Өткен айда Үкімет инфляцияны ұстап тұруға қажетті құралдардың бәрі бар екенін, баға тұрақтылығын басты назарда ұстайтынын айтқан еді. Бірақ сәуір айының қорытындысы бойынша инфляция 12 пайыздан 13,2 пайызға, азық-түлік бағасы бірден 2,5 пайызға көтеріліп, Ұлттық банк пен Үкіметті жоспарынан біраз жаңылдырғандай болды. Алайда, Үкімет бірқатар шұғыл әрі тиімді шаралар қабылдап, бағаның бағынбай кетуіне жол бермей отыр. Бірақ нарық бағасын күштеп ұстап тұруымен келіспейтін сарапшылар да бар. Олардың ойынша, «кейінге қалдырылған инфляцияның» зияны да аз емес...
Экономистер инфляцияны тізгіндеп, экономика өсімін де қатар ұстап отыру Ұлттық банк пен Үкіметке қиынға соғып тұрғанын айтады. Белгілі экономист Алмас Чукиннің пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, инфляцияның биылғы шекті межесі – 10 пайыздық көрсеткішті ұстап тұру елімізге оңай болмай тұр. Жылдың алғашқы тоқсанында оның деңгейі 12 пайыздан асып кететіні белгілі болды. Ал былтырғы ресми көрсеткіш – 8,7 пайыз. Демек 2021 жылдан бері қалтамыздағы қаржы 1,5 пайызға жұқарып қалды деген сөз.
«Инфляцияны қолдан тежейтін мүмкіндік аз. Ұлттық банк пен Үкіметтің қаржы-несие саясаты бір-бірімен ымыраласа жұмыс істемейді. Үкімет министрліктер мен әкімдер арқылы қаржыны жұмсаудың тетіктерін іздейді. Ал Ұлттық банк болса, баға мен теңгенің тұрақтылығына жауап береді. Сәуір айының қорытындысы бойынша Ұлттық банк валюта нарығында интервенция жүргізбегенін айтты. Бірақ алтын-валюта қорының кемігені өткен айда белгілі болды. Шынында, Ұлттық банктің валюта қорынан алтын сатып алу немесе сатуын интервенция деп қабылдау қажет», дейді А.Чукин.
Сарапшылар Қазақстанның ғана емес, ЕАЭО елдерінің нарығы да қыспақта қалып қойғанын айтып жатыр. Инфляцияның шекті дәлізден асып кетуінің бірден-бір себебі де осы. Санкциялар салдарынан ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлттық валюталары құнсызданып, баға аспандап кетті. Мысалы, наурыз айында тұтыну бағасы 12 пайызға өскен кезде Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды бекітті. Одан соң кәсіпкерлердің ұсынысымен дағдарысқа қарсы шаралармен айналысатын шұғыл топ құрылып, Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға әсерін әлсірету керек деген шешім қабылданды.
2021 жылдың екінші жартысында коммуналдық төлем, ақылы қызмет көрсетудің басқа салаларында да бағаның айтарлықтай өскені байқалды. Сарапшылар сол кезде мұның кері әсері 2022 жылы да жалғасатынын айтқан. Биылғы инфляцияны шикізат бағасының өсуі мен теңгенің әлсіреуі жеделдетіп жіберді. Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, инфляцияны белгіленген дәлізде ұстап тұру үшін қосымша шаралар қабылдануы мүмкін: Үкімет қолға алуы мүмкін шаралардың қатарына отандық тауар өндірушілерді жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламалары да қабылдануы мүмкін. Сарапшы түсіндіріп өткендей, Үкімет контрциклдік саясаттың орнына қайтадан циклдік саясат жүргізіп жатыр. Контрциклдік саясат кезінде мұнай бағасы жоғары болған кезде трансферттер азаюы керек, мұнай бағасы төмен болған кезде трансферттер көбейеді. Ал елімізде бәрі керісінше. Сондықтан қымбат мұнай инфляцияны көтеріп жібермеу үшін бізге контрциклді бюджет саясаты керек. «Контрциклдік саясат бойынша мұнай бағасы қымбат кезде Үкімет мемлекеттік шығындарды шектеп, мұнай долларын Ұлттық қорға жіберуге тиіс. Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке түсетін трансферттерді барынша азайту инфляцияның бақылаудан шығып кетуіне жол бермей, экономиканы артық мұнай долларынан тазартады. Ал мұнай бағасы төмендеген кезде мұнай қорын экономикалық өсуді ынталандыру үшін пайдалану керек», дейді М.Темірханов.
Экономист-сарапшы Үкіметтің инфляцияны тежеуге бағытталған шешімдеріне көңілі толмайтынын жеткізді. Бағаның қазіргі деңгейіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне мораторий енгізу туралы бұйрығы да салмақ беріп тұр. Бағаны тұрақтандыру үшін бөлшек сауда желілерімен жарты жылға келісім жасалды. Кесімді мерзім шілде айында аяқталады. Жанар-жағармай бағасының лимиті, коммуналдық қызмет ақысын өсіруге алты ай мораторий, тіпті бағаны тұрақтандыру үшін берілген субсидияның бәрі нарық заңына қайшы. Мұны нарық тілінде «кейінге қалдырған инфляция» деп айтады.
«Экономиканың өз заңы бар. Экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі болса, бізге сырттан да, іштен де қысым көбейіп, Үкімет пен Ұлттық банктің міндеті тек қана «өрт сөндірушінің» қызметімен шектеліп қалуы мүмкін», деп сөзін түйіндеді сарапшы.
АЛМАТЫ