2022 жылы елімізде жоғары білімі бар кәсіпкерлер үлесі 61,3 пайызды құрапты. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға төмен. Solva компаниясы жүргізген арнайы зерттеуге қатысқан кәсіпкерлердің көбі бизнес жүргізу үшін білім аса қажет емес деп ойлайтындарын айтқан.
Зерттеуге 12 мың респондент қатысқан. Оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдері де, жеке кәсіпкерлер де, ірі компания өкілдері де бар. Қатысушылардың 55 пайызы 35-40 жас аралығындағы азаматтар болса, 23 пайызын 20-25 жастағы кәсіпкерлер құрайды. 45-50 жас аралығындағы аға буынның үлесі 12 пайызға жетеғабыл. Ал жасы 55-тен асып кеткен кәсіпкерлердің үлесі 10 пайыз екен.
Олардың 61,3 пайызында жоғары білім болса, 14 пайызы арнаулы орта біліммен шектелген, 3 пайызында аяқталмаған жоғары білім бар. Өзгелерінде арнаулы білім де, жоғары білім де жоқ. Тиісінше, жастар (20-25 жас аралығындағылар) кәсіп тізгінін ұстау үшін университетте оқу міндетті емес деген ұстанымда. Олар арнайы білім алмай, Instagram мен TikTok желілерін пайдаланып-ақ кәсіптерін дөңгелете алатынын жеткізген. Ал 25 пайызы білім бәрібір қажет деген пікірде. Бірақ солай ойлайтындардың өзі алған білімдерімен кәсіп атқармайды. Демек олар жоғары білімсіз де бизнесте табысты бола алатынын дәлелдеген жандар.
30-45 жас аралығындағы респонденттердің пікіріне қарағанда, кәсіпкерлік қызметті алып жүру үшін білім қажет. Сауалдамаға қатысқандардың 20 пайызы семинар, шеберлік сыныбы, өзге де кәсіпке қатысты курстарды жібермей баратындар тобынан болып шыққан. Олар қосымша білімге аямай ақша төлеп, сол арқылы бизнестегі қабілеттерін жетілдіре түсуді көздейді. Білім қажет деушілер жоғары білім алған азаматтар кез келген қосымша ақпаратты тез сіңіреді, көзі ашық болады, қоғамдық процестерде жедел бой үйретеді деп санайды.
Зерттеуге қатысушылар неліктен бизнеске келгендерін де айтқан. Олардың 30 пайызы – жоғары табысты болу үшін бизнеске келсе, 25 пайызы – басшылыққа тәуелді болмас үшін, 24 пайызы – өз-өздерін дамыту мақсатында, 15 пайызы – отбасы мен денсаулығына көңіл бөлу қамымен, 5 пайызы – белсенділігін қоғам мойындау үшін, 1 пайызы – өмірлік қажеттілігіне орай бизнес жолын таңдаған.