• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Бизнес 20 Мамыр, 2022

Қазақстанға Омбы облысының бизнес делегациясы келді

378 рет
көрсетілді

РФ Омбы облысы экономика министрінің орынбасары Константин Чуловский бастаған делегация Нұр-Сұлтанға келді. Іскерлік сапар барысында ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім беру секілді кең ауқымды салалардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шараны Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.

Сапар аясында қос тараптың 60-қа жуық компаниялары қатысқан «Кәсіпкерлердің байланыс биржасы» өтіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдерімен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Делегация атап өткендей, Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал мен бизнесті дамытуға жағдай жасалған. РФ Омбы делегациясына инвестицияны қолдау саласындағы жаңа мемлекеттік шаралар, Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының мүмкіндіктері, сондай-ақ елдің басым салалардағы потенциалы таныстырылды.

Іс-шараны ашқан Константин Чуловский Қазақстанның экономикалық өсу қарқынын, жоғары инвестициялық тартымдылығын оң бағалап, ресейлік бизнес тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Ол РФ Омбы облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 380 млн доллардан асқанын айтып – біздің ел Омбы өңірі үшін нөмірі бірінші серіктес екенін алға тартты.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілі Алтынай Мұқанова Қазақстандағы бизнес-климат, сондай-ақ оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол сондай-ақ өз сөзінде іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның экономикалық дамуындағы жетістіктерімен, Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалық бағыттарымен, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің елдегі инвестициялық климатты одан әрі жетілдіру бойынша қабылдап жатқан шараларымен таныстырды.

Өз тарапынан РФ Омбы компанияларының өкілдері жиналғандарды өздерінің қызмет аясымен таныстырып, Қазақстан-Ресей инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты көзқарасын ұсынып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

РФ Омбы делегациясының Нұр-Сұлтанға сапары аясында «Омбы аграрлық ғылыми орталығы» мен «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ арасында келіссөздер жүргізілді. Қонақтар А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болып, олар дәнді, бұршақ, көпжылдық шөптер мен картоп өсіру және тұқым шаруашылығы тәжірибесімен, сондай-ақ, экологиялық таза әдістер мен энергия үнемдейтін техникалық құралдар негізінде астық, бұршақ және мал азықтық дақылдардың агротехнологияларын жетілдірумен танысты.

РФ Омбы делегациясының «Astana Invest» басшылығымен кездесуі барысында ресейлік компаниялармен, атап айтқанда «Омбы электромеханикалық зауыты» АҚ және «BIORESURS» ЖШҚ, бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі қазақстандық компаниялардың тізімін дайындау туралы келісімге қол жеткізілді.