Германияның ірі бизнес өкілдері Ресейдегі кәсіпорындарын Қазақстанға көшіруге ниетті. Бұл туралы Герман экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазірдің өзінде Ресейден Қазақстанға, Орталық Азияға бағдар жасап отырған компаниялар жайында естіп жатырмыз. Герман компанияларының Ресейден Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырғанын да білеміз. Кейбіреулердің Ресейде серіктестері болды және енді олар Қазақстанның мүмкіндіктерін қолданғылары, Қазақстан нарығында серіктес тапқылары келеді», деді ол елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумында.
Ол, сондай-ақ Қазақстанның кәсіпкерлік әлеуеті зор екендігін, оны герман бизнесі де мойындайтынын айтты.
«Таяу уақытта үлкен өзгерістер болатындығын көріп отырмыз. Мен герман бизнесін бізге қосылуға шақырамын. Көптеген компания қазірдің өзінде бізге жүгініп жатыр. Бұл Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып отырған барлық герман компаниясы үшін жақсы белгі», деп қосты Михаэль Хармс.