• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2014

Жүрек жылуы

283 рет
көрсетілді

Оралдықтар корей қызы, қазақтың келіні Ляна Тұрсынованы бұрыннан іскер әйел деп білетін. Енді ол Орал қалалық мәслихатының депутаты мандатын қолына алғалы бергі уақытта сайлаушыларының аманатын орындауда тыным таппайтын қайратты жан ретінде тағы бір қырынан танылды. Әсілі, Ляна Алексеевна – жаратылысынан елгезек, халыққа қызмет көрсетуден асқан мерей­­­­лі міндет жоқ деп санайтын жан. Халық қалаулысы өзі депу­тат­тыққа сайланған №16 сайлау окру­гі тұрғындарынан түскен өті­ніш-ұсыныстардың бірде-бірін елеусіз қалдырған емес. Әр айдың бі­рінші аптасында №44 мектепте және ай сайын «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің ғимаратында тұрғындарды тұрақ­ты қабылдайды. Кәсіпкерлік шаруасы да күнделікті назарды қажет ететіндігіне қарамастан, ол қабылдауға келген адамдардың әрқайсысын тыңдап, жылы сөзі мен көмегін аямайды. – Өткенде «Жеңіс» шағын ауда­нының бір топ тұрғыны үй­дің жертөлесінде орналасқан кафе­нің заңсыз ашылғанына шағым­данды. Кешкі уақыттағы даңғаза музыка мен демалдырмайтын иістен әбден шаршадық, десті. Тиісті құзырлы орындардан, соның ішінде қалалық ішкі істер басқармасынан, ТЖ, санэпидемиология саласынан, ЖПИК-тен мамандар шақырып, тұрғындардың қатысуымен мәселені шешу жолдарын бірге қарастырдық. Кафе заңды түрде ашылған болып шықты. Тұрғындардың қойған талаптарына орай кәсіпкер тарапынан тиісті шаралар алынды. Сол тұрғын үйдің бірінші қабатында өзге де кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейтіні анықталды. Тұр­ғындар да риза, кәсіпкерлік те қор­ғалды. Қазір де бұл мәселе де­путаттың бақылауында, –  деді де­пу­таттың көмекшісі Светлана Әділова. Ляна Алексеевна депутат болып сайланғанда, сайлаушылары қала орталығына қатынайтын №1, 8, 33 қоғамдық көліктер қозғалысын қалыпқа келтіруді аманаттады. Бұл іс те оң шешілді. Сондай-ақ, сайлаушылар өз депутаттарына 6-шағын ауданындағы заңсыз базарды жою үшін сауда базарын салу­ды сұрап, 40 өтініш жазды. Л.Тұрсынованың ізденісі арқасында жаңадан бой көтерген сауда үйінің бір бөлігінен саяжай өнімдерін сатуға арнайы орындар бөлінді. Сауда үйінің әкімшілігі бұрын көшеде жайма базарда тұрғандардың көпшілігіне ғимараттың ішінен орындар ұсынды. Мұндай мысалдарды Ляна Алексеевнаның депутаттық қызметінен көптеп келтіруге болады. Қаланың Чапаев көшесіндегі тұрғындардың өтініші бойынша жаңа колонка қоюға септігі тиген. 6-шағын ауданда депутаттың араласуымен 2 спорт алаңы, бір балалар алаңы салынған. Округте ақсақалдар кеңесі құрылып, жұ­мыс істеуде. Бір қызығы, кеңес­ке мүше болған қарапайым тұрғын­дар қалалық мәслихаттың сессия­ларына қатысады. Осындай байланыстың арқасында билік пен халық арасындағы түсіністік нығая түспек. – Білесіз бе, адамдардан алғыс естуден асқан қымбат нәрсе жоқ. Сол үшін жұмыс істеп, өмір сүруге болады,  – дейді Л.Тұрсынова. – Біз­дің округте бірнеше аз қамтыл­ған отбасы бар. Олардың жағдай­ларын көзіммен көрдім, аз қамтылған отбасыларынан да төмен жағдайда тірлік етуде. Мұндай отбасылардың ішінде мектепте оқитын ұл-қызына мемлекеттен тиісті жеңілдіктерін ала алмай отырғандары да кездеседі. Өйткені, қайсыбір балақандардың әке-шешесі жоқ, әжесінің тәрбие­сінде. Енді қайсыбір отбасы толық емес, бір отбасын отағасы 4 баламен тастап кеткен, көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Осы отбасыларға Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар табыс еттік. Бірақ құттықтау шараларынан кейін кері қайтқа­нымызда, бір-бірімізбен сөйлесе алмай, жаман күй кештік, олар­дың тұрмыс-тірлігі жүректі ауыр­тады. Бүгінгі заманда ойын бала­ларының ашқұрсақ жүруі жанымды жүдетеді. Сондықтан №44 мектептен