Кеншілер астанасында қазақ күресінен облыстық деңгейдегі «Сарыарқа барысы» атты турнир өтті. Осымен 11-ші рет жалау көтерген додада өңірдің үздік деген 26 балуаны өзара күш сынасты.
Ауыр салмақты апайтөс балуандар күрескен турнирде Бұқар жырау ауданының намысын жыртқан Ерқанат Молдағұлов белдесулерінің бәрін сәтті өткізіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Финалда ол Шет ауданының атынан шыққан балуан Ақжігіт Ораловты тізе бүктірді. Ал жүлделі үшінші орын Жезқазған қаласынан келіп күрескен Бекзат Ермеков есімді балуанға бұйырды.
«Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қорының спорт менеджері Жасұлан Мұсабеков аталған турнирде жас балуандардың көп болғанын айтады. Мұның өзі өңірде қазақ күресіне деген көзқарастың жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын, насихат жұмыстарының жемісті жүргізіле бастағанын білдіреді деп атап өтті ол.
Сонымен «Сарыарқа барысы» турнирінде топ жарған қос балуан Ерқанат Молдағұлов пен Ақжігіт Оралов шілденің 3-і күні елордада өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болды.
ҚАРАҒАНДЫ