• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2022

Өнерпаз өрендер тәнті етті

381 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жарияла­ған болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздің әр өңірінде игілікті іс-шаралар ұйым­дастырылып, өскелең ұрпаққа тиісті қолдау көрсетілуде.

«Балалар жылы» аясында Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылын­дағы Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде «Отбасы күніне» орай мерекелік кеш өтті. Аталған өнер мекемесінің ұжымы мен шәкірттері кеш көрігін қыздырып, өнер көрсетті.

Концерттің ашылу салтанатында әуелі саз мектебінің мұғалімдері мен түлектерінен құралған ансамбль Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентай» күйін орындады. Ал дәстүрлі ән сыны­бының ұстазы Гүлназ Әлімқұлова оқушысы Элизат Ануарбекпен бірге көпшілікке қазақтың дәстүрлі әндері­нің қорынан попурри тарту етті. Бұдан кейін пианистер «Алғашқы көктем» шығармасын көпшілік назарына ұсын­ды. Кеш барысында бес бірдей аспапты шебер меңгерген балғындар да сахнада өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Концерт соңында Алдияр Әбді­жалил «Мақтанышым – Отаным» әнін нақышына келтіре шырқап, көрер­мен­нің ықыласына бөленді.

Кенен Әзірбаев атындағы аталған балалар саз мектебі 1973 жылы ашыл­ған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар өнер шаңырағы содан бері талай белесті бағындырып келеді. Осы уақыт аралығында білім ошағынан түлеп ұшқан саз өнерінің шеберлері бүгінгі таңда көпшілікті талантымен тәнті етіп келеді. Білікті мамандардың тәрбиесін көрген балалар республикалық және облыстық түрлі байқауда топ жарып жүр.

 

Жамбыл облысы