Ақтауда Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен және «Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Кездесуге Маңғыстау облысының мұнай сервистік кәсіпорындарының жұмыс берушілері мен жұмыскерлері онлайн форматта қатысты.
Отырысқа мұнай сервистік кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдарының төрағалары, «Татуласу орталығының», «Заң клиникасының» қызметкерлері қатысты.
Республикалық штабтың жетекшісі, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін саяси реформалардың өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ ол «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң нормаларын түсіндіріп өтті.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС жергілікті кәсіподағының төрағасы Саламат Серіков осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Ал «Caspibitum БК ЖШС жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Асхат Урисбаев алдағы өзгерістердің барлығы еңбек адамының мүддесін қорғауға, қарапайым еңбеккерлердің әлеуетін жақсартуға арналатынына сенім білдірді.
Нұрлан Өтешев кездесуде кәсіподақ мүшелерінің көкейінде жүрген көптеген мәселе көрініс тапқанын жеткізді. Сөз соңында федерация төрағасының орынбасары алдағы заңнамалық өзгерістерді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде кәсіподақтардың қызметін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде қатысушылар Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізу Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болып табылатынын және еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізудің қажеттілігін айтты.
Маңғыстау облысы