Айман Мұсақожаева Қазақстан Музыка қайраткерлері одағының төрайымы болып сайланды
Кеше Алматыда Қазақстан Музыка қайраткерлерінің одағы кезектен тыс съезд өткізіп, бір ғана мәселені күн тәртібіне шығарды. Өйткені, бұл одақты 25 жыл бойы басқарып келген КСРО-ның халық әртісі, КСРО мен Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор Ермек Серкебаев өмірден озғаны баршамызға аян. Осылайша, біраз уақыт басшысыз қалған одақтың барлық дерлік мүшесі дүйсенбі күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына жиналып, бірауыздан елге белгілі өнер майталманы Айман Мұсақожаеваны төрайым етіп таңдады. Одақ мүшелері дауыс бергенге дейін кезектен тыс съезде осы одақты құрылған күнінен бастап білетін, Қазақ КСР-інің Мәдениет министрі болған, Қазақстанның өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Жексенбек Еркінбеков сөз алып, аталмыш одақтың құрылуына тоқталды. Қазіргі Қазақстан Музыка қайраткерлерінің одағы бастапқыда Қазақ КСР-інің музыкалық қоғамы ретінде 1987 жылы КСРО-ның Бүкілодақтық музыкалық қоғамының құрылымдық бөлімшесі ретінде ұйымдастырылған. Оның басшысы КСРО-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Ленин және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Ирина Архипова болыпты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни 1991 жылы бұл қоғам Қазақстан Республикасы Музыка қайраткерлерінің одағы деп қайтадан өзгертіліп, оның І съезі сайлауының қорытындысы бойынша басқарма төрағасына айтулы тұлға Ермек Серкебаев сайланады. Содан бері одақ ұжымы кәсіби және өнерпаздық музыка өнерінің барлық бағыттарында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, соңғы бес жылда аталмыш одақ халықаралық опера және балет өнерінің фестивальдерін, оның ішінде Дж. Вердидің 200 жылдығын, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын, «Ермек Серкебаев шақырады», Павлодар және Ақтөбе қалаларында республикалық хор фестивалін, Алматы қаласында республикалық камералық ансамбль мен оркестр фестивалдерін өткізуге ұйытқы болды. Сонымен, музыка қайраткерлерінің кезектен тыс өткен съезін Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев ашып: – Осындай ауқымды және аса маңызды шараны өткізу елдің жетекші ұжымдарының шығармашылық белсенділігін арттыратын, музыканттар мен орындаушыларды бір ортаға біріктіретін бірегей іс деп санаймын. Бұл ұйымды 25 жылдан астам уақыт қазақ классикалық өнерінің корифейі Ермек Серкебаев басқарды. Осы аралықта ол музыканттарымыздың шығармашылық әлеуетін арттыру мен кәсіби тұрғыда өсуі үшін жан-жақты мәдени саясат жүргізіп келді. Ендігі басшылық та осы үрдістен айнымайды деген ойдамын. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – отандық мәдениетті, орындаушылық шеберлікті ең жоғары деңгейге жеткізу. Бұл жолда біз ғаламат әлеуетке және Мемлекет басшысының қолдауына иеміз, – деді министрдің орынбасары. Сонымен, аталмыш одақтың жаңа басшысын сайлау ұзақ уақыт алған жоқ. Шығармашылық одақтар жүргізген съездердің ішіндегі ең қысқасы болды. Белгілі скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі Айман Мұсақожаеваның кандидатурасы аталып, одақ мүшелері бір кісідей дауыс берді. Бұдан кейін мінберге одақтың жаңа сайланған төрайымы көтеріліп, өзіне үлкен сенім артқан әріптестеріне шынайы алғысын білдірді. Осыдан кейін одақтың алдағы жоспарларына қысқа тоқталып, негізгі бағыттарды атады. – Елбасы айтқандай, мәдениетке мәдени саясат керек. Біз осы мәдени саясатты қалыптастыруымыз қажет. Мен үшін әлемдік ауқымдағы жұлдыз Ермек Серкебаевтың еңбегін лайықты жалғастыру – үлкен мәртебе! – деді Айман Мұсақожаева. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
•
15 Сәуір, 2014
Ең қысқа өткен съезд
316 рет
көрсетілді