• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2022

Түркістан облысында бес адамның атынан несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

247 рет
көрсетілді

Түркістан облысында бес бірдей тұрғынның атынан микроқаржыдан несие рәсімдеген алаяқ құрықталды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ ақпараттық сайтына сілтеме жасап.

Түлкібас АПБ-ға бес бірдей жергілікті тұрғын арызданған. Олар өз шағымында алаяқтықтың құрбаны болғандығын көрсеткен. Яғни, өзін «жерсеріктік байланыс жүйесі қызметкерімін» деп таныстырған бейтаныс жігіт микроқаржы арқылы жәбірленушілердің атынан несие рәсімдеген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 385 мың теңгеге жуық.

«Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, дереу іске кірісті. Куәлардан жауап алып, көршілес аймақтарға да іздестіру шараларын жүргізді. Жедел уәкілдердің тыңғылықты атқарған жұмыстарының нәтижесінде, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Сайрам ауданындағы тұрғылықты мекенжайынан ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Анықталғандай, күдікті ер азамат жерсеріктік байланыс жүйесі компаниясының қызметкерімін деп аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, жерсеріктік телеарналар орнатуға жаңадан тіркеу жұмыстарының жүріп жатқандығын айтқан. Содан тұрғындардың жеке мәліметтерін жазып, бет-бейнелерін суретке түсіріп алған. Және осы арқылы арам ойын жүзеге асырып, қаржы ұйымдарынан жасырын түрде несие рәсімдеген. Ал ақшаны алған соң өз пайдасына жаратып жіберген», деп жазылған ақпаратта.

Тексеру барысында ұсталған азаматтың басқа да алаяқтық жайты бойынша істі болғаны белгілі болған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.