Кеше бокстан Ыстанбұлда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалдық сайыстары өтті. Жарыстың күндізгі бағдарламасында бес боксшымыз шаршы алаңға шығып, солардың төртеуі жартылай финалға жолдама алды. Олар – Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Валентина Хальзова. Ал кешкі бағдарламада сынға түскен Дина Жоламан да жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыс басталған бетте Назым Қызайбай (50 кило), Римма Волосенко (60 кило), Аида Әбікеева (63 кило), Дариға Шәкімова (66 кило), Надежда Рябец (75 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) сынды белді боксшыларымыз жеңілістің кермек дәмін татқанда қазақ жанкүйерлерінің көңілі қатты құлазыған еді. Оған Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) туы астында өнер көрсеткен атышулы Ангелина Лукасты қосыңыз. Олар «Біздің еш кінәміз жоқ. Барлық «гәп» төрешілерде» деп қанша жерден ақталса да, биылғы жылдың басты додасына боксшыларымыздың тым нашар даярлықпен келгені сырт көзге анық байқалды. Осылайша, Түркияға сапар шеккен 12 боксшымыздың тең жартысы жарысты аяқтап, қалған алтауы ширек финалға жолдама алған еді.
Кеше ширек финалдық сайыстар өтті. Бұл жолы былғары қолғап шеберлеріміз құлазыған көңілімізді бір серпілтіп тастады. 48 кило салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова үндістандық Ниту Нитуды әдемі ұтса, іле-шала рингке 52 кило салмақтағы Жайна Шекербекова көтерілді. Италиялық Олена Савчукке қарсы сайыста дұрыс тактика құра білген Жайна жеңіске жетті. 57 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Карина Ибрагимова осы межеде мықты қарсыласқа тап болды. Ол Еуропа ойындарының күміс және Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері ирландиялық Микаэла Уолшпен күш сынасты. Алайда қарсыласының атағынан еш қаймықпаған Карина көздеген мақсатына қол жеткізді.
Валентина Хальзова (70 кило) аустралиялық Кэй Скоттпен қолғап түйістірді. 36 жастағы жасыл құрлықтың өкілі 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілген еді. Ол кезде Кэй 81 кило салмақта өнер көрсетті. Одан кейін салмақ қуып, өзінен әлдеқайда жеңіл қарсыластармен жұдырықтасуды жөн көрген екен. Бірінші раундтан бастап тізгінді өз қолына алған Валентина қарсыласының еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер бірауыздан Хальзованың мықтылығын мойындады. Бесінші болып шаршы алаңға шыққан Гүлсая Ержанның (81 кило) литвалық Габриэле Стонкутеге әлі жетпеді. Ал кешкі бағдарламада Дина Жоламан (54 кило) Елена Зекичпен шеберлік байқасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған жарыс 20 мамырда өз мәресіне жетеді. Әлем чемпионы атанған боксшылар 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алса, финалға шыққандар 50 мыңды қалтаға басады. Ал қола жүлдегерлерге 25 мың доллардан тиеді.