• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Асыл дос

458 рет
көрсетілді

Қанапия екеуміз ҚазМУ-ді 1951 жылы бітірдік. Екеуміз де комсомол қызметіне бардық. Ол – Орталық комитеттің студент жастар бөлімінің меңгерушісі, ал мен Фрунзе аудандық комитетінің хатшысымын. Студент кезімізде де араласып тұрдық. Жолдас едік, енді өмірлік дос болдық. 60 жылда бірде-бір рет бір-бірімізді ренжіткен жоқпыз. Жұбымыз жарасты. Ешбір уақытта сөзге келген емеспіз. Қуанышта да, реніште де біргеміз. Отбасымызбен аралас-құра­ласпыз. Әйелдеріміз Сәлима мен Шәмшия да бірімен-бірі қатты сыйлас­ты. Балаларымыз да (4+4) тату болып ержетті. Адал еңбек еттік. Қиыншылығы да, қызығы да мол өмір сүріп келеміз. Қалай қартайғанымызды байқамай қалған сияқтымыз. Қанапия биыл 90 жасқа келді, мен 87-ге қарадым. Көңіліміз жас. Бірақ ауырамыз. Жақын достарымыз ҚазМУ-ді 1950-52 ж.ж. бітірген жігіттер. Олар Тауман Амандосов, Шәйкен Надиров, Құрманбек Әбілдаев, Қыпшақбай Баймұратов, Дүйсехан Қабдиев, Манаш Қозыбаев, Шериаздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Сыздық Мусин еді. Біздер әр салада, әр дәрежеде, әр қалада абыройлы еңбек еттік. 50-жылдың аяғында Алматыға шоғырланып, әртүрлі лауа­зымды қызметте болдық. Содан бері жұбымыз бұзылмай, достығымыз күннен-күнге нығая түсті. 1961 жылы Тауман Амандосовтың 40 жасқа толғанын тойладық. Сол басқосуда қалжыңдап: «Біріккен колхоз құрайық, атын «Бұрынғы жетім жігіт, болашақ профессор Амандосов атындағы «Оптимист» колхозы» деп қоялық» деп келістік. Жұбайларымыз да қуана қостады. Колхоздың мөрін, кеу­деге тағатын Амандосовтың суреті бар белгісін жасаттық. Ол кезде жалындап тұрған жас едік. Өмірдің ыстық-суығын елемейтін кезіміз ғой. Колхозымыз өмірлі болды. Күні бүгінге дейін іргесі мықты, ырысты. Өсіп-өндік. Балалы-шағалы болдық. Қуанышта да, реніште де біргеміз. Берекелі, тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Колхозымыздың председателі дү­ниеден өткенінше Тауман болды. Қазір – Қанекең. Табиғаттың, жаратылыстың заңын кім жеңген. Өмірден Тауман, Мамыр, Құрманбек, Қыпшақбай, Дүйсехан, Манаш, Жаңыл, Салима, Шәмшиялар өтті. Қайғырдық, жоқтадық... Бәріміз де бір-біріміздің қайғы-қасіреттерімізге ортақ болдық. Жарық дүниеде қалғандардың міндетін дұрыс атқаруға атсалыстық, ел-жұрт алдында ұятқа қалмауға тырыстық. Біз үшін олар өздерімен бірге Заманды, бір Дәуірді көшіріп әкеткендей сезімдеміз. Ортамыз ойсырап қалды... Әрине, тумақ бар да, өлмек бар. Әйтсе де, соны біле тұрып, қимас жандарымыздан айырылғанда қабырғамыз қайысып, көкірегіміз мұң мен шерге толды. Асыл достарымызды сағынамыз, аңсайсыз, көңіліміз құлазиды. Абайдың «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген даналық сөзін басшылыққа алып, олардың ешбірін, ешбір уақытта ұмытпаймыз, әрдайым еске алып, жоқтап отырамыз. Бүгіндері «Оптимист» колхозының балаларын біріктіретін «Үміт» атты колхоздың басшысы Тауманның ұлы – Азамат Амандосов. Қанапия Ахметов колхозымыздың, достығымыздың рухани көсемі. Бұл оның өте таза адами қасиетінің, энци­клопедиялық білімінің арқасы. Қанапия­ны білетін жұрт оның азаматтық, ғалым­дық, ұстаздық бейнесін жоғары баға­лайды. Ол қызметтегі іскерлігімен қатар ғибратты, парасатты, кеңөрісті кісіліктің озық үлгісі бола білді, болып та жүр. Қанапия тіршіліктің қай номинациясынан болса да ең жоғары бағаның иегері екеніне ешбір күмән жоқ деп білемін. Қанапия әке-шешесінен жетім қалып, сегіз жасынан әкесінің туысы Сералының тәрбиесінде болды. Ағасын ешбір ренжіткен жоқ. Өнегелі, ақылды іні болды. 