«Адамның күні адаммен» дегендей, тіршілікте көмекке мұқтаж жандар көп. Сауапты іске ортақтасқысы келген Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Жан жылуы» еріктілер клубы «Жан жылуы – өмір шуағы» атты кезекті қайырымдылық концертін өткізіп, Бекболат есімді бүлдіршінге қол ұштарын берді.
Аталмыш клубтың 3 жыл толуына орайластырылған қайырымдылық шара өкпесі жетілмей қалған Бекболат есімді 1 жастағы бүлдіршінге арналды. Клуб мүшелері «Қазіргі таңда мемлекет баланың ем-домына квота бөлген, бірақ, жол шығыны, шет елде пәтер жалдап тұру мәселесі отбасына қиындық туғызып отыр», – деген ақпаратты «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жан жылуы» бағдарламасынан естіген. Содан кейін іле-шала бұл отбасыға қолдау білдіру мақсатында аталмыш қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды шешіп, бір отбасының басына түскен қайғы-қасіретті қолдан келгенше жеңілдетуге тырысты. Шараға Бекболат пен оның анасы арнайы шақырылды.
Жастарды жомарттыққа баулу, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қолдау көрсету мақсатында өткен шараға «Тек қана, қыздар» КВН командасы, «Алматы жайдарманы», «Өнер қырандары», «Меломен», «Қыран» тобы, «Томирис» би ансамблі, Меруерт Түсіпбаева, Гүлнар Әлімбекова, Таңат Мамырхан, Қанат Үмбетов, Жанар Дәукеева, Бөрібек Расулов, Райым Уайыс, Бейбіт Құшқалиев сынды эстрада жұлдыздары қатысып, акцияны қолдады.
Кеш барысында оқу орнының Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова қашан да қайырымдылықтан кенде болмаған ұлттық болмысымыз жайлы студенттермен сыр бөлісіп:
– Қайырымды адамдардың өмір жолы тек ізгіліктен, мейірімділіктен тұрады. Атамыз қазақ «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп бекер айтпаған. Игі шара жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеуге де зор септігін тигізеді, – деп шарадан түскен 400 мыңға жуық қаражатты Бекболаттың анасына табыстады.
Университет басшылары шараға атсалысқан әншілерге алғысын білдіріп, сәбидің сауығып кетуін, студенттердің тамшыдай ғана үлесінің шарапаты тие беруін тіледі. Ал студенттер ізгі тілектерін әсемхаттарға жазып берді. Эстрада жұлдыздары да жүрекжарды тілектерін білдірді.
Акция аясында «Жан жылуы» еріктілер клубының мүшелері арнайы жәрмеңке де ұйымдастырып, бұдан түскен қаражат та Бекболаттың есеп-шотына аударылды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.