда әскери қызмет­шілердің жай-күйін онсыз елестету мүмкін емес. Қарулы Күштерді заттай мүлікпен қамтамасыз ету жүйесі, азық-түлік қызметін дамытумен айналысатын бұл бағыт – Тыл деп аталады.

Еліміздің Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында біз осы қызметтің көпке көріне бермейтін кей қырын ашып көр­сетуді ниет еткен едік. Құ­­рыл­ған күнінен бастап қас­тер­лі Тәуелсіздігіміз бен ел күзетін­де тұрған Тыл қызметінің де ар­қалаған жүгі ауыр, жауапкер­шілігі салмақты. Бұл қызметтің өзіне тән ерекшелігі мен қыр-сыры жайлы мәлімет берген Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Тыл қызметінің тың­ғылықты жұмысты қажет ететі­нін алға тартты.

Мәселен, генерал-майор әс­кердің келбетін келістіріп, оң беделін қалыптастыруда әскери киім үлгісінің маңызы ерекше екенін айтады. «Әскери киім үлгісі Отан қорғаушының оң келбетін қалыптастыруда ерекше рөлі бар. Біріншіден, ол қоғамда белгілі бір мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға ықпал етеді. Біраз әріптестерімнің бала күнгі арманы әскери қызмет ету болғанын және бұл арманы үйіне әскери формада келген адам­ды алғаш көргеннен кейін пай­да болғанын жақсы білемін. Екін­­шіден, этикалық-эсте­тика­лық тұрғыдан да әске­ри киім үлгі­сінің қызметтік мәні ерекше. Киім іс-қимылға ыңғайлы және кли­­мат­тық жағдайлар ескеріліп, мау­сым­ға сәйкес болуы керек», дейді ол.

Рас, әскери киімнің мем­ле­кеттің имиджін қалыптас­тырудағы орны орасан екені даусыз. Мәселен, жыл сайын қазақ­стандық әскери қызметшілер халықаралық оқу-жаттығуларға, Армия халықаралық ойындарына, БҰҰ күштері құрамындағы бітім­гершілік миссияларға қаты­сады. Мұнда да шетелдік әріп­тестер­дің назарын аударатын бірін­ші нәрсе – киім-кешек пен оған тігілетін керек-жарақтар. Әс­кери киім үлгісі арқылы елдің тарихи ерекшеліктері мен ха­лық­тың ұлттық дәстүрлері жеткізіледі.

Қазіргі әскери киім үлгілері бірден пайда болмағаны да түсінікті. Жалпы, әскери киім тігу кезінде ескерілуге тиіс бір­не­ше маңызды фактор бар. М.Таласов алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарға байланысты Қарулы Күштерді киім-кешекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі болғанын жасырмады. Сондықтан алдымен Кеңес дәуірінен бастап қоймаларда қалған киімдерді пайдалануға тура келген.

«Бұдан өзге, біз заттай мүлік­пен қамтамасыз етудің отандық жү­йесін құруды қолға алдық. Киім­ге, аяқ киімге және оған қа­жет­ті заттарға қойылатын талап­т­ар әзірленді. Бұл ретте кли­маттық жағдайлар мен халық­тың антропометриялық көрсет­кіштері, сондай-ақ шетелдер­дің озық тәжірибесі ескеріл­ді. Әскери қызметшілерге арнал­ған нысанды жасау кезінде Ұлы дала нышандары, қазақ батыр­­ларының әскери өнер дәс­түр­леріне қатысты элемент­тер­дің пайдаланылғаны да м­а­ңызды», дейді генерал-майор.

Қарулы Күштердің өткеніне көз тастасақ, 30 жыл ішінде әс­кер­­дегі киім үлгісінің үш рет ауыс­қанын аңғаруға болады. Мә­селен, 1999 жылы теңіз әскері­нің салтанатты киімі де, күнделікті киімі де қара түсті болған. 2010 жылы Қарулы Күштердің Тыл басқармасы отандық дизайнер Құралай Нұрқаділованың автор­лық үйімен бірлесіп, тек сапа­лы емес, сонымен қатар эстети­калық сипатымен ерекшеленетін киім-кешек үлгілерін әзірлейді. Қазіргі таңда қазақстандық әске­ри қызметшілер осы форманы киіп жүр.

Күнделікті киім үлгілеріне келер болсақ, Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері даланың жусаны түстес, Әуе қорғанысы күштері – қошқыл көк нысанды, Әскери-теңіз күштерінің күнделікті киімі – қара, салтанатты киім үлгісі – ақ.

Генералдың айтуынша, бас киім үлгілерінде төбесі биік қал­пақ азайған. Металл фурнитура ауыстырылды. Погондарда ою-өр­нек қолданылды, ал жо­ға­ры офицерлер құрамында ме­ре­йін, даңқын арттыратын бел­гі­лермен өрнектеліп үйлесім тапқан.

Әскери қызметші әйелдердің салтанатты киім үлгісі де тамаша тігілген. Көк түсті костюм мен ақ етік, басқа пилотканың орнына – шляпа.

