Павлодар облысының орталығындағы М.М.Катаев атындағы оқушылар сарайының алаңында «Балалық шақтың аспаны» атты балалар фестивалі өтті. Сән-салтанаты келіскен іс-шара балдырғандарға Балалар жылының шаттығын сезіндірді.
Облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмаханның айтуынша, фестивальдің мақсаты – балалардың шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту және қолдау, бос уақытты тиімді өткізуге баулу. Балалар жылын мерекелеу аясында бір ай ішінде әртүрлі іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.
Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко Балалар жылы тартымды өтуі үшін ересектер бар күш-жігерін салуы керек екенін айтты.
– Барлық ұйымдастырушыларға, мұғалімдерге, оқытушыларға, ата-аналарға алғыс айтамын. Олар фестивальді қызықты өткізуге белсенді атсалысты. Біздің өңірде балаларды әлеуметтік қолдаудың ең ірі пакеті бар. Бұл ретте қамқорлық іс-шаралары үздіксіз жалғасатын болады, – деді И.Теренченко.
Фестивальде қала мектептерінің оқушылары үшін ойын-сауық бағдарламасы, түрлі ойындар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Павлодар облысы