Қостанай облысының Қарасу ауданы жағынан тосын келген қарғын су Алматы-Екатеринбург бағытындағы тасжолдың бір бөлігін шайып кетіп, көліктер арнайы техникалардың көмегімен айналма жол арқылы трассаға шығуға мәжбүр болды. Апат болған аймаққа жеткен облыс әкімі Самат Ескендіров жағдайды шұғыл түзету шараларын қабылдады.
Нәтижесінде 20-ға жуық КамАЗ көліктері, экскаваторлар жұмылдырылып, іңір қараңғылығында жолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Төтенше жағдайлар министрлігінен қосымша күштер тартылып, Алматы қаласының №28237 әскери бөлімінен келген қырық сарбаз да белсенділік көрсетті.
Ғ.Мүсірепов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жетекшісі Әмір Бекшентаевтың айтуынша, Шарық су қоймасының жайы сын көтермейді. Осыдан он жыл бұрын жеңіл-желпі жөндеу көргені болмаса, гидротораптардың 70 пайызының тозығы жеткен. 8 науаның 3-уі ғана қар суын өткізуге қауқарлы. Бөгет сыр берсе, Рузаевка, Көкалажар, Мәдениет, Чернобаевка елді мекендерін су алып кету қаупі бар.
Самат Сапарбекұлы «Қазавтодор» мекемесімен бірлесе отырып, жазда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін қадап айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.