Осыған орай біз Қорғаныс министрінің орынбасарынан әскери қызметшілерге арналған киімді тігумен және киім-кешек дайындаумен кімдердің ай­на­лы­сатыны жөнінде сұрап біл­ген едік. Генерал Қорғаныс ми­­нистрлігінде мемлекеттік қор­­ғаныс тапсырысын орындау­шы­лармен тікелей шарт жасал­мағанын алға тартты. Өйт­кені орындаушыны таңдау мен зат­тай мүлікті жеткізуге шарт жасасу Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігіне жүк­телген. Бұл «Қорғаныс өнер­кәсібі және мемлекеттік қор­ғаныс тапсырысы туралы» заң­мен нақтыланған.

«Жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­­­дары өнім әзірлеуде жоға­ры деңгейлі отандық шикізат­тың ай­тарлықтай артықшы­лық­­тары бар. Бұл фактор отан­дық өн­дірушілердің тізі­мін қа­лыптас­тыру кезінде ескері­леді. Сондықтан отандық кәсіп­орын­дар қазақстандық шикізатты қамту пайызын арттыруға ұмтылуда.

Киім-кешектің сапасы ың­ғайлы және жылы т.б. талаптарға сай келуі керек. Іс жүзінде бұл әрдайым бола бермейді. Кейде бұл киімдердің тез тозатын, материалы нашар болып келеді», деген генерал сапа мен баға арасында тепе-теңдік туралы ойын да бүкпесіз жеткізді. «Баға мен сапа арасындағы мәселе күн тәртібінен түспейді. Төмен баға бойынша қорғаныс тапсырысын орындаушының белгілі бір кемшіліктері болады. Бұл тұрғыда Қорғаныс министрлігі әзірлеген белгілі бір ұлттық стандарттар бір екенін айтып өткім келеді. Мәселен, 2017 жылы заттай мүлікке 47 жаңа ұлттық стандарт, 2018 жылы 23 стандарт, 2019 жылы тағы 28 стандарт әзірленді. Киім-кешек қызметінің мамандары олардың сақталуын қатаң қадағалайды, сондай-ақ тәжірибеде үлгілерді сынауға қатысады», дейді М.Таласов.

Тыл қызметінің басты бағыт­тары­ның бірі – жауынгер­лерді сапалы азық-түлікпен қам­тамасыз ету. Өйткені жауынгердің көңіл күйі, әскери қызметшінің ден­сау­­лығы көбіне олардың дұ­рыс та­мақ­тануына байланыс­ты десе бо­лады. Қарулы күш­терде азық-тү­лік қызметінің қалып­­тасуын­да­­ғы маңызды сәттер­ді атап өткен ге­не­рал-майор ел тәуелсіздігінің алғаш­қы жыл­дарында Қазақстан Қару­лы Күш­терінің әскери қыз­мет­ші­лері Кеңес армиясының нор­ма­лары­мен тамақтанғанын айтады. 

«30 жыл ішінде азық-түлік рацио­нының нормалары төрт рет өзгерді. 2011 жылы біз бұл жұ­мыс­қа ғалымдарды тарта бастадық. Осы мақсатта Қарулы күш­тердің Материалдық-техни­ка­лық қамтамасыз ету бас бас­қар­­масы «Қазақ тағамтану ака­де­мия­сы» ЖШС-мен азық-түлік үлес­терінің нормаларын әзір­леу­ге қатысты шарт жасасты. Ма­ман­дар шынығуға кететін жүк­те­ме­лердің, орындалатын тап­сыр­малардың ерекшеліктері мен әскер түрлерін ескере отырып, жеке тамақтану рациондарын (ЖТР) әзірледі», дейді ол.

Ғылыми мекеменің ұсыны­сына сәйкес азық-түлік пен су­сын­дардың 85 атауы бойынша азық-түлік рационы мен жеке тамақ­тану рационының құны есеп­телген. Министрлік өкілінің мәлім­д­еуінше, қолданыстағы үлес нормалары ағзаның қорға­ныш күштерін арттыруға және әскери қызметшілердің денсау­лы­ғын нығайтуға оң әсер етеді.

Ал «Әскери қызметшінің рационы қаншалықты өзгерді, ол ағзаның қажеттілігін өтей ала ма?» деген сұраққа жауап беру кезінде М.Таласов бұл қыз­мет түрінде рационның маңыз­ды екеніне тоқталды. «Бұрын құрғақ рационда тек бес тағам түрі, мәселен, печенье, ет және ет-өсімдік консервілері, қант пен шай пайдаланылса, 2017 жылы бекі­тілген тамақтану рацио­ны­ның калория мөлшері мен ассортименті сол кездегі құрғақ рационнан едәуір асып түседі. Мысалы, жалпыәскери тағамға жартылай ысталған шұжық, ірімшік, бал, банан және апельсин қосылды. Рационның әрбір нормасы «Қазақ тағамтану академиясы ҚБ» ЖШС-мен ғылыми тұрғы­дан қарастырылды. Жалпы­әскер­лерден бөлек, десантшы­лар, матростар, ұшқыштар және басқа да әскерлер үшін тамақ­тану нормалары жасалды. Жеке та­ғ­ам рационының пакеттерінде жеті­ден онға дейін тағам түрлері бар.

Дегенмен біз бір орында тұрып қалмаймыз. Қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгершілік күштер құрамында әлемнің шие­леніскен нүктелеріндегі тәжі­ри­беге қатысуы эстетикалық ас­пек­тілер тұрғысынан да азық-түлік үлесін жетілдіру қажеттігін көр­сетті. Біз енді осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», деді генерал.