Қазақстан Қарулы Күштері тарихында десантшылар тұңғыш рет түнгі жағдайда су кедергілерін еңсере отырып жүріп отті
Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында Аэроұтқыр әскерлері тұңғыш рет түнгі жағдайда судан өту қимылдарын жүзеге асырды. 200-ден астам ауыр және дөңгелекті техника шынайы жауынгерлік жағдайда су кедергілерін кесіп өтті. Осы мақсат үшін инженерлік бөлімшелер Іле өзеніне понтонды көпір қойды. Түн қараңғылығында осы көпірден артиллерияның сүйемелдеуі арқылы десантты-шабуылдаушы бөлімшелердің техникалары жүріп өтті. Өзеннен өту қимылдары Аэроұтқыр әскерлерінің бөлімшелері қатысқан бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулар шеңберінде жүргізілді. Осының алдында ғана таңғы сағат алтыда 4 гарнизонның бригадалары дабыл бойынша көтерілген болатын. Бірнеше шақырымдық марш жасаған бөлімшелер Іле өзенінен өту үшін лектерді жасақтау ауданына топтасты. Осымен бір мезгілде бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуға қатысушылар парашют арқылы тікұшақтан десант түсіруді жүзеге асырды. Түнгі жағдайда өзеннен соғыса жүріп өту жеке құрамға біліктері мен машықтарын сынақтан өткізуге, ал Аэроұтқыр әскерлерінің басшылығына әскерлер тобын басқаруда мәселелерді пысықтауға мүмкіндік берді. Бөлімшелердің өзара нақты іс-қимылдары және олардың шоғырлануы, әскерлерді сауатты басқару оқу-жаттығудың осы кезеңінің жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жеке құрам мен техниканы жауынгерлік мақсаттағы ауданға дер кезінде жеткізуді қамтамасыз ете алды. Оқу-жаттығудың бұл кезеңі «Skylark» ұшу аппаратын пайдаланумен жүзеге асты. Барлаудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын қолдану жердегі техниканы тартпай-ақ және жеке құрамның өміріне еш қауіп төндірмей қажетті ақпараттың үлкен көлемін алуға мүмкіндік береді. Бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес өтуде. Қазіргі уақытта 2,5 мың адамнан тұратын әскерлер тобы мен 500-ден астам әскери техника Алматы облысындағы Көктал полигонына шоғырланды. Оқу-жаттығудың шешуші кезеңі барысында Аэроұтқыр әскерлерінің бөлімшелері шартты қарсыласты қоршау және жою сияқты арнайы әскери қимылдарды жүргізетін болады. «Егемен-ақпарат».