Мамыр айының 20-22-сі күндері Грекия астанасы – Афинада су спортынан әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналы өтеді. «Спирос Луис» су спорты орталығында әлем мықтылары шеберлік байқасатын үздіктер қатарында Қазақстан құрамасының өкілдері де бар.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Әлем кубогында ел намысын Наргиза Болатова, Айгерім Құрманғалиева, Карина Абдулина, Ксения Макарова, Этери Какутия, Анна Павлецова, Юлия Рогалева, Валерия Столбунова, Жаклин Якимова, Жәния Жиенғазы, Арина Пушкина, Ясмин Тұяқова, Карина Магрупова, Дарина Валиуллина, Эдуард Ким қорғайды. Ұлттық құраманың бас бапкері – Әлия Каримова.
Айта кетейік, FINA-ның әртістік жүзуден Әлемдік сериясы 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы жарыс 20 наурызда АҚШ пен Канадада виртуалды түрде өтсе, 2-кезеңнің жарыстарын Франция астанасы – Париж қабылдады. Ал 3-кезең 7-8 мамыр күндері Аустралияда виртуалды форматта өтті. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде екі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, қыздар құрмасы командалық еркін бағдарламада Канада (84,8000 балл) мен Израильден (83,9333 балл) кейін үшінші орынға табан тіреп, қола медаль жеңіп алды. Құраманың «Моана» анимациялық фильмі- нің желісімен дайындаған «Вайана» бағдарламасына төрешілер 79,6000 ұпай берді. Ал еркін комбинация санатында Қазақстан спортшылары америкалық композитор Брайан Сетцердің «Малагенья» туындысына билеп, күміс медаль олжалады (79,4667 ұпай).
Әлем кубогының (4-кезеңнің) жалпы жүлде қоры – 257 000 АҚШ долларын құрайды. Афина төрінде жүзгіштер тағы 310 мың долларды сарапқа салады.
Грекияда өтетін бәсекенің орны ерекше. Өйткені 17 маусымда Мажарстан астанасы – Будапештте су спорты түрлерінен XIX әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Яғни әлем біріншілігіне дейін іріктелген ең үздік атлеттер жүзу, дайвинг, су добы, әртістік жүзу мен ашық аспан астында суда жүзуден жүлдеге таласады. FINA күнтізбесіндегі осы шешуші жарыста спортшылар бар дайындығын пысықтай алады.