• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Ақтаудағы лифтілер «қозғала» бастады

372 рет
көрсетілді

Көп қабатты үйлердің «көлігі» – лифт. Ақтаудағы лифтілердің жағдайы біраз жылдар күрделі мәселеге айналған-ды. Орындары қирай тозып, қаңқалары қалқиған лифтілерден де, ол мәселенің шешілуінен де жұрт күдерін әбден үзгендей еді. Бірақ, өткен жылы Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин лифтіге байланысты жақсы жаңалықты жұртшылыққа жария етті. «Ақтаудағы көп қабатты үй­лер­дегі жұмыс істемей тұрған лифтілер жаңартылады». Қала әкімі тарапынан айтылған жаңа­лық жұртшылыққа тез тарады. Уәде орындалуымен жақсы емес пе, былтырдың өзінде қалада төрт жаңа лифт іске қосылып, тұр­ғын­дарды қуанышқа бөледі. Лифтілендіру ісі биыл да жалғасын тапты. Өйткені, 2014-2018 жылдар аралығында Ақтау қаласының тұрғын үйлеріне жаңа лифтілерді орнату бойынша жасақталған іс-шаралар жоспары бұл іске дем берді. Лифт арзан дүние емес, ал оның байырғы шахталарға жарайтын түрін табудың өзі қиын екен. Кезінде лифтілер Ақтауға сол кездегі Ленинград қаласындағы зауыттан әкелініпті.  Бұл жолы да ақтаулық үйлердің шахтасына ыңғайлы лифтілер лифт жасауға машықтанған  Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы зау­ыттан сатып алынды. Биыл Ақтауда 23 лифт қондыру жоспарланыпты. Жуырда 2013 жылдың жел­тоқсан айында сатып алынған 8 лифтіні 7 қабатты екі үйге, 9 қабатты төрт үйге және 11 қабатты екі үйге орнату үшін мердігер мекеме анықталып, монтаждау жұ­мыстарын бастап кетті. «Ақ­тау қалалық лифт» ЖШС монтаж­дауды үш ай ішінде аяқтап беруге уәде етіп отыр. Ал қалған 15 лифтіні орнату үшін жұмысты  жауапкершілікпен мойнына алып, жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау конкурстары өтуде. – 2018 жылға дейін лифт қажет етілетін 108 үйге толықтай орнатылады деп күтілуде. Оларды орнату кезегі Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған мәлімет негізінде мүгедек жандар­дың санына қарай жүзеге асырылады, – дейді Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ба­тыр Жайлауов. Көп қабатты үйлерде бірнеше жылдар бойы аңғал-саңғал болып тұрған лифт орындары жаңарып, жаңғыруда. Қызығын көретін тұрғындар, сондықтан оның бала-шаға мен тентек-телілердің теп­кісінен, жазу-сызу, шимай-шат­пақтан таза болуына тұрғындар атсалысса ғой! Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».   АҚТАУ.