• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2014

Басты бағыт – төрешілдікті болдырмау

389 рет
көрсетілді

«Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Асхат ШӘКЕНОВПЕН сұхбат – Асхат Мейрамбекұлы, сұхбатымызды халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы, оның бүгінгі жағдайы жайлы әңгімеден бастасақ. – Халыққа қызмет көрсету орталығы – сапа мен уақыт үнемділігін, әдептілік пен қызметтердің қолжетімділігін басты қағидатына айналдырған бірден-бір мемлекеттік орын. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына деген қажеттілік күннен-күнге өсуде. Сапалы және қолжетімді қызмет көрсету арқылы бұл мекеме өз орнын нығайта түсері сөзсіз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Қазақстандықтар 2013 жылдан бастап мемлекеттен рұқсат етілетін құжаттардың бәрін электрондық форматта немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алулары тиіс», деген болатын. Бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсету орталық­тарында 171 мемлекеттік қызмет ұсынылады. Мысалға алғанда, 2011 жылы Ха­лыққа қызмет көрсету орталықтары барлығы 59 қызмет көрсететін, ал 2012 жылы олардың саны 113-ке дейін өскен. Үстіміздегі жылы тағы да 20 мемлекеттік қызмет түрі қосылады деп жоспарлануда. Соңғы қосылған қызметтердің бірі  «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою».  Мұнда азамат сауалнамада қандай білім алғаны, қай тілді білетіндігі, қызығушылығы және бос уақытында немен айналысатындығы туралы ақпаратты көрсете алады. Бұл өз кезегінде іздеу үдерісін жеңілдетеді және оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бұл қызметті кез келген ХҚКО бөлімінен алуға болады. Тіркеуге және есепке қоюға кететін уақыт – күнтізбелік 10 күн. Бұрын бұл қызметті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары ғана ұсынатын, енді осы жылдың қаңтар айынан бастап бұл қызметті ХҚКО-да алуға болады, сонымен бірге Электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса қызметті алу үшін «Электронды үкімет» сайтына жүгінуге болады. ХҚКО жұмыс дамуының басты бағыты – бюрократизмді, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, «жалғыз терезе» қағидаты бойынша халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Мәселен, бұрын жылжымайтын мүлік туралы анықтаманы немесе басқа қызметтерді алу барысында және құжатты белгіленген мерзімінен ерте алу үшін аз-көпті ақша, баж салығы төленетін. Ал қазір, әсіресе қарапайым адамдарға жеңіл болды. Таныстарды да іздеу керек емес, ақша да шенеунік қалтасына емес, мемлекет қазынасына түседі. Біз бүгін, жемқорлыққа жол бермеу үшін, тура байланыс жасалмау үшін, уәкілетті орган мен клиенттің арасындағы дәнекерміз. Жүйе жылдан-жылға жетілдіріліп келеді. Бұл жүйе өз-өзін ақтады. Әсіресе, «Электронды үкiмет» жүйесi енгiзiлiп, қызу жұмыс жүрiп жатқанын айтуға болады. – Осы «Электронды үкiмет» жүйесiне кеңірек тоқталсаңыз. – «Электронды үкiмет» ұғымы барлық мемлекеттiк ор­ган­дардың басын бiрiктiрiп, оларға интернеттiң, электронды терминалдардың немесе ұялы телефондардың көмегiмен тұрғындарға қызмет көрсетуге мүмкiндiк беретiн бiртұтас жүйенi бiлдiредi. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның «Электронды үкiмет» порталының қоғамдық сұраныстар үдесiнен шығатын мүмкiндiгi мол. Порталда экономика, бiлiм беру, мәдениет, еңбек, денсаулық сақтау, спорт, туризм және адам өмiрiнiң өзге де салалары бойынша бiрнеше мәтiндiк бөлiмдерде бiрнеше ақпараттық қызмет көрсетiледi. «Электронды үкiмет» порталы тек ақпараттық ресурс қана емес, оның пайдаланушыларына мемлекеттiк органдардың әртүрлi электронды қызметтерiн ұсынады. Яғни үйде отырып-ақ, түздiң жұмысын бiтiруге болады деген сөз. Кешегiдей көп уақытыңызды кезекте тұруға жұмсамай, әуре-сарсаңға түспей, бюрократизмге ұрынбай, делдалдарға шығынданбай-ақ мемлекеттiк анықтамаларды үйдегi компьютермен тындыруға болады. – Елімізде бұл жүйені, яғни «Электронды үкімет» жүйесін енгізу идеясы қалай туды? – Елiмiзде электронды үкiмет құру идеясын Мемлекет басшысы ұсынған едi. 2004 жылғы 10 қарашада Президент Жарлығымен электронды үкiметтi ендiру туралы мемлекеттiк бағдарлама бекiтiлiп, Е-үкiметтi қалыптастыру және дамыту үшiн 4 кезең таңдап алынды. Сөйтiп, бағдарламаны iске асыру кезең-кезеңмен жүзеге асырыла бастады. Бiрiншi, ақпаратты жариялау және тарату. Екiншi, мемлекеттiк орган мен азаматтар арасындағы өзара iс-қимылдың керi және тура жолымен интерактивтiк қызметтердi беру. Үшiншi, қаржылық және заңдық операция­ларды үкiмет порталы арқылы iске асыру транзакциялық өзара iс-қимылы. Төртiншi, ақпараттық қоғамды қалыптастыру. Бағдарлама 2005 жылы iске қосылып, екi жыл iшiнде электронды үкiметтiң инфрақұрылымы қалыптасты. Ал, 2007 жылы бүкiл ел бойынша бiрыңғай тiзiлiмге бiрiктiрiлген жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк деректер қоры тұрақты пайдалануға берiлiп, мемлекеттiк органдардың 20 интерактивтiк қызметтерi iске асырылды. – ХҚКО электрондық ара­ла­судың тағы да қандай жаңа­лықтары бар? – Жетістіктері көп. Электроника тек қана клиенттерге ғана жұмыс істемейді, сонымен қатар біз де жетілеміз. Көрсеткіштердің тиімділік коэффициенті бойынша еңбекақыны төлеу жүйесі өзгерді. Ол оператордың жұмысына ба­ға береді, бұрын оны пайдалы әрекеттің коэффициенті деп атайтын. Егер шағым болмаса және қыз­мет көрсету жылдамдығы жақсы болса, қызметкерге бөлек үстемақы төленеді. Электронды жүйе оған өзі баға қояды. – Қазіргі күні Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, адамдар көп жиналатын орындар­да ҚҚП дүңгіршектерін кездес­тіреміз. Осы қоғамдық қолжетім­ді­лік пункттері туралы да айта кетсеңіз? – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агент­тігі «Электронды үкімет» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында қо­ғамдық қолжетімділік пункт­тері желісін ашқан болатын. Мем­лекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шаралары жоспарына сәй­кес «Электронды үкімет» құру Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдары іске асты. Қа­зақ­стан Республикасының Бай­ланыс және ақпарат агенттігі облыс әкімдіктерімен бірге интернетке қосылатын екі түрлі қоғамдық қолжетімділік пункттері желісін құру жұмыстарын жүргізді. Қо­ғамдық қолжетімділік пункттері арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі көз­дері: «Е-үкімет» веб-порталы; Әкім­діктер веб-порталдары; басқа да ақпараттық жүйелер мен веб-ресурстар. Алматы қалалық ХҚКО аудандық бөлімдерінде 25 ҚҚП орнатылған. Өткен жылғы 12 айда азаматтар ҚҚП арқылы 1 611 180 ақпараттық анықтамалар алды. – Халыққа қызмет көрсету ор­та­лығында мүгедектерге көр­сеті­летін қандай мүмкіндіктер бар? – Әрбір елдің еңбекке жарамсыз азаматтары, өз қызметінің нысаны етіп әлеуметтік саясатты қоятын мемлекеттің қамқорлығында болады. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми деректерге сүйенсек, 506,4 мың мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады екен. Бұл жалпы халықтың 3%-ын құрап отыр. Мемлекеттің егде жастағы адамдары мен мүгедектерге деген негізгі қамқорлығы, оларға материалдық қолдауы (зейнетақы, өтемақы, жеңілдіктер және т.б.) болып табылады. Алайда, еңбекке жарамсыз жандар, тек материалдық көмекке ғана мұқтаж емес. Оларға физикалық, психологиялық, ұйымдастырушылық және басқа да көмектер көрсету маңызды рөл атқарады. Айналасындағылардың ықыласына бөленгенді жаны сүйетін, сәлемдесіп, көңіл аудар­ғанның өзін үлкен мәртебе санайтын жарымжан жандар үшін бұл маңызды. Біреудің көмегіне зәру кембағал жандарға құрметтің қай түрі де артықтық етпейді. Енді ХҚКО-да мүгедектерге көрсетілетін әртүрлі көмектерге қатысты құжаттарды рәсімдеуге болады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жалғызiлiктi, жалғыз тұра­тын қарттарға, бөгде адамның күтiмiне және жәрдемiне мұқтаж мүгедектерге және мүгедек ба­ла­ларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетуге құжаттарды ресiмдеу» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, сондай-ақ баламалы түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қызмет көрсетіледі. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінге дейін Алматы қаласы бойынша мүгедек жандардан 100-ден аса өтініш түсті. Оның ішінде 80-нен аса өтініш бойынша қызмет көрсетілді. – Асхат Мейрамбекұлы, Ал­ма­ты қалалық ХҚКО халық­қа мем­лекеттік қызметті ұсы­нып отыр­ған үлкен ұжым болған­дықтан, сыбайлас жемқор­лық­тың қылаң беріп қалатын кез­дері болуы заңдылық. Сыбай­лас жемқорлықтың жолын кесу үшін қандай шараларды қолға алып отырсыздар? – «ХҚКО – сыбайлас жемқор­лық­сыз аймақ» ақпараттық-наси­хаттық акция аясында ХҚКО РМК Алматы қаласы бойынша филиалы «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы және Алматы қалалық Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі (қаржы полициясы) департаментімен әріптестік меморандум жасай отырып, қазіргі таңда қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу және сөзбұйдалықтың алдын алу шараларын бірлесе жүзеге асыруды қолға алған. Мәселен, өткен жылдың 22 маусымында – Алматы қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полиция­сы) департаменті өкілдерімен бірге «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында аудандық ХҚКО бөлімдері басшыларына халық арасында тарату үшін материалдар таратылды. Жалпы, ХҚКО мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сүйене отырып қызмет көрсете отыра, сыбайлас жемқорлықпен үйлесімді және шешуші түрде ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы түрде күрес жүр­­гізіп, халыққа ақпараттық кө­мек­­тің көрсетілуін қамтамасыз етуде. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». Алматы.