10-шы сыныпта оқып жүріп, 5-6 сыныптарға математикадан сабақ берді. Мектепті үздік бітірді. 1942-46 жылдары Отан соғысына белсенді қатысты. Ерліктері бағаланып, марапатталды. ҚазМУ-де оқып жүріп, қоғамдық жұмыстарға қатысып, үлкен абыройды иеленді. Университетті үздік бітіргеннен кейін Орталық комсомол комитетінде, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, іскерлігі, білімділігінің арқасында қоғам қайраткері болды. Облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне бармай, классикалық білім алу үшін Мәскеуге Қоғамдық ғылымдар академия­сына оқуға кетті. Академияда терең де тиянақты білім алып, ойдағыдай диссертация қорғап, философия ғылымдарының кандидаты болып елге оралды. Бірден Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім мең­геру­ші­сінің орынбасары болып бекітілді. Содан соң Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық комитеттің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы болып сайланды, өзінің білімінің терең екенін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін дәлелдеді. Коммунистер, халық разы болды, абыройы күшейді. Одан кейін ғылыми, ұстаздық жұмысқа ауысты. Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің бірінші проректоры, Денешынықтыру институтының ректоры, Энергетика институтының кафедра меңгерушісі болды. Ғылыми және публицистикалық мақалалар жазды. Ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады. Профессорлық ғылыми атақтың иегері. Барлық жұмысты жоғары дәрежеде атқарып, үлкен шынайы абыройға ие болды, іскерлік көрсетті. Қанекең Салима Жұмабаева сияқты әдемі сұлу жар сүйді. Екеуі өнегелі отбасын құрып, ұрпақ қызығын көрді. Балалары Гүлнар, Гауһар, Хайдар, Айдар және немерелеріне сүйікті де, қадірлі әке-ана, ата-әже болды. Қанапия ағасы Сералының балаларына тамаша шынайы қамқоршы бола білді. Олар балалар үйінде болғанда, кейде мені де ертіп, жиі барып тұрды. Олардың оқуларына, еңбексүйгіш азамат болуларына, отбасын құруларына жетекші болды. Қолынан келген көмегін аямады. Қуанатынымыз, осыншалықты ұзақ уақыт өтсе де (50-60 жыл) бір-бірі­мізге деген достық сезімдерімізді жоғалт­пағанымыз. Өткен уақыт бір-бірімізге деген адалдығымыздың кепілі болды. Мұның бірінші себебі, «колхоз» басшылары Амандосов пен Ахметовтің біздерді бөле-жармай, тең бағалағандары, өзара ынтымақтастыра білгендері. Екінші себебі, біздегі достықтың табиғи жолмен қалыптасуы. Әдейілеп «мен осымен дос болып, пайда көрейін» деген жоқпыз. Бір-бірімізді түсіндік, тұрмыс тауқыметін жеңе білдік, қадірімізді бағаладық, жарасымды қалжыңымызға шыдадық. Бізді өмірдің өзі жақындастырып жіберді. Әрқайсымыздың бойымыздағы өзіндік ерекшелігімізді танып, бағалай білгенімізден достығымыздың ғұмыры осы күнге дейін жалғасып отыр. Достығымызда Қанекеңнің үлесі зор. Қанапия кісілік келбетімен, қайырымды ісімен, энциклопедиялық білімімен, өнегелі өмірімен біздерге үлгі бола білді, болып келеді. Қысқасы, Қанапия Ахметов – ірі тұлға! Ол кімге де болса үлгі болар зия­лы азамат. Оразай БАТЫРБЕКОВ.