Каспий теңізінің тағдыры, тазалығы – еліміздің шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де аса маңызды мәселе. Теңізді сақтау, флора-фаунасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өткізілетін басқосулар да, қабылданатын құжаттар да көп.
Бірақ кейінгі кездері Каспиймен шектес өзге елдерді білмеймін, алақандай Ақтаудың өзінен теңізге белгісіз ағын сулардың құйылуы, су жануарларының қырылуы сынды тосын жағдайлар көбейіп кетті. Желілерде бірінен соң бірі бұрқ ете қалатын мұндай ақпараттар мәселенің бар екеніне сендіреді.
Қазір теңіз жағалауы жайдақ емес, сығылыса орналасқан түрлі демалыс орны, кәсіпкерлік және өндірістік нысандар. Олардың қоқыс қалдықтары немесе қандай да бір лас сулары теңізге құйылатынына да сенгің келмейді.
Жуырда Каспий теңізіне қара сұйықтықты төгу дерегі қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиғаға орай «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-на тиесілі ЖЭО-1 аумағына шолу жүргізген Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті қызметкерлері атмосфералық ауа мен су жинау каналы суынан сынамалар алды. Сондай-ақ «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өкілдері аталған мәселе бойынша түсініктеме берді.
Кәсіпорын түсіндірмесіне сәйкес ЖЭО-1 су тарту арнасы ЖЭО-1 технологиялық қажеттіліктеріне теңіз суын беруге және бастапқы су ретінде «Каспий» тұщытқыш зауыты» ЖШС-да ауыз су дайындауға арналған. Яғни олардың түсіндіруінше, Каспий теңізінің күрт таяздануынан су алу каналындағы су деңгейі де төмендеп, кей жерлерде құрлық аралдары пайда болған. Арнадағы теңіз суының қажетті деңгейін ұстап тұру, ЖЭО-1 және «Каспий» тұщытқыш зауыты» ЖШС жұмысын тоқтатпау үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭО-1 су тарту арнасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізеді. Түбін тереңдету жұмыстары жер снарядының көмегімен механикалық жолмен жүргізілетін болғандықтан, арнадан сорылатын су қоспасыз теңіз суы екен.
Аталған серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне әсер етпейді. Аталған жұмыстар жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарапынан су тарту каналында канал толық тазаланбайынша әлі де жалғасады. Маңғыстау өңірінің су тапшылығын және тұрғындар теңіз суын тұшытып ішетінін ескере отыра, аталған жұмыстар жасалмаса, халықты сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмайтынын ЖШС мамандары атап көрсетіп отыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің шолу барысында алынған ауа сынамалары бойынша шамадан тыс арту анықталмады және су сынамасының зертханалық талдау нәтижелері бойынша да шамадан тыс артулар тіркелмеген.
Жағдайды «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС осылайша түсіндіріп берді. Артынша Каспий теңізі жағалауына ағынды суларды ағызу дерегі киліге кетті. Биыл 16 мамырда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының біріне қала тұрғынының Каспий теңізіне қызғылт-сары түсті белгісіз сұйықтықтың төгілгенін айтқан видеосы жарияланды.
Аталған орынға Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалы бөлімдерінің мамандарымен оперативті қарау ұйымдастырылған. Нәтижесінде, №13 өрт сөндіру бекетінің техникалық цистернасы тесілгендігіне байланысты цистерна ішіндегі, өрт сөндіру гидранттарынан алынған 500 литр көлеміндегі су теңізге төгілгенін анықтады. Шолу жүргізу барысында теңіз суының сынамалары алынды. Сондай-ақ №13 өрт сөндіру бекетінің өкілдері аталған мәселе бойынша түсініктеме берді, ал экология департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайтын болды.
Көп ұзамай теңіз жағалауынан тағы шу шықты. Жергілікті интернет-ресурстың бірінде қала тұрғыны құбырдан теңіз жағалауына ағынды судың төгіліп, кіші көлге айналғаны туралы видеоны жариялады. Аталған құбырға Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалы бөлімдерінің мамандары барып, ағынды судан алынған сынама химиялық талдаулар жүргізу мақсатында департамент зертханасына жеткізілді және құбырдың иесі шақыртылып түсініктеме алынды.
