Берекелі Ақтаудағы мерекелі шаралардың бел ортасынан күлімдеген татар бауырларды үнемі кездестіреміз. Діні бір, тегі туыс ағайындықтың сезімі ме, әлде мінезі, мәнері ме, іштарта амандасады. «Су басынан бастап тұнады» дегендей, өзара татулық-бірлік болмаса, көңілдің хошы болмаса, көпшілік арасынан, әсіресе, көңілді шаралардың нақ ортасынан табылу қиынның қиыны. Барлық отандастарымыз секілді татарлардың осы жарасымды тірлігінің бастауы алдымен, әрине, тәуелсіз Қазақстандағы тыныш өмірде, екіншісі достықтың дәнін көктетіп, туын көтерген этномәдени бірлестіктегі ұйымшылдықта болар деген оймен Ақтау қаласындағы «Булгар» татар этномәдени бірлестігі бөлмесінің есігін аштым.
Мұнда бізді аталған бірлестік төрайымы Зүлфия Бернеева қарсы алды. Этномәдени бірлестік пе, басқа ма, ересектердің қоғамдық жұмысқа үйіріле кетіп, ортадан табыла қоюы қиындау. Бұл сырторайлық немесе басқа бір себебі бар әрекет емес, нарық заманында алдымен кәсібін, жұмысын алдыңғы орынға қойған күнелтіс иірімінің әсері. Осылай бола тұра, Маңғыстаудағы татарларды түгендеп, бір шаңырақ астынан табылуға шақырып, ізгі істердің ұйытқысы болып жүретін Зүлфия бізді ақжарқын көңілмен қарсы алды.
– Маңғыстауда татарлардың саны – 1724 адам. Олар әр салада еліміздің дамуына үлес қосуда. Бірқатар туғандарымыз мұнай саласында, Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында жұмыс жасап жүрсе, жоғары білімді дәрігер бауырымыз халық денсаулығын сақтау жолында еңбек етіп келеді. Біздің бірлестік 1997 жылы ашылды, бірақ ол кездегі жағдаймен қазіргі ахуалды салыстыруға келмейді, – деп бастады әңгімесін Зүлфия Идаятуллақызы.
«Булгар» этномәдени бірлестігінің шаңырағын тіктеп, сөз жүзінде емес, іс жүзінде татарларды бір бірлестік аясына жиып, тәуелсіз Қазақстан таңдаған бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдыруға бұрынғы басшы Фандаль Сахибгареев көп еңбек сіңірген. Тіпті, тиісті компаниялармен келісіп, Маңғыстауда «ТНВ» татар телеарнасын қосқаны, әсіресе, татар жастарының ана тілінде мәлімет базасын кеңейтуге ықпал еткен.
Көрмелерге жайғасқан татар халқының ұлттық қолөнер туындылары, ұлттық киімдері мен күнделікті тұтынатын бұйымдарымен таныстырған ол компьютерден алуан түрлі суреттерді көрсетуді де ұмытқан жоқ. Өңірдегі әрбір шаралардан қалыс қалмай, ұлттық киімдерімен сәндене киініп, ортада жүрген татарлар. Түрлі спорттық сайыстар, ән, би, сурет, мәнерлеп оқу сынды өнер байқаулары, Наурыз тойы... Туған жердің әр тасының тарихын біліп, әр түп жусанын құрмет ету керек деп түсінетін олар үнемі Маңғыстаудағы киелі орындарға, көрнекті сәулет ескерткіштеріне және табиғаты тамаша жерлерге, мұражайларға саяхатқа шығады екен. Қарттар үйіне бас сұғып, ондағылардың бірқатарына сый-сияпат беру, төсек тартып жатқан бауырлардың көңіл-күйін сұрау, жәрдем беру олардың жазылмаған заңдылығы. Бастары қосылғанда Қазақстан тарихына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беруден өзара қызықты байқау ұйымдастырып жүреді. Мұндай шараларда, әсіресе, мектеп жасындағы балалардың белсенділігі жоғары. Жастардың жалыны – болашақтың лебі екен белгілі.
– Мұса Жәлелдің, Ғабдолла Тоқайдың шығармаларына арналған кештер өткіземіз. Бірлесіп өткізсек қалай болады деген ұсынысымызды ешкім аяқасты еткен жоқ. Ішкі істер министрлігінің 6656 әскери бөлімімен тығыз байланыстамыз, сондай-ақ, колледждер, кітапханалар бірлесе жұмыс жасауға қуана келіседі. Бұдан айтпағым, мұның бәрі Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың жемісі, бір ұлттың рухани құндылығын елеп-ескеріп, біліп жүрудің, ұрпаққа насихаттаудың маңызы зор екендігін білудің көрінісі, – дейді сұхбаттасымыз.
Сондай-ақ, ол «Сабантой» мерекесінің жыл сайын республика көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын ризашылықпен айтты. Арғы жылы Ақтөбеде, былтыр Орал қаласында өткен мереке биыл Қызылорда қаласында ұйымдастырылады. Өткен жылдары «Сабантойға» Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілі А.Хасанов қатысыпты, сондай-ақ, Татарстан Президенті Р.Минниханов арнайы келген және биыл да келіп қатысуға келісім беріпті. Қазақстандық татарлар республикалық татар-башқұрт ассоциациясы арқылы Бүкіләлемдік татарлар конгресімен байланысады екен. Бұл жас жеткіншектерге татар тілін үйрету үшін ашылған жексенбілік мектептерге түрлі әдістемелік оқу құралдарын алуға біраз септігін тигізетін көрінеді.
Бір кездері ұмытыла бастаған татар тілінің басына соңғы жылдары шырақ жана бастаған. Тіл үйренуге қызығушылар саны артқан, тіпті, «өмір бойы өзге тілді қолданып келдік, тағдыр солай болды, енді өмірімнің соңғы жағында ана тілімде сөйлеп өлсем арманым жоқ» деп 73 жастағы кейуананың мектепке келуі талай жанды тебірентіп, біраз жасты жігерлендірген көрінеді. Бүлдіршіндерге татар тілінде әндер шырқатып, ертегі, тақпақтар жаттату нәтижесінде ана тілін білетіндер қарасы көбейе түскен.
– Көп ұлтты Қазақстандағы барлық этностарға бірдей жасалып отырған мұндай жағдай көп елдерде жоқ. Бұл тек айтылған әдемі сөзім емес, шындық. Шеттен келген қонақтарымыз біздегі барлық ұлттардың өз ана тілін біліп, білмесе үйреніп, салт-дәстүрін сақтауына жасалған жағдайға таңғалады, бізге қызығушылықпен қарайды, – өз әсерін осылай жеткізді Зүлфия.
«Булгар» этномәдени бірлестігінде өткізген бір сағат уақыт Ақтаудағы татарлардың тыныс-тіршілігіне қатысты біраз жәйтті білуге мүмкіндік берді. Сұхбаттасым алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мол екендігін, татарлардың Қазақстан дамуына өз үлестерін қосып, достық, туыстық туын жоғары желбірете беруге дайын екендігін жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.