Бір әйел құрсағын жарып шыққан перзентін Шымкент қаласындағы мешіттердің біріне тастап кеткен. Баланы мешіт имамының көмекшісі көріп қалған. Бұл туралы i-News.kz сайты хабарлады.
Имам көмекшісі Саян Ысқақов мешіт ішін тексеріп жүргенде, бөлмелердің бірінен алаңсыз ұйықтап жатқан нәрестені байқап қалады. Бірақ сәбидің анасы көзіне түсе қоймайды. Содан кейін имамның көмекшісі жергілікті полиция қызметкерлеріне аталмыш жағдайды хабарлаған.
Содан полицейлер шұғыл іске кірісіп, айналасы жарты сағаттың ішінде баласын тастап, ізін жасырмақ болған 40-45 жастағы әйелді тауып алады. Әйел жанар-жағар май құятын стансалардың бірін төңіректеп жүрген екен.
Кейін анықталғандай, баласынан безген әйел Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты.
Қазір Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген әйелден жауап алынуда.
Жолдыбай Базаров.
Дереккөз: i-News.kz.
Фото: zamana.