Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері эхинококк диагнозы қойылған 4 жасар балаға ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Науқас баланы қалалық клиникалық балалар ауруханасына 11 мамыр күні жедел жәрдем қызметкерлері жеткізген. Дәрігерлер пациентті рентген, компьютерлік томография тексеруінен өткізіп, өкпесінің оң жақ бөлігінен эхинококк кистасын анықтаған.
«Эхинакокк кистасы анықталған соң баланы дереу отаға дайындадық. Операцияны 13 мамыр күні жасадық. Баланың өкпесіне ашық түрде ота жасалып, құртты кистамен бірге алып шықтық. Құрт баланың кеуде қуыс аймағын жайлаған. Бір сағатқа созылған операция сәтті өтті», дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әкім Түлкібаев.
Науқас бір күн жансақтау бөлімінде жатып, ертесіне бөлімшеге ауысқан. Денсаулық жағдайы жақсарған бала ауруханадан 18 мамыр күні шықты.
Дәрігерлердің айтуынша, эхинококкоз ауруының қоздырғыштары ит, мысық және төрт түліктен жұғуы мүмкін. Сонымен қатар дұрыс пісірілмеген ауру малдың еті де мұндай аурудың себебіне жатады.