• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 12 Мамыр, 2022

Референдумның маңызын түсіндірді

5805 рет
көрсетілді

Конституциялық референдум өткізуге бір айдан аз уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.

Республика бойынша өткізі­летін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін, қоғамдық ой-пікір­ді талқылап-таразылау мақ­сатында Қазақстан халқы Ассам­блея­сының атынан сайланған Парла­мент Мәжілісінің депутаттары Сауыт­бек Абдрахманов пен Юрий Ли Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы №53 мектеп-лицейіне барды. Мәжілісмендер Нұр-Сұлтан қала­сы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасар­лары мен орта білім беру ұйым­дарының тарих мұғалімдеріне «Ре­ферендум-2022: Қазақстан Рес­пуб­ликасы тарихындағы рөлі мен ма­ңызы» тақырыбында семинар өткізді.

«Осы кездесуге келе жатып қал­та телефонымнан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынадай сөздерін оқыдым: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына тү­зе­тулер енгізіледі. Менің мақ­сатым – халқыма мейлінше еркін­дік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын». Алда бо­латын референдумның ең негізгі ой-түйінін осы сөзбен айтуға болады. Президент өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей бо­луы үшін, мемлекеттің ісін бар­лық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өткізгелі отыр. 1995 жылдан бері референдум өткі­зілген емес. 27 жыл бойы. Осы жылдардың ішінде референдум шақыратындай да жағдайлар болды. Төрт рет конституция өзгерді, бірақ барлығы парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет болып отыр. Өйткені конституцияның 33 бабына яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең қағидатты мәселелер жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкі­лет­тік­терінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейткелі отыр. Басқа да көптеген өзгеріс бар», деді Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Сауытбек Абдрах­манов.

Семинар барысында Нұр-Сұлтан қаласы №85 мектеп-лицейі­нің тарих пәні мұғалімі Сә­бира Мұқанова республикалық рефе­рендум өткізу тәртібі туралы баян­дама жасап, референдумға қа­тысты Конституциясының Қоры­тынды және өтпелі ережелер 9 бөлімінің 90 және 91-баптарды таныстырып өтті.

«Осы Конституциялық заң Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­туциясына сәйкес респуб­л­икалық референдумды тағай­ын­дау, әзірлеу және өткізу тәр­тібін белгілейді. 1-бап Респуб­ликалық референдум ұғымы, 2-бап Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер, 4-бап Республикалық референдум принциптері, 9-бап Республикалық референдум туралы заңдармен таныстырдым. Сонымен бірге 18, 19, 20, 30-баптар таныстырылды. Қа­зақ­стан Халқы Ассамблеясы оты­рысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу жөнінде референдум өткізу ұсы­нысына тоқталып өттім», деді ол.

Сонымен қатар кеше Мәжі­ліс депутаты Юрий Ли «Рефе­рен­дум-2022: Қазақстан Консти­ту­циясына түзетулер бойынша» Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатының ұжымымен кездесіп, пайымды пікір, орамды ойларын ортаға салды. Мақсат – Конс­титуциялық референдумның маңыздылығын түсіндіру. Депутат референдумның стратегиялық маңызына тоқталды. Айтуынша, осы уақытқа дейін жергілікті мәслихат әкімдердің ығына жығылып келген. Енді аудандық, облыстық және қалалық деңгейдегі сайла­натын депутаттардың орнына қоғамдық-саяси мәселелерде өзінің айтары бар азаматтардың келуі қалыптасқалы жатыр.

«Референдумға қатысып, ой-пі­кірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Бұл дегеніміз – тарихи сәт. Өзге­ріс­тердің ең негізгілеріне «суперпре­зиденттік» басқару үлгісінен алшақтауды айтуға болады. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүмкіндіктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да консти­туциялық реформаға сәйкес енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды», деді Парламент Мәжі­лісінің депутаты.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жоғары көлік және коммуникация колледжі» шаруашылық жүргізу құқығын­дағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында «Референдум өткі­зудегі азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҮЕҰ және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

«Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланыс­ты емес, ол тұтас мемлекеттің бола­ша­ғына әсер ететін, бұдан да жар­қын келешектің іргетасын қалай­тын аса маңызды күн деп ойлай­мын. Өйткені қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күр­делі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті Президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя оты­рып, осындай маңызды шешім қа­былдап отырғаны анық. Бұл осы елдің азаматы ретінде мені де қатты қуантты. Бүгінгі таңда елі­міз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орын­дауға тиіс. Себебі еліміздің бола­ша­ғы­ның дамуы тікелей осы рефе­рендумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек деп ойлаймын», деді Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Назгүл Мақжан.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Сұлтанұлы елімізде болып жатқан реформалардың бәрі Мемлекет басшысының сайлауалды бағ­дар­ламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек екенін алға тартты.

«Бүгін біз үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп осындай дөңгөлек үстел ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шараның да негізгі мақсаты – контитуциялық реформаны бұхара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 маусымда болатын жал­пыұлттық референдум жайлы шешімі мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы күнге маңызды қадам жасауға жетеледі. Иә, елімізде осындай үлкен саяси науқан басталып кетті. Араға 27 жыл салып конституциялық рефе­­рен­дум өткізгелі жатырмыз. Қазір осы референдум өт­кізу туралы барлық өңірде рес­пуб­ли­калық штабтың өкілдері өз­дерінің жұмыстарын жүргізуде. Біз­дің бү­гінгі мақсатымыз да – рефе­рен­думның мән мен маңызын тү­сін­діру, халықты кеңінен ақпа­рат­­тан­дыру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы прези­дент бо­лып сайланғанда өзі­нің бағ­дар­ламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтер­ді. Бірінші – халықтың әл-ауқа­тын көтеру, екінші – әділет, үшін­ші – даму. Қазіргі болып жат­қан реформалардың бәрі де прези­ден­тіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек», деді З.Сұлтанұлы.