Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысының ПД «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізді. Онда полицейлердің тек кәсіби және күштік қабілеті ғана емес, шығармашылық, көшбасшылық қасиеттері де сыналды. Басты шарт – мемлекеттік тілді қолдану шеберлігі болды.
Байқаудың бірінші кезеңінде спорттық сынақтар өткізіліп, қару қолдану даярлығы, жүгіру жылдамдығы, қол қайраты, тирдегі нысананы ату дәлдігі сыналды. Қалған кезеңдер – интеллектуалдық және шығармашылық бағытқа арналды. «Өзін таныстыру», «Үй тапсырмасы», өнер және сұрақ-жауап сынақтарына қатысушылар мұқият дайындалғандығын көрсетті.
Байқауға облыстық полиция аппараты жетекші бөліністерінің қызметкерлері қатысты. Жедел уәкілдер, тергеуші, криминалист, айдауыл, күзет полицейі – бәр-бәрінің арасынан сынаққа қатысушылар болды. Қазылар алқасының құрамында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов, облыс әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бас маманы Фарида Тұяқова, СҚО ПД және Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов, СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәуле Андағұлова болды.
Жеке өнерін көрсеткендер арасында Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция майоры Ниязбек Қожахметов көрермен қауымды таңғалдырды. Ол өрім өнерін бала кезінен үйренген екен, қазылар алдында қамшыны қысқа мерзімде шебер өріп берді. Сонымен бірге өрім әдістері туралы, қамшыны пайдалану ырымдары туралы да қысқаша баяндады.
Ән орындауда аға жедел уәкіл, полиция майоры Ринат Ыбраев «Отан Ана» әнін ерекше айтып, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Жігіт сұлтаны» байқауының қорытындысы бойынша «Өнерлі жігіт» номинациясында аға жедел уәкіл, полиция майоры Ринат Ыбраев үздік деп танылды. «Білімді мыңды жығар» номинациясы бойынша Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әділ Шұғаев, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша жедел уәкіл, полиция капитаны Жастілек Есдәулетов, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы бойынша Тылдық қамтамасыз ету басқармасының полицейі, полиция сержанты Бахтияр Әубәкіров жеңімпаз деп танылды. Үздік шыққандарға сыйлықтарды ПД бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдылдинов тапсырды.
ПЕТРОПАВЛ