Петропавлда республикалық Абай-Мағжан оқуларының облыстық кезеңі аяқталды. Оған облыс мектептерінен 3-11 сынып оқушылары арасындағы 150-ден астам шәкірт қатысты. 11 номинация бойынша сайысқан балалардың жүзі бал-бұл жанып, жүлделі орындар алуға деген ынталары зор болды. Бұл номинациялардан басқа «Абай жаққан бір шырақ» атты бастауыш сынып оқушыларына арналған бір номинация да болды. Онда 1-4 сыныптың балдырғандары Абай өлеңдерін жатқа айтудан жарысты.
Биылғы Барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп атағаны мәлім. Аталған іс-шара осы жылда жас өрендердің санасына қазақ даналығы мен өнерінің көркемдігін сіңіру, ақыл-ойын дарыту мақсатында ұйымдастырылған екен. Сондықтан іс-шара облыстың барлық түкпіріндегі мектепті қамтып, сахнаға барлық ауыл-қала мектебінің өнерпаз ұландарын шығарып отыр. Мәдени іс-шараға құттықтау сөзін айтқан облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков бүгінгі өрендердің ұлттық әдебиет пен өнерге жақындай түсуіне Абай мен Мағжанның ақыл-ойы кемел, көркемдігі келіскен, танымы терең поэзиясы мен қарасөздерінің орны бөлек екенін атап айтты.
Осыдан әрі көркем күй ойнап тұрған сахнаға сайысқа қатысушыларды өнерлерімен құттықтаған бірнеше әнші-күйші шықты. Соның ішінде Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының мұғалімі Майра Удашкеқызы мен оның шәкірті Зарина Шораева Мағжанның «Сүйемін» өлеңіне жазылған әнді орындады. Ал 1-2 сыныптардың төрт балдырғаны Абайдың жыл мезгілдеріне арнаған төрт өлеңін оқыды.
Сайысқа шығарылған номинация атаулары да ерекше. Олар екі ақын поэзиясының біраз қырын қамтыған. Атауларын айтар болсақ, «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Абай қарасөздерінің даналығы», «Ұлылар әлемі», «Жасынан оқу оқып, өнер қуған», «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» және т.б. М.Қозыбаев атындағы СҚУ Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанбай Қадыров бастаған қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ. Жекелеген номинациялар бойынша «Дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Нұрлан Әділет, Есіл ауданындағы Бұлақ мектебінен Әйгерім Төлебай, Ә.Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатынан Алтынай Ережепова, №25 орта мектептен Диана Жоламан, М.Айтхожин атындағы №1 орта мектептен Ангелина Аракелова, Абай атындағы мектеп-гимназиядан Бекзат Бағдат, Бексейіт орта мектебінен Әспет Тұрсынбаевалар жеңімпаз деп танылды.
Ал аталарының өлеңдерін жатқа оқу бойынша 1-4 сынып балдырғандары арасынан Жасмина Ахметова, Елнұр Оңдасын, Ердәулет Кәрібай, Аружан Қажымұрат үздік шықты. Облыстық кезеңде үздік шыққандар енді республикалық кезеңге дайындалатын болады.
Петропавл