Толассыз жаңбыр салдарынан Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылының үш көшесін су басты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір жаңбыр тоқтап, су деңгейі төмендеген.
«22 мамыр күні сағат 17:30-да әлеуметтік желілерге шолу барысында Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылының көшелерін су басып жатқаны анықталды. Бірақ төтенше жағдай қызметіне су басу жөнінде хабарлама түспеген. Анықталғандай, қатты жауын салдарынан Панфилов, Жандосов, Тобаяқов көшелерінен және бір үйдің ауласынан су қатты ағынмен өткен. Үйлердің ішін су баспады. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, қатты жауын тоқтады. Судың мөлшері төмендеді», делінген ТЖД хабарламасында.
Оқиғадан зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазір ТЖД қызметкерлері мән-жайды анықтап жатыр. Сонымен қатар Байғазы ауылында жауын-шашын салдарынан өзендегі су деңгейі көтеріліп, ауыл тұрғындарының бірнеше ауласы мен бақшасы су астында қалды.
«Өзен арнасынан шыққан су Абай көшесінің бойымен өтіп, Абай көшесінің бойындағы екі бақша мен тұрғын үйлердің аула аумағын жартылай су басқан. Құрбандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ ғимараттардың қирау жағдайы тіркелген жоқ, жағдай тұрақты», деді ведомство өкілдері.
Оқиғаның себебін анықтау үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ауылдарға аттанды.