Петропавл қаласындағы балық тәлімбағы – Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігіне қарайтын республикалық қазынашылық кәсіпорны. Мұнда түрлі балықтардың дернәсілдерін судан сүзіп алып, су қоймаларына жіберумен айналысады. Судың температурасы 3-4 градустан аспауы керек, сонда дернәсілдер тез жанданып, өнім береді. Бір құтыға бір млн-ға дейін дернәсіл жиналады. Шамамен екі айдан кейін олар майшабаққа айналып шыға келеді.
Тәлімбақ осы дернәсілдерді мемлекеттік тапсырысқа сәйкес Солтүстік Қазақстанның Петропавл және Сергеев су қоймаларына биылғы мамыр айының басында жіберді. Қоймаларға жалпы саны 35,5 млн дана ақсақа тұқымдас балық түрлерінің дернәсілдері жіберілді. Мұның нақты атаулары – көкшұбар мен пайдабалық. Осы майшабақтар тегіс өсіп кетсе су қоймаларындағы балық мол болады деп күтілуде. Қазір су қоймаларында балық санының азайып кеткені туралы дабыл көп. Сондықтан да Петропавл питомнигі жұмысының өнімді болғанына министрлік қана емес, жалпы ел экономикасы мүдделі. Бұл халықты пайдалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосылатын қомақты үлес.
Дернәсілдерді Петропавл және Сергеев су қоймаларына жіберу жұмысы ашық түрде іске асырылды. Оған облысаралық Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, жергілікті атқарушы органның, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Солтүстік Қазақстан өңірлік филиалының өкілдерінен құралған комиссия қатысты. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де куә болды. Іс-шараны іске асырған Петропавл балық тәлімбағының қызметкерлері дернәсілдердің суға сәтті енгенін айтты. Судың қажетті температурасы мен сыртқы ауа райының қолайлы болғанын жеткізді. Егер қатты жел болса дернәсілдер судың түбіне жасырынбақ болып, көбі тұншығып қалуы мүмкін екен.
Айта кететін болсақ, Петропавл балық питомнигі жыл сайын орта есеппен су айдындарына 37 млн данаға жуық ақсақа тұқымдас балық түрлерінің дернәсілін және тұқы балығының шабақтарын жібереді. Питомник бұлардан басқа түрлі балықтың дернәсілдерін сүзеді. Былтыр кәсіпорын жалпы саны 116 млн дана дернәсіл дайындаған. Елімізде республикалық маңызы бар осы балық шаруашылығы суайдындарын балықтандыру ісін жалғастыруда.
ПЕТРОПАВЛ