Премьер-Министр Қызылжар ауданындағы «Петерфельд-Агро» ЖШС-дегі көктемгі дала жұмыстарымен танысты. Ә.Смайылов шаруа қожалықтарымен және агрокәсіпорындардың басшыларымен қызу сұхбат құрды. Олардың сұрағының негізгі бөлігі салық салу, кадр даярлау, тыңайтқыштар мен тұқым жеткізу жолдары, астық өнімін сатып алу бағасы және субсидия мәселесіне арналды.
Ә.Смайылов Солтүстік Қазақстанның еліміздегі ең үлкен астықты аймақтарының бірі екенін айтып, өңірдің өндірісті әртараптандыруда да алда келе жатқанын жеткізді. «Аймақтың бәсекеге қабілетті аса ірі көлемде өнім өндіре алатын мүмкіндігі мен әлеуеті жоғары. Тек жаңа техника мен технологиялар енгізіп, еңбек өнімділігін үнемі арттыра беру міндетін алға қойып отырмыз. Бұл шаралар халықтың нақты табысын арттырады», деді Үкімет басшысы.
«Петерфельд-Агро» ЖШС облыстағы 22 кәсіпорынның бірі болып тауарлы сүт фермасын ашқан. Қазір аймақта өндірілген сүттің 55 пайызға жуығы өңделеді. Бұл жетістікке аталған кәсіпорын да үлес қосуда. Сонымен бірге биыл облыста тағы 8 тауарлы сүт кешені ашылмақ. Премьер-Министр жыл сайын елімізде кемінде 35 тауарлы сүт фермасы іске қосылып жатқанын айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Петропавл электротехникалық зауыты қызметімен танысты. «Қызылжар» еркін экономикалық аймағында іске қосылған зауыт қазір 1 млрд теңгенің тапсырысы бойынша жұмыс істеуде. Бұл қаражатқа кәсіпорын 4 мың бірлік трансформатор дайындамақ. Қазір мұнда 80 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның директоры Нұржан Абдоллаевтың айтуынша, зауытта кадр мәселесі өзекті. «Маман тапшылығы себепті зауыт толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Зауыттың өндіріс қуаты жылына 13 мың дана өнім шығаруға шақталған. Әзірге тек жылына 4 мың трансформатор ғана шығара аламыз», деді ол. Зауыт цехтарын аралап көрген Премьер-Министр кәсіпорынның жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта қолдау болатынын жеткізді. «Мұндай зауыттар экономиканы әртараптандыру үшін маңызды. Әсіресе, қазір көрші елдерде қосымша нарықтар ашылып жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан осындай жобаларды қолдауға көмек көрсетеміз», деді ол.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан өзге де жобалар туралы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек баяндады. Оның айтуына қарағанда, жалпы құны 320 млрд теңгенің 37 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 4 мың адам жұмыспен қамтылып отыр.
Солтүстікқазақстандықтарды алаңдап отырған бір мәселе – 2-ші жылу-электр орталығының жағдайы. Наурыз айында оның бір мұржасы құлап, қаланы үлкен әбігерге салған. Мамыр айының соңына дейін апаттың орын алу себебі толығымен анықталмақ. Әзірге екі компанияда сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталықтың жұмысын қалпына келтіру үшін 17 млрд теңгеден астам қаражат керек.
Үкімет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.
Ә.Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысын 2025 жылға әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына 1,8 трлн теңге қарастырылғанын атап өтті.
«Өңір басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру. Себебі бұл әлеуметтік-экономикалық дамуға қосымша серпін беруі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр», деді Ә.Смайылов. Ол биыл облысты дамытуға 108,6 млрд теңге көзделгенін, ал бюджетті нақтылау кезінде қосымша 72,7 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Үкімет басшысы сондай-ақ қазіргі геосаяси тұрақсыздыққа байланысты әлемде азық-түлік тауарлары бағасының артқанымен өңір басшылығы ішкі нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуі керегін айтты. «Азық-түлік тапшылығы мен баға өсімін болдырмау үшін қолда бар барлық тетікті тиімді пайдалануы керек. Баға 15 пайыздан аспасын», деді ол. Сонымен бірге оңтүстік өңірлерден және Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден ерте пісетін көкөністерді әкелу үшін тікелей шарттар жасасу қажет екені ескертілді. Үкімет басшысы нақты тапсырмалар қатарында 2023 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар Петропавл – Қорған тас жолы учаскесін толық іске қосуды жүктеді.
Ә.Смайылов жасы 100-ге толған майдангер Валентина Волкодавтың үйіне кіріп, оны Жеңіс мерекесімен құттықтады. 1922 жылы туған В.Волкодав 1-ші Беларусь және 1-ші Украин майдандарында соғысы, 1941 жылдан 1945 жылға дейін соғыста болған.
Солтүстік Қазақстан облысы