Орталық референдум комиссиясы офлайн және онлайн форматта оқыту семинарларының сериясын жалғастыруда. Бұл жолғы семинар қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне арналып, онда мүгедек жандардың мәселелері қаралды.
Референдумды ұйымдастырудың құқықтық негіздерін, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, республикалық референдум алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізу тәртібін түсіндіруді мақсат тұтқан семинар жұмысына 150-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ жиында БҰҰ мүгедек жандардың құқықтары туралы Конвенциясының негізгі қағидаттары туралы хабардар ету, республикалық референдум өткізу кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Оқыту семинарының жұмысына ОРК мүшелері, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі, ОРК жанындағы мүгедектердің құқықтарын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктерінің, сондай-ақ мүгедек жандардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференция байланысы режімінде іс-шараға мүгедек жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік ҮЕҰ өкілдері, аумақтық комиссиялардың мүшелері және мүмкіндіктері шектеулі адамдармен жұмыс істеуге жауапты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараның модераторы – Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов комиссияның маңызды міндеттерінің бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті жағдайды іске асыру екенін атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдарға сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беруге арналған пунктті жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, референдум учаскелерінде мүгедек адамдарға жағдай жасауды қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Қазіргі таңда референдумның 10013 учаскесінің басым көпшілігі пандустар және тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Іс жүзінде барлығына кресло-арбаларды пайдаланатын азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, дауыс беруге арналған кабиналар қарастырылған.
Дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, оның ішінде инватакси, сурдоаудармашыларды тарту және т.б. сияқты мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы болу үшін қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды.
Комиссия мүшесі Шавхат Өтемісов мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын барлық қоғамдық бірлестікті жергілікті атқарушы органдардың учаскелерді жарақтандырудың қосымша шараларын қабылдауға шақырды.
Жиында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары В.Времиш, ОРК жанындағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Сенат депутаты Л.Қалтаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Е.Нұрғалиев, Әділет министрлігінің департамент директоры Н.Жамаладин, «Арба» тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған мүгедектер азаматтарды қолдау қоғамы» ҚБ төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Г.Батпақұлова, «Пандус ОК» ЖШС құрылтайшысы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Ш.Жұлдызбаев, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің, жергілікті атқарушы органдардың басқа да өкілдері сөз сөйледі.
Сондай-ақ іс-шара шеңберінде Орталық референдум комиссиясы аппаратының қызметкерлері «Республикалық референдум алдындағы үгіт», «Референдум өткізуді ұйымдастыру», «Референдумды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.