• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2022

Референдум бойынша отырыс өткізді

983 рет
көрсетілді

Елімізде 5 маусымда болатын ең маңызды саяси іс-шара – республикалық референдум өткізуге дайындық басталып кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалды республикалық референдумға шығару туралы қаулыға қол қойды. 27 жылдан кейін екінші рет қолға алынып отырған осынау саяси іс-шараны іске асыруға барша қоғамдық ұйымдар белсене кірісіп жатыр. Amanat партиясының облыстық филиалында да референдумды халыққа түсіндіру бойынша штаб құрылды.

Ал 5 мамырда Петропавл қала­сында Sarap эксперттік клубының «Референдум 2022: саяси жүйені либерализациялау» тақырыбында аймақтық отырысы өтті. Іс-шара­ны Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің қолдауымен «Қазақ­стандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды. Оны «Қазақ­стандық қоғамдық даму инсти­туты» КеАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов ашып жүргі­зіп отырды. Ол жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының XXXI сессиясында сөй­леген сөзінде Конституцияға өзгеріс­тер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынғанын еске салды. «Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабы­на түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлі­гі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңес­тің қарауына жіберілді, жақын ара­да шешімін шығарады. Алдағы ауқым­ды әрі маңызды өзгерістер ел бо­лашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», деген еді онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Петропавл қаласында өткен іс-шара­ға қоғам қайраткерлері, мем­лекеттік органдардың өкілдері, облыс­тық мәслихат депутаттары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты. Отырыс барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты мәселелер талқыланды. Парла­мент­тің рөлін арттыру, Үкіметтің Пар­ламентке есеп беруі, халықтың сайлау құқын жетілдіру, партиялық тізіммен қатар мажоритарлық жүйенің енгізілуі, Президенттің саяси партиялардың бәріне ортақ болуы үшін бір партияның мүшесі болудан бас тартуы сияқты өз­герістер туралы жиналғандар өздері­нің пікірлерін білдірді. Соның ішін­де Жаңа Қазақстанды құрудағы рефе­рен­думның рөлі туралы айтылды. Оты­рысқа қатысушылар дауыс беру қоры­тындысы елдегі қоғамдық-саяси жағ­дайға оң әсер етеді деген қорытындыға келді.

 

ПЕТРОПАВЛ