мектеп басшысы Ақжарқын Темірханованың көмегімен осы отба­сыларға көмек көрсететін пункт аш­тық. Қазірдің өзінде 50-60 пакет киім-кешек, ойыншық жиналды. Енді картоп, макарон өнімдерін сатып алып, жиналған затты тұрмысы төмен жаңа­ғы отбасыларға үлестіреміз. Об­лыстық «Орал өңірі» газеті арқы­­­лы өздеріңіз кимейтін, бірақ лақ­ты­­рып тастауға қимайтын киімді, өзге де зат­тарды №44 мектептегі пунктке тап­сыруға болатынын жеткізгім келеді. Светлана Тілепбергенқызы­ның айтуынша, депутаттың ұйым­дас­тыруымен мүмкіндігі шектеулі екі тұрғынға кәсіпкер Ақылбек Бисембаевтың демеушілік көрсе­туімен 2 мүгедек арбасы сыйға тартылған. Енді кәсіпкер мүмкін­дігі шектеулі 6 жанға дәрі-дәрмек алуға әрқайсысы 5-10 мың теңге шамасындағы сертификат табыс етпек. Ляна Алексеевнаның бастауымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дойбы, шахматтан жарыс өтті. Оның қабылдауына жұмысқа тұруға және құжат алуға көмек сұрап келетіндер көп. «Депутат олардың бірде-бірін елеу­сіз қалдырмайды, барлығының мәсе­лесі бойынша тиісті орындарға қоңырау шалып, мәселені шапшаң шешуге ұмтылады. Осыдан-ақ мәселенің бәрін ақша емес, адамға деген ілтипат шешеді дегің келеді», дейді ағынан жарылған Светлана Тілепбергенқызы. Л.Тұр­сынованың көмегімен Самал Жұбатова деген жас №13 мектепке мұғалім, 3-топтағы мүгедек Абат Бекеев №34 мектепке күзетші болып орналасқан. Ал Нүргүл Мұханбеталиева есімді жас ана жұбайы қайтыс болып, бір баласымен ауылдан қалаға келгенінде ешбір құжаты болмаған екен. Оның жеке бас куәлігі, асыраушысынан айырылды деген құжаты Ляна Алексеевнаның көмегімен жасалып, Нұргүлдің өзі кафеге жұмысқа, баласы мектепке орналастырылған. Халық сеніміне селкеу түсір­меуді ойлайтын Л.Тұр­сы­нованың алдағы уақытқа жоспары көп. Шағын және орта кәсіпкерлік өкіл­дерінің бизнесіне қатысты түйт­кілді мәселелер болып жатса, оларды шешуге көмек қолын созбақ. –  Уақыт тапшы, жұмыс ауқым­ды, бірақ шаршауға болмайды. Кә­­­сіп­керлігімде маусымдық жұ­мыс­тарды ескергенде 100-ден аса адам­ды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың да тұрмыс-тірлігі наза­рымда. Жағдайы нашар болып жат­са, өнікті еңбек ете алмайды. Ал тамақ­тану жүйесінде сапа мен мінсіз қызмет бірінші орында, –  деді асхана­лар мен ресторандар жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген Ляна Алексеевна. Ол өзін алдымен сүйікті жар, бақытты ана, абзал әже санайды. Әйел заты үшін отбасындағы бере­келі өмір бәрінен биік. Содан кейін кәсіпкер ретінде ел-жұртқа пайдам тисін деген қағиданы ұстанады. Өзінің айналасындағы адамдарға қолынан келгенінше көмек қолын созып, жүрек жылуын аямайтын халық қалаулысы әр кез сенім үдесінен шығуды мақ­сат тұтады. Сондықтан Ляна Тұр­сынованың шаршауға уақыты да жоқ. Мәншүк ЕРМҰҚАНОВА, «Ару аналар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: –  Қоғамдық бірлестігімізде көп бала­­лы, «Алтын алқалы» 14 зейнеткер ана бар. Биыл біздің көпұлтты бірлестігіміздің құрылғанына 5 жыл толып, жақында үлкен концерт қойдық. Қаладағы мектептер мен колледждерге барып, патриот-тық, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау бағытында жұмыстанудамыз. Бірлестік мүшелері Орал шаһа­ры­ның бір қиырынан және қала маңындағы Желаев, Селек­цион­ный, Круглоозерный ауылдары­нан ардагерлер клубына немесе мектептерге қатынайды. Қала ішін­де қоғамдық көлікпен жүру қиын­дықтар туғызатын. Осы мәселені қалалық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсыноваға айтып, өтініп едік, оң шешімін тауып отыр. Жүзі ғана емес, жүрегі де жылы іскер қызымызға ал­ғысымызды айтып, батамызды берудеміз. Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, журналист. ОРАЛ. ––––––––––– Суретте: Ляна Тұрсынова.
Соңғы жаңалықтар