Он миллион теңгесінен айырылып, зар жылап полицияға шағынған жәбірленуші әйел алаяқтардың қитұрқы әрекеттері туралы өзінің көп естігенін айтқан. Бірақ қапелімде солардың арбауына түсіп қалармын деп ешқашан ойламағанын жеткізген. Осыған қарағанда біздегі интернет алаяқтар адамға бұлтартпас әрекет ететін психологиялық әдістерді де меңгере бастаған сияқты.
Әйелге телефон соққан алаяқ өзін банк менеджерімін деп таныстырған. Банкілік терминдермен барынша ресми түрде сөйлеп, әйелдің телефон тұтқасын қайыруына мұрсат бермей, жабысып тұрып алған. Алаяқ әйелдің атына біреу аса ірі көлемде несие ресімдеуге әрекет етіп жатқанын айтып, сіз оған келіспегеніңіз дұрыс қой деп «жанашырлықпен» ескерткен. Әрине, жәбірленуші де өзінің келіспейтінін айтқан. Онда қазір сізбен қауіпсіздік қызметінің қызметкері байланысады деп «жанашыр» әңгімені үзеді. Аз уақыттан соң әйелге біреу WhatsApp арқылы хабарласады. Жаңа адамның дауысы қастандықтың алдын алу үшін әйелге ірі көлемде несие алу керектігін ескертіп және оны запастағы есепшотқа аудару керектігіне сендіреді.
«Шығасыға иесі басшы» дегендей әйел алаяқтың сөздеріне есінен айырыла сенгені сондай банкке барып, онда 4,5 млн теңгеге несие алып және оған өзінің депозиттегі қаражатын қосып, алаяқ көрсеткен реквизиттерге аударады.
Ақыл-есі дұрыс адамның осынша алдануы мүмкін емес қой?! Бұл жерде әйелге бір сиқырлы әдіспен психологиялық қысым жасалып тұрғаны көрініп тұр. Ол тіпті алаяқтың бұл операциялар туралы ешкімге айтпау керектігін, «өйткені бұған банк қызметкерлерінің қатыстылығы бар, қазір қауіпсіздік қызметі оларды анықтауда» деген «жанашырлығын» да ескерген.
Алаяқ бұдан кейін де сенгіш әйелдің соңынан қалмай, басқа банкте де сондай операциялар жасауға әрекеттенген. Әйел тек бірнеше күннен кейін ғана өзінің алаяқтарға алданғанын білген.
«Аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Шығын сомасы 10 миллионға жуық теңгені құрады. Бұл жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар азаматтарға келтірген ең ірі шығын болып саналады. Адамдарды қандай жағдай болсын «банкіден шалынатын қоңырауларға» сенбеуге шақырамыз. Егер қаражатыңыздың сақтығына қатысты күмән болса, банкіге өздеріңіздің жүгінгендеріңіз жөн», деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Облыста 3 айдың ішінде 214 интернет алаяқтық тіркелсе, соның 40-ы жоғарыда аталған жолмен жасалған.
Солтүстік Қазақстан облысы