Алматы облысының Текелі қаласында орын алған төтенше жағдай салдарын жоюға 28237 әскери бөлімінің 100 қызметкері мен 7 техникасы тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әскери қызметшілер мен жергілікті атқарушы органдардың арнайы техникасы жеке үйлер мен көшелер аумағындағы балшықты тазартып жатыр.
«Лай көшкінінен кейін жалпы 890 текше метр балшық шығарылды, барлығы 81 рейс жасалды. Қазіргі уақытта Қонаев көшесі балшық массасынан тазартылды. Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге Алматы облысы ТЖД-нің 8 қызметкері мен 3 техникасы, полиция бөлімінің 6 қызметкері мен 2 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 20 қызметкері мен 10 техникасы, 16 қызметкері мен 8 техникасы, оның ішінде «Қазселденқорғау» ММ-нің 3 техникасы жұмылдырылды», делінген жергілікті ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше 15 мамыр күні сағат 12:10-да Алматы облысының Текелі қаласында (балшық массасы, алдын ала есептелген ұзындығы - 50 метр, ені - 25 метр, биіктігі - 3,5 метр, көлемі - 4375 текше метр) су тасқыны орын алды. Апат салдарынан 5 жастағы қыз көз жұмды.