Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы және оның жүзеге асуының міндеттері» атты дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан – тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан кезден бастап әлемдік қауымдастыққа тұрақты әрі қарқынды дамушы ел ретінде кеңінен танылды.
Сондықтан да жиында ынтымағы мен бірлігі жарасқан, халықаралық қарым-қатынасы мен сыртқы жағдайларға өзіндік үн қатқан Қазақ елінің сыртқы дүниемен араласу, қатынас жасау және өзінің ұстанымын нақтылау мәселесі әңгіме арқауына айналып, мемлекеттің келешектегі қадамы тиянақты түрде пысықталды.
Алқалы жиында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады. Президент жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Болат Сұлтанов «Ғаламдық және аймақтық жүйедегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», ал Төтенше және өкілетті елші, СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның жан-жақты дипломатиялық қатынасы және алдағы мүмкіндіктері» деген тақырыптарда баяндама жасап, еліміздің ұстанған саяси бағытын толық қамтитын мағлұмат беріп өтті. Алыс-жақын 16 мемлекеттің елшілері мен консулдықтар өкілдері қатысқан басқосуда, сондай-ақ, Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми бас маманы В.Додонов, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінің профессоры С.Бөлекбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелерін зерттеу институтының директоры К.Байзақов салалық тақырыптар бойынша сөз алып, қатысушылар сауалдарына жауап қайтарды. Дөңгелек үстел «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының мақсаты мен алға қойған міндеттері» және «Қазақстан Республикасы сыртқы саяси стратегиясының аймақтық мүмкіншіліктері мен негізгі ұстанымы» деп аталған екі бөлімде жұмыс істеді.
Еліміздің сыртқы саясаты ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысов Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы өзге елдермен байланысты нығайтуға бағытталғанын, алдағы атқарылар негізгі жұмыс Латын Америкасы мен Африка елдерінде жаңа байланыстарды ашуға жұмылдырылатынын атап өтті. Министрдің атап өткеніндей, Қазақстан Республикасы сыртқы саясаттағы өзінің сыртқы байланыстарын кеңейтпек. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес еліміз Латын Америкасы, Африка елдері сияқты жаңа саяси-экономикалық байланыстардың пайда болуын қамтамасыз ететін болады. «Қазір Қазақстанның өкілдері Бразилияда жұмыс істеп жатыр. Биыл біз Мексика мен Эфиопияда елшілігімізді ашамыз. Бүгінгі таңда Кариб бассейні мен Латын Америкасы бізге жақындай түсті. Осы аймақтарда біз экономикалық қарым-қатынастарды барынша дамытпақпыз», – дей келіп министр еліміздің Африка құрлығына жылжып бара жатқан жаһандық ағыстан сырт қала алмайтындығын, қазіргі таңда Қазақстан Африканың үш тарапынан, атап айтқанда, оңтүстігі, орталығы және солтүстігі арқылы саяси-экономикалық қатынастарын жүргізіп отырғанын, оның мысалы ретінде Мысыр, Оңтүстік Африка Республикасында Қазақстанның елшіліктері жұмыс істеп тұрғанын атап, бұл бағыттың елімізге үлкен мүмкіншіліктер әкелетіндігіне ерекше тоқталды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.