• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Мамыр, 2022

Көліктің кезегі

357 рет
көрсетілді

АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейган айтқан мына бір анекдот бүгінгі күннің бүлкілінен хабар беріп тұрғандай.

«КСРО-да, – дейді әзілге жақын Рейган, – автомобиль сатып алу үшін алдын ала аванс төлеп, он жыл бойы кезекте тұрасыз. Міне, сондай адамның бірі арнайы мекемеге келіп, аванс төлепті. Сонда қызмет көрсетуші былай деген екен:

– Енді он жылдан кейін көлігіңізді алып кетерсіз.

– Таңертең келейін бе? Әлде түстен кейін бе?

– Он жылдан кейін ғой, бәрібір емес пе?

– Жоқ, таңертең сантехник келетін еді...».

Осыдан 35 жыл бұрын айтылған анек­дот­тың астарында ащы шындық жатыр. Рас, көліктің кезегі туралы үлкендер айтқан әңгіме біздің буынға ертегідей естіледі. Сон­дық­тан ғой мұны Кеңеспен бірге келмес­ке кеттіге санағанбыз. Қателесіппіз. Кешелі бері көліктің кезегі қазақстандықтар үшін де маңызды мәселеге айналып шыға келді.

Мәселе жеңілдетілген автонесие бағдар­ла­масынан басталып отыр. Осы аптада көлікқұмарлар көп күткен бағдарлама іске қосылды. Сол-ақ екен, жер-жердегі авто­са­лон­дардың алды топырлаған халыққа толды да кетті. Ішке ентелегендердің ойы – көлікке ертерек қол жеткізу. Бірақ салонда дайын тұрған техника жоқ. Жаңа көліктердің кезекті партиясы шамамен 3-4 айдан кейін келеді екен. Осылайша, каталогты оңды-солды аударып, жоқ көлікке кезекке тұрмақ болған көпшілік күпті көңілмен кері қайтты.

Мұндай келеңсіз жағдайдың орын алары әу бастан белгілі еді. Мұны сарапшылар да сан мәрте ескертті. Өйткені басқа жағын айтпағанда, отандық автокөлік құрас­ты­ра­тын кәсіпорындардың бұған дейінгі бағдарламалардың кезегін реттей алмағаны баршаға мәлім. Олардың бұл жолы да үлгермейтіні, айларға жалғасар көлік кезегі қа­лыптасатыны анықтама сұрамайтын ақи­қат дүние еді. Сөйте тұра, сарапшылар «шикі» деп бағалаған бағдарлама басталды.

Мұның шикілігі неде? Енді соған тоқ­талайық. Ең алдымен, бағдарламаның жалпылама шарттары белгілі болғанымен, одан кейінгі егжей-тегжей қадамдары соңғы уақытқа дейін түсініксіз болып келді. Қар­жы­ның өзі банктерге кеше түстен кейін ғана аударылды. Одан кейін, халықтың қо­лын­да қаржы бар да, автосалонда көлік жоқ. Автобизнестің айналасында жүргендер көлік дефициті әлемге ортақ проблема деп ақ­тал­ғысы келеді. Бірақ әлемде дефицит қалып­таспаған уақытта да көптің сұранысын қанағаттандыра алмағандары ойға да кіріп шықпайды.

Экологтер мен экономистер бағдарламаға бөлінген қаржының көзі дұрыс емес дегенді алға тартуда. Сол сөздің жаны бар. Қажетті 100 млрд теңге «Жасыл дамудан» алынып отыр. Бұл – ел экологиясын түзеу үшін халықтан жиналған қаржы. Ал Экологиялық кодексте утиль алымның қаражатын басқа мақсатқа пайдалануға болмайтыны, оның ішінде несие ретінде үлестіруге тыйым салынғаны тайға таңба басқандай көрсе­тіл­ген. Бұған міз баққан Үкіметті көрмедік. Шындығында, тиісті қаржы бұған дейінгі бағдарламаларға қатыс­қан адамдардың мем­ле­кетке қайтарған қара­жатынан алынуы керек еді. 100 млрд тең­генің өзге мекемеден шыққанын ескерсек, револьверлік жүйемен жұмыс істейтін бағдарлама өзін өзі ақтамаған болып тұр.

Өкініштісі, бағдарлама аясында кем дегенде тағы 10 мың адам несиеге байланады. Әрине, ол әркімнің өз шаруасы. Бірақ күнделікті ішіп-жемнің өзін қарызға алып отырған халықты қасақана жар жиегіне жағалатып апарған да дұрыс емес. Көлік мінгісі келмейтін адам жоқ. Демек, жағдайы жоқтардың өзі де қалайда несие алудың қамына кіріседі. Соңы белгілі: сорлайды.

Айтпақшы, ең бастысын естен шығарып алыппыз. Бағдарлама нарықтағы көлік баға­сын құбылтып жіберді. Техника құны күн өткен сайын қымбаттап барады. Айғайы басым автонесиенің осындай да кері жағы бар. Бағдарламаның пайдасын да атап өтуге тиіспіз. Рас, өзге жобалармен салыстырғанда, талаптары төмен. Бастапқы жарнамасыз-ақ несие алуға мүмкіндік бар. Бірақ осының өзіне әркімнің қолы жетпейді-ау.

Түптеп келгенде, мұның астарында әлдекімдердің мүддесі жатқаны ешкімге жасырын емес. Нарықтағы үш-төрт кәсіпкердің бизнесін, бірнеше банктің жұмысын жүргіз­ген­нен басқа халықтың бұдан ұтары шамалы. Зейнетақы реформасы секілді жеңілдетілген автонесие де ортадан жоғары дәулеті бар адамдарды ғана жарылқап, шын мұқтаждар есіктен сығалай алмай қалмаса екен. Болмаса Үкімет жұртшылықты тегіс қамтитын, кедергісі аз, кемшілігі жоқ, бұқараға да, бизнеске де тиімді, әбден ойластырылған бағдарлама ұсынғаны абзал. Өйте алмадың екен, ақсақалдар айтпақшы, құлашың жетпесті құшақтамаған дұрыс.