2022 жылғы 20 мамырда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Ашхабадқа жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердымухамедовпен кездесу барысында биылғы жыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толатын айтулы жыл екені атап өтілді.
Тараптар сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 24-25 қазандағы Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ сапар аясында Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасарлары Шахым Абдрахмановпен, Чары Гылыджовпен және Эсенмырат Оразгельдиевпен жеке келіссөздер жүргізілді, онда экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың практикалық шаралары егжей-тегжейлі қаралды.