Маңғыстау облысы экология департаментінің ақпаратынан белгілі болғандай, құбырдағы ағынды су «Қайсар Сервис» ЖШС мекемесіне қарасты «Сая» демалыс үйі бассейндерінің суы екені анықталды. Демалыс үйі басшысының айтуынша, аталған су жер ұңғымасынан шығып жатқан минералды ыстық су, ешқандай тазалаудан өтпестен тікелей жағалауға төгіліп әрі қарай Қаракөл көліне құйылады. Сонымен қатар демалыс үйі басшылығы өз уәждерін дәлелдей түсу үшін Ақтау қаласы «Золотые пески» №53 учаскесіндегі демалыс базасының ауданындағы құдық суын емдік мақсатта пайдалану мүмкіндігі туралы Ресей Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінен алынған медициналық қорытындыны және «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының су үлгілерінің зерттеу хаттамаларын көрсеткен.
– Аталған орынға осыған дейін де бірнеше рет шолу жұмыстары жүргізіліп, нақты иесі анықталып, жерасты суының құрамындағы химиялық элементтердің нақты концентрация көлемі шығарылған еді. Қазіргі таңда кіші кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты, тексеріс тағайындау үшін жоғары тұрған мемлекеттік мекемелерге хат жолданып, департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта департамент қолданыстағы заңнамаларға сәйкес шаралар қабылдайды, – дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің бөлім басшысы Г.Лұқпанова.
Теңіздің суы да, тірлігі де тыныш емес. Теңізге қара, түрлі түсті сулардың құйылуы тұрғындарды алаңдатады, Каспийдің суын ауызсу ретінде тұшытып қолданатын тұрғындардың алаңдауы түсінікті. Ал «ағын судың» авторлары айылын жимайды және өздерінің әрекеттерін мінсіз етіп дәлелдеуге шебер.
Теңіз тіршілігі демекші, Каспийде тіршілік ететін су жануарларының қырылуы соңғы кезде жиі ұшырасып, тұрақты қайталанатын жағдайға айналды. Биыл сәуір айының соңында Каспий теңізінің жағалауында, нақтырақ айтсақ Түпқараған ауданында өлі итбалықтардың 97 ұшасы табылған еді. Ғылыми ведомстволар қызметкерлерінің ақпаратынан зерттеу нәтижелері, яғни жануарлар өлімінің болжамды себептері зерттеу жүргізілгеннен кейін бір ай ішінде жарияланатынын білдік.
Алайда алдыңғы оқиғаның нәтижесін естімей жатып екінші оқиға орын алды. 2022 жылғы 14 мамырда Маңғыстау облысы бойынша Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық инспекциясы басқармасының қызметкерлерімен Форт-Шевченко теңіз портының жағалау аймағында «Үрдек» мүйісінен «Баутин қосасы» жеріне дейінгі аумақта 64 өлі итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балығының өлексесі табылған. Тиісті орындар қызметкерлерінің айтуынша, теңіз жануарлары мен бекіре балықтарының ұшалары қатты ыдырау күйінде болғандықтан зерттеу жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмаған. Сол себепті мамандар бұлар қыста өлген деген болжам айтады. Әйтсе де мамандар теңіз жануарлары мен балықтардың өлімтіктері табылған жерден су мен ауа сынамаларын алған. Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының инспекторлары Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелеріне мониторинг жүргізуде.
Теңізде тәртіп қашан орнайды? Жағалаудағы түрлі мақсаттағы нысандар өз қалдықтарын қанша жерден мақтаулы, экологиялық зиянсыз болса да теңізге емес, өз күштерімен басқа жерге бағыттап төгуіне болмай ма, әлде бұл қосымша шығын қажет ететін болғандықтан ең оңай жолды таңдап отыр ма? Облыстағы экология департаменті мамандары шетін дерек анықталған жерге барудан қағыс қалып жатқан жоқ, бірақ мәселенің біржолата тоқтауы, жазықтылардың жазалануы сирек. Әр мекемелердегі заңгерлер мен экологтердің белсенділігі, басшылардың бұлтаруы көп нәрсенің бетін ашуға кедергі болып келе жатқан тәрізді. Сонымен «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» дегендей, теңіз жайлы болса төлдері неге тұншығып өледі?
Маңғыстау облысы